Кез-келген ұжымның ісінің оңға басуы, тепкен тасының өрге домалауы ең алдымен екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған басшысына тікелей байланысты.

 Кез-келген ұжымның ісінің оңға басуы, тепкен тасының өрге домалауы ең алдымен екі тізгін, бір шылбырын қолына ұстап отырған басшысына тікелей байланысты.

Бұл өмірдің өзі дәлелдеген ақиқат. Егер басшы шаруашылықтың қыр-сырын бес саусағындай біліп, толайым меңгеріп, замананың талабына сай жұмыс істей білетін болса, міндетті түрде көптің көсегесі көгереді. Бұл пікірімізге дәйекті дәлелді алыстан іздеудің де еш қажеттігі жоқ. Аудандағы әр шаруашылықтың тыныс-тіршілігі, ылдиы мен өрі, күнгейі мен көлеңкесі тұп-тура алақандағыдай көз алдымызда.
Ижевский шаруашылығының бағын жандырған, сөз жоқ іскер басшы – Ибрагим Жанғоразов. Ол кезде жас әрі жігерлі болатын. Келешегінен үлкен үміт күттіретін басшы-тұғын. Әрине, бірден шаруашылық басқарып кете қойған жоқ, оның алдында осы ұжымда зоотехник, бөлімше меңгерушісі, бас зоотехник тәрізді сан алуан қызметтерді атқарды.
Тағдыр жолы қызық қой. Кейде тіпті, үш ұйықтасаң түсіңе енбейтін өзгерістер орын алып жатады. Негізінде, Ибрагим Дәуітұлы қызмет қуып, басшылыққа ұмтылған адам емес. Аудандық партия комитетіне шақырды, сөйлесті, ұсыныс жасады. Сөздің сырағысы үшін ұсыныс деп айтамыз ғой, әйтпесе, кеңес заманындағы ұсыныстың өзі бет қаратпайтын бұйрық іспетті еді ғой. Партия қаласа қайда бармақшысың.
Міне, осы күннен бастап, кейіпкеріміздің қиындық пен қызыққа толы, бейнет пен берекесі орайлас келетін, кең тынысты, келісті, кейін аңызға айналған, аңыз болғанымен, ақиқатқа бір табан жақын жасампаз жаңа дәуірі басталды. Шаруашылықты қабылдап алған кезінде жүрегі де шайлыққан шығар. Қарыз бастан асып жатқан. Несиенің өзі 4 миллион 800 мың рубль. Ол кезде бұл өте көп қаражат. Шаруашылықтың егістік жері қанаттас қоныстанған өзге шаруашылықтармен салыстырғанда көп те емес. Өнімі де орташа. Ал, етті жылына 200 тонна көлемінде өндіретін. Сәл ғана алға озып, соңғы жылдары осы көрсеткіштің 14 мың тоннаға жеткенін айтатұғын болсақ, өнім өндіру көлемінің қанша есе өскендігін өзіңіз де айқын шамалар едіңіз.
Ижевский селосының географиялық қоныстану ауқымы да екіұшты пікір тудырар еді. Қолайлысы – аудан орталығынан таяқтастам жерде. Дәл іргеде таспадай тартылған автомагистраль. Қолайсыздығы бір жағынан есіліп Есіл өзені, екінші жағынан теміржол өтіп, қос бүйірін қысып жатыр. Бірақ, мұның барлығы ілкімді істерді жүзеге асыра білетін, бес батпан бейнетке белін бекем буған жігерлі басшыны қорқыта алған жоқ. Бірден іске кірісіп кетті. Қалай дейсіз бе? Алдымен, шаруашылық жүргізудің аяққа тұсау болатын, кедергісі көп  ескі сүрлеуінен шығу қажет болды. Ит басына іркіт төгілген молшылық тәрізді болып көрінетін кеңес заманының соңғы жылдары берекесіздіктің белең алғандығы соншалықты көп нәрсені есептеу, үнемдеу ұмытыла бастаған. Әрі жылдар бойы табысы аз, өнімі шамалы болса да, таптауырын жолдан шыға қоймайтын. Ал, алымды да шалымды жаңа басшыға істің өнік болғаны қажет еді. Сөйтіп, 1976 жылы құс өндірісі бойынша «Вишневский» өндірістік бірлестігі құрылды. Әлгі өндірістік бірлестік 1997 жылы «Ижевский» өндірістік кооперативіне айналды.
Шаруашылықтағы оң өзгерістердің бастауы қиямет-қайым қиын дәуірмен тұспа-тұс келді. Бір кезде мұртын балта кеспейтіндей көрінетін кеңес өкіметі тарқап, оған дейін қалыптасқан экономикалық байланыс жүйелері үзіліп жатқан шақ болатын. Шаруашылыққа қажетті құс жемі, қосалқы бөлшектер, жаңа техника қасқалдақтың қанындай тапшы. Алда екі жол тұрған. Тәуекелге бел буып, барлық ыстығына күйіп, суығына тоңып шаруашылықты сақтап қалу. Сақтап қана қоймай, мысықтабандап алға ұмтылу. Екіншісі, бағы жанар-жанбасы белгісіз, берекесі оралары беймәлім осы шаруаны мүлдем тәрк етіп, үміт үзіп, қолын бір сілтеп, басы ауған жаққа жүре беру. Екінші жол тіпті де есепке енген жоқ. Өйткені, Ибрагим Дәуітұлы – ардың адамы. Өзінің ондаған жылдар бойы қолымен құрған шаруашылығын өтпелі кезеңнің өкпек желіне өкпелеп, тастап кетуі адамгершілікке мүлде жатпайды ғой. Ердің ісі емес бұл деп шешті ол. Қиындық қайда да бар, оңай дүние өз-өзінен оралып жатпайды ғой. Ендеше, күресу керек.

 

– Қос қақпаның арасынан жол таппай, аңдағайлап алға ұмтылғанда, «жарға біткен жантақты жанынан безген нар жейді» демекші, жаңалыққа ілесуді жөн көрдік,– дейді Социалистік Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов,–ілесу ғана емес, алдында жүрген ләзім. Ол дегеніңіз адамдардың бұрыннан сіреу болып қатып, қалыптасып қалған ойлау жүйесін өзгерту, жаңа технологиялармен жұмыс істеу, өндіріс көлемін кеңейту, еңбек адамдарының еңбекақысын дұрыстап төлеу. Одан басқа да толып жатқан қыр-сыры бар. Соның бәрін түйіндеп бір ауыз сөзбен айтқанда, жаңаша жұмыс істеу керек болды.
Ал, жұмыс қаржыға тірелетін. Қаржысы бар болғыр таптыра қоя ма? Амал жоқ, несие алуға тура келді. Дегенмен, бүгін қарызға белшесінен батса да, күндердің күнінде табысқа шығуы мүмкін еді. Өзі бүге-шігесіне дейін, тиын-тебенін шашау шығармай есептеген. Несиенің жылдық өсімі – 367 пайыз. Иә, қате оқыған жоқсыз, тура осылай. Ол кезде бұл несие түрі директивті несие деп аталатын. Осы несиені екі мыңыншы жылға дейін төлеп шықты. Табысқа кенелген кезде
ауылдастары басшының алты қырдың астындағыны көре білетін көреген екендігіне кәміл сенетін болды. Голландия мен Ресейден асыл тұқымды құс жеткізілді. Құс азығын қажетті құрама жеммен байыту жолға қойылды. Сөйтіп, кешегі шаруасы шатқаяқтап тұрған шаруашылық өндірістік алыпқа айналды. Алыптың да адымы кең ғой. Бұл сөзді былай түсінуге болады. Шаруашылықта жаңа технология жаппай қолданыла бастады. Жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ал, істің көзін білетін мамандар ше? Жалғыз мал шаруашылығы ғана емес, егістік алқаптарына да өзгеше өң бітіп, түлеп, түрлене түсті. Шаруашылықтың жағдайын жақсартуға құйылған қисапсыз көп қаржы жаңғыртудың арқасында жеткен жақсылыққа себепшісі болды.
Ол «Ижевский» өндірістік кооперативін жарты ғасыр бойы басқарып келеді. Шаруашылық қазір құс, мал және егістік дақылдарды өсіріп, мол өнім алу көрсеткіштері бойынша облысты былай қойғанда, тұтас елімізге үлгі боларлық ұжым.
–Табыс сыры қайда дейтін болсақ, – дейді Ибрагим Дәуітұлы, – былайша, сөз сабақтауға болар еді. Шынтуайтына келгенде мұның барлығы жалғыз менің еңбегім емес қой, бұл арада бас агроном Н.Рыжих, бас экономист З.Базиева, «Астана құс» асыл тұқымды шаруашылығы» серіктестігінің директоры В.Болховитин, құс фабрикасының бас инженері П.Халецкий, егістік бригадасының бригадирлері М.Жанғоразов, И.Трененков, А.Скворцов, Н.Карпухин, В.Иванов, бас мал дәрігері М.Ысқақов, құс фабрикасының атқарушы директоры С.Якупов және басқаларын айта кетуге болады. Көп қой, көп. Негізінде шаруашылықтың қарапайым жұмысшыларының бәрі дерлік өз ісіне мұқият, міндетіне адал адамдар.
Шынында да, солай. Өндірістік кооперативте жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүру, тіпті, ол туралы ойлау да орын ала қоймайды. Осында орналастың екен, жұмыс алдыңда үркіп отыруы керек. Сонда ғана құрмет пен қошеметке бөленесің. Ал, үлгі керек пе, ол да бар. Тіпті, көп. Соның ішінде ең бастысы, шаруашылықтың бас директоры Ибрагим Жанғоразов. Ұжым ішінде ғана емес, былайғы жерде де бағаланған, мемлекет тарапынан да екі «Ленин», екі «Құрмет Белгісі», «Еңбек Қызыл ту», «Октябрь Революция-
сы», «Достық», «Парасат», «Отан» ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Социалистік Еңбек Ері. Айтпақшы, «Ижевский» өндірістік кәсіпорны облыстағы үш бірдей адамы Социалистік Еңбек Ері атанған жалғыз шаруашылық. Ол Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды және  облыстық мәслихаттың бес шақырылымында халық қалаулысы ретінде сайланды. Қазақстан Республикасы құс өсірушілер одағының құрметті президенті, Сәкен Сейфуллин атындағы аграрлық институттың құрметті профессоры, Қазақстан Рес-
публикасы ауыл шаруашылығы академиясының құрметті академигі. Еселі еңбегіне орай алған марапаты бір басына жетерлік.
Еңбегі аңызға айналған, тыңнан түрен салған, шаруашылықты жаңаша ұйымдастырудың озық үлгілерін қалыптастырған ізденімпаз жан өзінің адал еңбегінің арқасында осындай биікке жетіп отыр. Өндірістік кәсіпорынды басқарып тұрған кезінде елді мекеннің абаттандырылуына, көркеюіне айрықша назар аударды. Бүгінгі таңда бұл жерде тіршіліктің түйткілді мәселелері жоқ. Тіпті, елді мекеннің қақ ортасында субұрқақ мөлдір тамшыларын жарқ-жұрқ еткізіп, биік көктен билете жаудырып, шаттықтың шырайын әйгілеп тұр. Жүрекше жапырағы жайқалған қаншама көшет отырғызылды. Өткен жылы ғана 48 пәтер тапсырылды. Ауыл тұрғындарының игілігіне алды гүлмен көмкерілген, ішкі жұмысы замандастарымыздың рухани қажеттілігін толайым өтейтін мәдениет үйі қызмет етеді.
Әкімшілік кеңсесіне кірсең, көңілің бірден тоғаяды. Істің көзін білетін, тәртіп пен тазалықты жаны сүйетін басшының талап-тілегі алыстан-ақ мен мұндалайды. Қазіргі таңда шаруашылықта төрт жүзге жуық адам жұмыс істейді. Бәрі бірдей осы селоның тұрғындары емес, іргедегі Аршалы кентінен келіп істейтіндер де бар. Өйткені, мұнда жыл бойы жұмыс бар. Еңбекақы да ай сайын кешіктірілмей төленеді әрі еткен еңбегіңе орай толымды да. Одан артық қарапайым адамға не керек. Ибрагим Дәуітұлы қысылғанға қол ұшын беріп, демеушілік көрсету жағынан жомарт. Өйткені, жалғыз өз селосы ғана емес, жалпақ ауданның алға ұмтылған жақсылық ісіне жанашырлық жасау міндеті іспетті.
Тіршілікте адамның алдына қойған мақсат-мұратының бәрі тап-тұйнақтай орындала берген бе? Бәлкім, ойға алғанының орындалмай қалғаны да бар шығар. Бұл жөнінде кейіпкеріміздің өзі былай дейді.  
– Менің басшылық қызметтегі алғашқы күннен алдыма қойған міндетім, түптің түбінде шаруашылықты табысты салаға айналдыру болды. Ол үшін жоғары өнімді технологияларды қолдана отырып, төрт түлік мал мен құстың тұқымын асылдандыруды мақсат тұттым. Сондай-ақ, егін шаруашылығын да ғылыми агротехникалық шараларды қолдану арқылы тиімді етуге тырыстым. Қазіргі күні біз осыған қол жеткізіп отырмыз. Бірақ, шыққан биігімізді місе тұтып тоқтап қалсақ, тоқырау басталар еді. Тоқырап қалмас үшін алға тырмысу керек. Сонда ғана заманның алдында жүресің, арманың орындалады.
Иә, арманы ақиқатқа айналған екі адам болса, бірі осы біздің кейіпкеріміз.
Павел КЕЦЛЕ.   
Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар