Мән-жайға қанықты

Мәжіліс депутаттары «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, оларды толғандырып жүрген түрлі сауалдарға жауап берді және бірқатар азаматтарды жеке бастарының мәселелері бойынша қабылдады.

 

Кездесуді  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов ашып, жүргізді. Кездесуге Мәжіліс депутаттары Майра Айсина, Жанат Омарбекова, Сапархан Омаров, Юрий Тимощенко және Михаил Чирков қатысты. Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова елімізде жүргізіліп жатқан үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жайына тоқталып, ертеректе қабылданған «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның үкіметтік емес ұйымдарды дамытуға үлкен серпін бергендігін атап өтті. Бүгінгі күні елімізде тіркеліп, жұмыс істеп жатқан екі мыңнан астам үкіметтік емес ұйымдар бар екен, ал, тіркелмегендерін қосқанда он бес мыңнан асып жығылады. Олар ел өміріне қатысты көптеген маңызды салалар бо-йынша белсенді жұмыстар жүргізуде. Үкімет уақыт өткен сайын өз құзыретіндегі көптеген мәселелерді үкіметтік емес ұйымдарға жүктеп, осыған орай олардың қызмет ауқымы да кеңейе түсуде. Халық қалаулысы өзінің де бір кезде үкіметтік емес ұйымда жұмыс істегендігін айтып, бүгінде бұл салада еңбек ететіндерді толғандыратын тіркелуге және мемлекеттік сатып алуларға қатысты мәселелерге байланысты сауалдарыңыз болса қойыңыздар деді. Жиналғандар тарапынан депутатқа көптеген сауалдар қойылып, заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар айтылды. Мәселен, ауған соғысы ардагерлері заң жүзінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілгендігіне қарамастан, оларға ешқандай жеңілдіктер жоқ. Тек Көкшетау қаласының өзінде 230 ауған соғысының ардагері тұрады, ал, олардың облыстағы саны – 946. Олардың арасында баспанасыз жүргендері де аз емес. Осы орайда, заң жүзінде Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген ауған соғысы ардагерлеріне  нақты жеңілдіктер  қарастырылса деген ұсыныс айтылды. Сонымен бірге, ұзақ жылдардан бері қабылданбай келе жатқан «Ардагерлер туралы» заңның қашан қабылданатыны жайлы да сауал қойылды.  
Кездесуге қатысқан халық қалаулылары депутаттық жұмыстары жайында жан-жақты баяндап берді. Биылғы жылы барлығы 84 заң жобасы Парламент қабырғасында талқыланса, олардың 67-сі қабылданып, күшіне енген. Кездесу соңында  заң шығарушылық жұмыстарға қатысты өз ұсыныстарын айтып жүрген бірқатар белсенді үкіметтік емес ұйымдардың мүшелеріне Мәжіліс депутаттары Алғыс хат тапсырды.
Бұдан кейін халық қалаулылары бірқатар азаматтардың жеке басының сауалдарына байланысты қоғамдық қабылдау өткізді. Зеренді ауданы, Қоныспай ауылынан келген жеке кәсіпкер Алик Шүкенов «Даму» қоры арқылы несие алуға байланысты туындаған қиындықтар жайлы айтып, депутаттардан көмек сұрады. Ол кондитер цехын ашу үшін қажетті жер телімін үш жыл мерзімге жалға алған екен. Несие беретін банк жалға алу мерзімі кем дегенде тоғыз жыл болуы керек деген талап қойған. Осы орайда, депутаттарға құзырлы орган облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Римма Қарымсақова мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ бас менеджері Ерболат Едігеев жауап берді.  Шешуі қиын күрделі мәселеге орай Алик Шүкеновке халық қалаулысы Майра Айсина мәселенің жайын жазбаша жазып беруін, кейінірек мүмкіндігінше көмек көрсетілетінін айтты. Қоғамдық қабылдауға келген барлық азаматтар өздерін толғандыратын мәселелер жайында халық қалаулыларынан толыққанды жауап алып,  қолдан келгенше заң шеңберінде көмек көрсетілетінін естіп білді. Олардың бірқатары жергілікті атқарушы органдар тарапынан шешілетін болса, енді біреулері заңнамадағы олқылықтарға қатысты туындаған мәселелер.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар