Облыс орталығында биылғы жылы «Ақмола облысында жүзеге асырылып жатқан үздік әлеуметтік жобалар» көрме-конкурсы болып өтті.
Шараға өңірдегі қоғамдық бірлестіктер, мүгедектер ұйымы, өзге де мекемелер мен ведомстволар, жеке тұлғалар және қаржыландыру көздерінен тәуелсіз әлеуметтік қорғау жүйесі аясында жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Көрме-конкурсты қоғамдық бірлестіктерге қолдау көрсету, әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындардың, оның ішінде өмірдің қиыншылығына тап болған мүмкіндігі шектеулі адамдардың тұрмыс сапасын жақсарту мақсатында облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы ұйымдастырды. Конкурсқа Көкшетау қаласы мен он бір ауданда жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік жобалар қатысты. Олардың ішінде «Мүгедек балалар үшін арнайы әлеуметтік қызмет көрсету жөніндегі «Өмір» отбасылық тәрбиелеу орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Ештеңеге алаңдамай, өмір сүр» әлеуметтік жобасы үздік деп танылды. Жоба жетекшісі Юлия Сәрсекеева өз сөзінде отбасылық тәрбиелеу орталығы жүйке сырқатымен ауыратын балаларды оңалту үшін бұдан бір жыл бұрын құрылғанын айтып өтті. Бұл бағдарлама балаларды оңалтып, сауықтыруға және ата-аналарды арнайы біліктілікке оқытуға көмектеседі. Бүгінгі таңда орталыққа үш жас пен он жеті жас аралығындағы 25 бала келеді. Бағдарламаға бассейндегі сабақ, иппотерапия, театр студиясында өнер көрсету кіреді. Облыстық іріктеу турының жеңімпаздары кубокпен және дипломмен марапатталып, арнайы сыйлықтың иелері атанды. Шараның өзге де қатысушыларына Алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді. Конкурстың соңғы шарасы биылғы жылдың қыркүйегінде Астанада өткізіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.