Мол астықтың негізі қалануда

Облыста бүгінгі таңда егіс алқаптарын күтіп-баптау жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, біздің тілшіміз облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Жұмабек Әбуовке жолығып, осы науқанның барысы жайлы айтып беруін өтінген еді.

  – Өнім көлемі егістікті дұрыс өңдеп, күтуге  байланысты екені әмбеге аян. Дәл қазір егістік алқаптарын өңдеу қаншалықты деңгейде жүзеге асырылуда?
– Өңірдің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілері орақ жұмыстарын аяқтағаннан кейін бірден пар өңдеуге кірісті. Бірінші із бойынша 660 мың гектар алқаптың, екінші ізбен 324 мың гектардың пары өңделді. Бүгінгі таңда парлар өңдеу жұмысы жалғасуда. Екінші ізбен пар өңдеу жұмысы он күннің ішінде аяқталады. Жалпы, келесі жылдың көктемгі егіс жұмысына дейін пар үш-төрт мәрте өңделеді. Сондай-ақ, парларға минералдық тыңайтқыш енгізілуде. Биыл 6-7 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу көзделген. Егіс алқабын күту маңызды. Биылғы жылы 4,3 миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, 250 мың гектарға майлы дақылдар сіңірілді. Сөйтіп, әртараптандыру бойынша барлық меморандумның көрсеткішін орындадық. Егіс алқаптарын арамшөптерден қорғау да маңызды. Осы орайда, 2 миллион 420 мың гектар алқапта арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді. Химиялық дәрі-дәрмектер жеткілікті. Бес күннен кейін бұл меже 4 миллион гектарды құрайды. Химиялық өңдеу жұмысын барлық алқаптарда жүргіземіз. Бұл сапалы әрі мол астық алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет есебінен шегірткеге қарсы 36 мың гектар алқап, кейін 20 мың гектар жер өңделді. Егіс алқаптары тиісті деңгейде күтілуде. Жақын күндері республикалық бюджет есебінен бидай ауруына қарсы химиялық өңдеу жұмысын жүргіземіз. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен барлық алқаптағы аурудың 60 пайызы химиялық жолмен өңделді. Септориоз ауруы бойынша 800 мың гектар алқапты өңдеу қажет. Оның 600 мың гектар жері бюджет есебінен, 200 мың гектары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер есебінен өңделеді.

 Бұл жұмыс та қазір қолға алынуда. Диқандардың көбі арамшөпті гербицидпен өңдеу кезінде аздап фунгицид қосады. Бұл дәнді дақылдардың ауруын жоюға мүмкіндік береді. Көптеген шаруашылықтар өз есебінен фунгицид қорын жасап, бюджеттен қаржы бөлінгенше алқаптарды өңдеуге кіріседі. Өткен жылы бұл бағытқа қаржы бөлінбеді. Дегенмен, химиялық препаратты өз қаржысына сатып алған шаруашылықтар сапалы әрі мол астық алды. Сондықтан, әр ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз мүмкіндігінен үміттенгендері жөн. Келешекте әр шаруашылық өз есебінен химиялық препарат сатып алады. Кейін оның елу пайызы мемлекет есебінен субсидияланады.
– Осы жұмыстарға субсидия бөліне ме?
– Биылғы жылы өңірдің ауыл шаруашылығы құрылымдарына
10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Оның 560 миллион теңгесі тұқым жаңартуға, 1,5 миллиард теңгесі тыңайтқыш сатып алуға бағытталды. Жергілікті диқандардың бәрі минералдық тыңайтқыш енгізудің маңызын түсінді. Бұл бағытта бюджеттен тағы да 900 миллион теңге сұрап отырмыз. Биыл да өткен жылдағыдай 34 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Гербицидтер бағдарламасы бойынша қаржы толық бөлінді. Осының арқасында химиялық өңдеу жұмысы жүргізіліп, егіс алқаптарын арамшөптерден қорғауға мүмкіндік туды. Өңірде былтырғы жылдағыдай жаңбыр көп жаумай тұр. Жаңбыр мол болса, мол астықтан үміт күтуге болады. Жергілікті жерлерде мол астық алу мақсатында барлық жұмыстар атқарылуда.
   – Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар