Германия экономика және энергетика федеральді министрлігінің делегациясы Ақмола облысының Қосшы ауылындағы инновациялық жобаға жоғары баға берді.
ТаяудаГермания экономика және энергетика министрлігінің мемлекеттік хатшысы Уве Бекмайер жетекшілік еткен делегация ресми сапармен Астанада болды. Сапар барысында министрліктің тапсырмасына орай «Сапа су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің зауытында болып, мұндағы тыныс-тіршілікпен танысты.
Меймандарға өндірістің шешуші кезеңіндегі осы заманғы неміс құрал-жабдықтарының арқасында өндірілетін темір-бетон өнімдерін көрсетті. Оларды әсіресе, «Іскерлік байланыс» жобасы және басқарушы кадрларды дайындау бағдарламасының шеңберінде оқытылып үйретілген қазақстандық үйренушілердің қандай нәтижеге қол жеткізгендіктері қызықтырды. Кәсіпорынның коммерциялық директоры Таир Муралиев бүгінгі күні зауыт өнімінің Астанада ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінде де үлкен сұранысқа ие екендігін айтып берді. Зауыттың өндіріс қуатын арттыруға әлі де мол мүмкіндігі бар.
–Бұл Қазақстан мен неміс кәсіпорындарының арасындағы әріптестіктің жақсы мысалы. Бұл жерде шын мәнінде сапалы өнім өндірілуде,–деп атап өтті Уве Бекмайер.
Аталмыш шараға Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов та қатысты. Ол зауыттың республикалық индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағлдарламасы шеңберінде ашылып отырғандығын, біздің өңір үшін маңызды әрі мәнді жоба екендігін, Қазақстан-Герман әріптестігінің жарқын мысалы болып отырғандығын айтып өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.