Ауылдың жағдайына бойлады

Облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сапархан Омаров Ақкөл ауданында болып, «Хлебороб» серіктестігінің және аудандық аурухананың ұжымдарымен кездесіп, заң шығарушылық бағытындағы атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндады және жұртшылықты толғандырып отырған жекелеген мәселелер жайында пікір алмасты.

 

Халық қалаулысы алдымен «Хлебороб» серіктестігінің еңбек ұжымымен кездесті. Депутат заң шығарушылық бағытында атқарылған жұмыстар жайында әңгімелеп, әсіресе, ауыл тұрғындарының өміріне қатысты жекелеген заңдарға тоқталып кетті. Бұдан кейін серіктестік директоры  Владимир Стихиляс шаруашылықтың жұмысы жайында баяндап берді.  Елорданың азық-түлік белдеуін жасау бағдарламасына қатысатын шаруашылық жүзден астам адамды еңбекпен қамтып отыр. Егіншілікпен қоса, мал шаруашылығы да оң жолға қойылған. Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі саналатын серіктестік халықты әлеуметтік қолдау шараларына да белсене қатысады. Шаруашылық ауылдағы әлеуметтік нысандарды ұстауға үлкен қолдау көрсетуде. Биылғы жылы жақын маңдағы бес
ауылды жалғастыратын Наумовка-Ерназар тас жолын жөндеуге қаржы бөліп, қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Серіктестік директоры атқарылып жатқан жұмыстармен бірге, халық қалаулысына жұмысқа қиындық келтіріп отырған жайлар туралы да бүкпесіз айтып берді. Ауыл шаруашылығына мемлекет тарапынан миллиардтаған теңге субсидия бөлініп жатады. Дегенмен, сол субсидия-ны алуда көп қиындықтар бар. Осыған орай, шаруашылық басшысы субсидия алуға қажетті құжаттар санын қысқарту және шығынды жабу пайызын төмендету арқылы субсидияны алатындар санын көбейту жайындағы өз ұсынысын айтты. Мәжіліс депутаты өз кезегінде серіктестік басшысының бұл ұсыныстарын құзырлы органдарға жеткізетінін мәлімдеді.
Сол күні Сапархан Омаров Ақкөл қаласындағы аудандық ауруханада болып, жұмысымен танысты және еңбек ұжымымен кездесті. Ауруханадағы кездесуде  міндетті медициналық сақтандыруға қатысты  депутатқа бірқатар сауалдар қойылып, толымды жауаптар алынды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар