Халықтың көкейінде жүрген мәселелерді түсіндірді

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Ақмола облысындағы күндері басталды.

Осыған орай,  министрліктің әлеуметтік көмек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Арман Өмірбаев пен жинақтаушы зейнетақы жүйесі басқармасының басшысы Маржан Жаумитова Аршалы ауданында, министрлік департаменттеріндегі басқармалардың басшылары Бота Құлатаева мен Руслан Тілеубаев Шортанды ауданында болып, тұрғындармен жаңа бағдарламалар және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

 Аршалы. Ведомство өкілдерінің халықпен кездесуі кезінде әлеуметтік көмек, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер, жұмыс берушілердің өз қарамағындағы жұмысшыларын міндетті медициналық әлеуметтік сақтандырумен қамтамасыз ету мәселелерінен кеңінен талқыланды.
–Біздің бүгінгі сапарымыздың мақсаты жаңадан енгізіліп жатқан реформалардың мән-маңызын түсіндіру. Ол адамның жарық дүниеге келгенінен бастап, өмірінің соңына дейінгі мемлекеттік әлеуметтік көмектерді алуына байланыс-ты мәселелер. Медициналық сақтандыру, зейнетақы жүйесі бойынша кез келген адамның сауалдары болуы мүмкін, өйткені, әркім өзінің денсаулығы мен болашақтағы алатын алашағы жайында ойланады, – дей келе, Арман Өмірбаев өзгерістер туралы жан-жақты таратып айтып берді.
Министрлік қызметкерлерінің ұйымдастыруымен ұсынылған «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – танысыңыздар!» атты танымдық бейнероликтен тұрғындар өздеріне қажетті көп мағлұмат алды. Кездесу барысында тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Мамандар оларға заң тұрғысында жауап беріп, жеке қабылдауларына шақырды. Кездесуден кейін министрлік өкілдері әлеуметтік тұрмысы төмен, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жағдайымен танысып, көмек көрсету мақсатында аудан орталығын аралады.
Шортанды. Өңірге сапарлап келген министрлік өкілдері өз жұмыстарын ең алдымен аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау орталығындағы мамандармен кездесуден бастады. Онда оларды орталыққа жақында басшы болып тағайындалған Берген Жұмкей қарсы алып, аудандағы жүзеге асырылып жатқан ведомствоға тиесілі бағдарламалар мен жобалар, жұмыссыздықпен күресу, медициналық сақтандыру, зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер секілді мәселелерді түсіндіру бойынша жүзеге асырып жатқан жағдаймен жан-жақты таныстырды. Министрлік өкілдері халыққа жаңа бағдарламалардың мүмкіндігін кеңінен насихаттауды, әсіресе, жұмыссыз адамдарға жаңа жобалардың маңызын тереңірек  түсіндіруді тапсырды.  Мамандарға жұмысты ұйымдастырудың амал-тәсілдерін айтып, кеңес берді. Министрлік өкілдерінің алдына қойылған мақсаты сол аймақтағы жұмыспен қамту орталықтарының іс-қимылдарын жандандыру, әлеуметтік қызметтерді иемденудің тиімділігін арттыру болып отыр.
Жастар ресурстық орталығында болған министрліктің басқарма басшылары мекеме басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Ерболат Жапаровпен әңгімелесу барысында жастардың әлеуметтік желілерді, сайттарды қолдануы, аудандық жастардың жұмысын көрсетіп, ақпарат тарататын сайты мен аккаунттары болуы, флеш-моб бағдарламаларын ұйымдастыру, міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру  жайында кеңінен насихаттау керектігін айтып, орталықтың жұмысымен танысты. Аймақтың белсенді жастарының нәтижелі жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, осы жұмыстарын әрі қарай жүргізе берулеріне тілектестіктерін білдірді.
Бұдан соң ведомство өкілдері «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша 2015 жылы шағын несие алып, өзінің ісін дөңгелетіп әкеткен жеке кәсіпкер Бибігүл Оспановамен кездесті. Ол аудан орталығының халқы үшін қоғамдық моншаны қайта қалпына келтіріп, 4 жұмыс орнын ұйымдастырған. Министрлік өкілдері оны зейнетақы мен медициналық сақтандыру жүйесінің соңғы енгізілген өзгерістерімен таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
Ал, Татьяна Халубная 2015 жылы аудандық жұмыспен қамту орталығының көмегімен «Жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 3 миллион теңге көлемінде ақшалай несие алып, газ құю бекетін ашыпты. Жеке кәсіпкер осымен бес адамды жұмыспен қамтыған.
Ведомство өкілдері бұдан соң аудан орталығындағы жұмыссыз отбасыларға барып, оларға «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша өз жұмыстарын бастауға болатындықтарын түсіндіріп, мемлекеттік бағдарламалардың маңызы мен мүмкіндіктері жайында айтып берді.  

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суретте: Аршалы ауданындағы кездесуден көрініс.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар