Лап еткізу оңай, сөндіру қиын

Өңірлік коммуникация-лар қызметінде өткен брифингте облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов қазіргідей жаз айларында орман-тоғайлар мен далалы жерлерде өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау және осы орайдағы бүгінгі жағдай туралы айтып берді.

 

Департамент бастығының айтуынша, биылғы жылы облыс аумағында бес жүзге жуық әртүрлі өрт оқиғасы орын алған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 15,5 пайызға көп. 63,5 гектар орман алқабында 19 өрт оқиғасы тіркелді. Материалдық шығын 10,4 миллион теңгені құрады. Жалпы 632,3 гектар алқаптағы құрғақ шөптің өртке шалынуының 75 оқиғасы болды. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда орман өрті 15,8 пайызға артқан. Өрт қаупі бар мезгілге дайындық аясында департамент жергілікті атқарушы органдармен бірге облыс әкімінің қаулысымен «Орман өртінің алдын алу бойынша шаралар және облыс аумағындағы өртпен күрес жөніндегі» шаралар жоспарын бекіткен болатын.
Мамыр айында департамент жергілікті атқарушы органдармен және орман шаруашылықтарымен Бурабай ауданындағы Ұрымқай орман шаруашылығының аумағында орман өртін сөндіруді ұйымдастыру мәселесі жөнінде сабақ және «Өрт-2017» тактикалық-командалық штабтық оқу-жаттығу өткізді. Бұл шараларға көршілес Еңбекшілдер мен Бұланды аудандарының құрылымдары тартылды.
– Биылғы жылы космостық мониторинг қызметін пайдалану үшін «Қазақстан ғарыш сапары» акционерлік қоғамымен келісім-шартқа отырдық. Космостық мониторинг барысында 30 от ошағы анықталып, жедел сөндірілді. Мамыр айында департамент қауіпті аумақта және орман алқаптарында орналасқан орман шаруашылықтарын, балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалыс орындарын, сондай-ақ, пансионаттар мен шипажайларды зерттеді. Өрт қаупі бар маусымда өртпен күрес үшін департаментте 199 бірлік техника мен 3 су сорғыш станциясы, 506 ранцевтік от сөндіргіш, 13 мотопомп дайындалған. Орман шаруашылықтары 24 орман өрті станциясын, 40 өртті бақылайтын мұнараны, 83 өрт автокөлігін, 52 өрт мотопомпасын дайындады. 113,4 тонна жанар-жағармай қоры жасалды. Қосымша 175 су тасығыш көлік, қондырғылар тіркейтін 281 трактор және ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің 196 арнайы техникасы есепке алынды,– деді Алексей Советов.
Өрт қаупі бар мезгілде облыстың мемлекеттік орман қоры Зеренді, Бурабай және Ақкөл аудандарында орналасқан үш авиациялық топпен бақыланады. Департамент ішкі істер департаментімен және орман шаруашылықтарымен бірлесе отырып мемлекеттік орман қоры аумағында өрт қаупін төндіретін белгілі бір жұмыс түрлерін жүргізуге тиым салды. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында бір облыстық, 19 аудандық жедел топ құрылды. Олар тұрақты түрде рұқсат етілмеген от жағуды  және орманды, далалы алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамауды анықтау бойынша рейдтер жүргізеді. Үстіміздегі жылғы 6 айдың қорытындысы бойынша аталмыш ережені бұзғандары үшін 32 адам жауапкершілікке тартылды. Өңірдің елді мекендері мен шаруашылық нысандарында 1762 адамнан тұратын 244 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылды. Құрылымдар арнайы техникалармен жабдықталды. Облыс аумағындағы 9 өрт бекеті болса, екеуі биыл ашылды. Жыл соңына дейін 5 өрт бекетін ашу жоспарланған.
Облыс аумағында демалыс пен балық аулауға лайық 754 өзен-көл болса, оның 149-ы қолдан жасалған. Нұра мен Есіл өзендерінде шомылу өте қауіпті. Бұл өзендерде соңғы үш жылда 25 адам, оның ішінде сегіз бала суға кетті. Биылғы жылдың шомылу маусымында адам өлімінің 11 фактісі тіркелді. Оның ішінде алты бала бар. Бұл оқиғалар Целиноград, Шортанды, Астрахан, Қорғалжын және Атбасар аудандарының су айдындарында орын алды. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдыру, өз күшін бағаламау өлімнің негізгі себептері болып отыр. Барлық оқиға күзетілмейтін өзен-көлдерде тіркелді. Құтқарушы бөлімшелер тек төрт су айдынының кейбір учаскелерін ғана бақылайды. Ал, нысандық құтқарушылар жекеменшік демалыс аумағының 40 учаскесінде жұмыс істейді. Облыстың су айдындарында қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін алдын алу шараларын уақытында ұйымдастыру мақсатында департамент құтқару бөлімшелерінде балаларды суға малтуға үйрету жөнінде оқу бағдарламасын және бұған қызығушылық танытқан мемлекеттік органдармен, шипажай, балаларды сауықтыру мекемелерінің басшыларымен бірлескен шаралар жос-парын бекітті. Департамент судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде тұрғындарды ақпараттандыру жұмысын белсенді жүргізеді.
Сондай-ақ, жергілікті полицейлер қызметімен бірге қауіпті өзен-көлдерде алдын алу рейдтері жүргізіледі. Демалыс үйлерінің басшыларымен бірлесіп қоғамдық құтқарушы бекеттерін құру жұмысы қолға алынған. Қазір мұндай 40 бекетте 130 құтқарушы жұмыс істейді. Қоғамдық құтқарушылар құтқарушы бөлімшелерінің базасында судан құтқару әдістерін және дәрігерге дейінгі бірінші көмек көрсетуді үйренеді. Департамент құтқарушылары облыстық білім басқармасымен және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасымен бірге балаларды суда малтуға үйретуде. Облыстың өзен-көлдерінде адамдардың суға кетуінің алдын алу жұмысы жалғасуда.
Брифинг соңында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов журналистер сауалына тұшымды жауап берді.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар