Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
СӘТ САПАР, АВТОКЕРУЕНШІЛЕР! - АРҚА АЖАРЫ

СӘТ САПАР, АВТОКЕРУЕНШІЛЕР!

Ерейментау ауданының тұрғындары  Ресей-Қазақстан-Қытай бағытымен өтетін «Жібек жолы-2017» Халықаралық автокөлік раллиінің бесінші кезеңіне қатысушыларды жылы шыраймен қарсы алды. Оған жақын және алыс шет ел делегациясы үн қосты. Раллиге жүк көліктері, эвакуатор мен тікұшақтар да жұмыла дем берді.
Айналасы жасыл желекпен көмкерілген, жұпар исі тынысыңды кеңітетін «Орман шаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің төңірегіне таңсәріден келіп жеттік. Бір күн бұрын ашық алаңқайға қонақ қабылдайтын киіз үй тігілген, тікұшақ қонып-ұшатын арнаулы алаң белгіленген. Жергілікті кәсіпкерлер де қала тұрғындары мен қонақтарына ас-суын, дәмін ұсынды. Мекеме жұмыскерлері самауырға ағаш бұтауда. Бұл сәтте өңірімізде алғаш рет өтетін мәртебелі шараны тамашалап қызықтауды жөн көрген қала халқы біртіндеп жан-жақтан жинала бастады.
Таңғы сағат жеті жарымда келіп жеткен Ақтөбе қаласындағы қазақстандық EURO-ASIA AIR фирмасының алғашқы тікұшағы ұшу алаңына келіп қонды. Аудан әкімінің міндетін атқарушы Алик Манадыров қонақтарды қарсы алды. Сәлден кейін ізінше тағы төрт тікұшақ келіп жетті. Әртүрлі модификациялы, HILLIX, IVECO, TATRA, МАЗ маркалы жеңіл және жүк көлігі іле-шала біздің жаққа қарай бағыт алды. Автораллиге қатысушылар 7 шілдеде Мәскеуден жолға шыққан. Қозғалыс картасы бойынша Мәскеу-Чебоксары-Уфа-Қостанай-Астана бағытымен жол жүрген сапарластар 12 шілдеде бізге келіп жетті. Ендігі сапарын Семей-Үржар-Қарамай-Үрімжі-Хами-Дунханг-Хайгуан-Жонгвей бағытымен жалғастырмақ ниетте. Соңғы аялдамасына 22 шілдеде жетеді. Қонақтарымыздың айтуынша, Ерейментауға дейін 2860 шақырым қашықтықты еңсерген. Ал жалпы 7000 шақырым жолды жүріп өтеді екен.
Ресейлік мейманымыз Владимир Чагин мен Францияның өкілдері жергілікті халыққа ризашылық лебізін жеткізді. Қазақстан аумағындағы төлем терминалына қолжетімділік реті, кемпингтердің сервистік қызметі бәрінің көңілінен шыққан. Жылы шырайлы жүздесуге, қазақстандықтардың қонақжайлық ниетіне сүйсінісін жасырмады. Өлкенің көркем табиғатына, тау-тасына, қайыңды тоғайына қайран қалды.
Қонақтар ұсынған, SILK WAY тауар белгісі соғылған кәдесый, бас киім, кеудеше жұрт назарын өзіне аударды. Жергілікті тұрғындар заманауи техниканың, тікұшақтың жанында қонақтармен естелік суретке түсті. Кезегімен сапарға қосылған автокөліктер де біртіндеп алыс жолға аттана бастады. Бұл сәтте тікұшақ штурмандары – көлік қозғалысын әуеден бақылаушылар А.Конструков, М.Конструков, О.Нежнов, Е.Павлов, А.Семенов, Р.Замалетдинов бабымен ақырын әуеге көтеріле берді. Жолаушыларға ілесіп, жол талғамайтын көлік тізгіншілерінің ізіне ілесті. Қала тұрғындары сапарластарға іштей ақ жол, сәт сапар тілеп қоштасты.
Меймандарды жергілікті жерде қарсы алуға арналған мәселені барынша жедел, ынтымақтаса шешкен барлық қызмет көрсетуші мекеме мен жекелеген кәсіпорын басшыларының, ұжымдарының еңбегі өлшеусіз. Олардың қажырлы жұмысы аудан өміріндегі айтулы оқиғаны сәтімен ұйымдастыруға молынан септесті. Әріптестердің бәрі бірлік пен түсіністік танытты. Тарих дерегіне үңілсек, ерте уақытта адамдар Ұлы жібек жолын түйе керуенімен еңсерген. Қазіргі заманауи саяхатшыларымыздың Мәскеу-Қытай бағытындағы бірнеше мың шақырымды жүрдек көлікпен жылдам жүріп өтетінін аңғарамыз. Бұл да өркениет дәуірінің игі жетістігінің бірі.
Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ.
Суреттерді түсірген Зухра ТАСБОЛАТОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар