Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қайыр сұрау кәсіп пе, мұқтаждық па?.. - АРҚА АЖАРЫ

Қайыр сұрау кәсіп пе, мұқтаждық па?..

Қазақтың жүрегі кең. Жомарт. Алдына көмек сұрап келген жанға соңғы тиынын санап беретін де, балаларына қонақтан қалғанын жегізіп, бар жылы-жұмсағын мейманының алдына тартатын да осы халық. Жомарттық әркімнің қанында болмас, сірә.

  Әйтпеген күнде шық бермес шығайбайлар туралы аңыз-ертегілер тумас еді. Ал, мейірім мен қайырымдылық қазақтың қанына біткен ізгі қасиет сияқты көрінеді де тұрады маған. Бірақ, сол кеңпейілділігін, аңқылдақ көңілін, адал жүрегін түсіне беретіндер аз шығар…
Жасырары жоқ, қазіргі таңда жастар имандылыққа бет бұрып жатыр. Мешітке баратындар көп. Онымен қоса, мешіттің алдында тұрып алақан жайғандар да аз емес. Алла деп мешітке келген адам, Құдай үшін берші деп тұрғанда несін аясын?! Қайыр сұрағандардың арасында  мүгедек адам болса түсінуге болады. Яғни, ол шарасыз. Дей тұрсақ та, біз біреуді сөгуден аулақпыз. Ойлап қарасаңыз, ондаған адам, ондаған тағдыр. Бір-біріне ұқсамайтын адамдар, бір-бірінен аумай қалған тағдырлар. Көгалда өскен жасыл желек сияқты. Алыстан қарасаң, бір-біріне сондай ұқсас. Жасыл желектің барлығы жұмсақ, жұпар болмайтынындай, қайыр сұраған мына адамдардың да барлығы бірдей емес қой.
Бірі өмірден түңілген, енді бірі өмірге үмітпен қарайтын, енді бірі адамнан мейірім тілеген әрқайсысы үшін бұл кәсіп!..
Кәсіп дегеннен шығады. Өткенде оны мешіттің жанынан байқадым. Ол үнемі басынан сұр шәпкесін тастамайды. Күз болсын, жаз болсын, қыс болсын, басында үнемі сол сұр шәпке. Бұған дейін де осы қыз туралы жазғам. Жылдар бойы алақан жайғанына қарағанда қайыр тілеуді кәсіп қылған сыңайлы. Киімінің түймесін үнемі дұрыс қадамайды. Түріне қарасаң он екі мүшесі сау. Өзі үнемі жымиып тұрады. Несіне жетісіп күледі деп жанынан өткендер сөйленіп жатады. Соны көрсем, кеудемді намыс буады. Қазақ қой, себебі. «Құдай-ау, еден жусаң да, адал ақша тапшы, алақан жаймашы, айналайын», – дегім келеді де, тілімді тістеймін. Ондағы ойым ешкімнің ар-намысына нұқсан келтіргім келмейді. Әркімнің өз тағдыры бар.
Кеше балабақша жанынан өте бергенімде, жарықшақтана шыққан, біреудің жалынышты дауысы үзіліп жетті. Кілт бұрылдым. Баласын құшақтаған бір ана алақанын жайып, қайыр сұрап отыр. Күн суық. Ақ жауын сіркіреп жауып тұрған. Көзім қолындағы құндақтаулы балаға түсті. Баласын бауырына басып отыр. Аяп кеттім. Алақан жайып әркімнен қайыр тілеген ананы қойшы, тылсым дүние есігін жаңа ашысымен, анасының әдемі әлдиін емес, базарда улап-шулап, сауда жасағандардың даңғаза айғай-шуын естіп, нәзік жүрегіне осындай көріністі түйіп, анасының бауырына тығыла түскен бөбекті айтсаңызшы!
Қазақ емес-ау шамасы, тәжік пе, әлде түрік пе екен, кім білсін?!. Дереу қолым қалтама жүгірді. Сыңғыр еткен күміс ақшаның барлығын сыпырып әлгінің алақанына салдым. Бетін сипап, батасын берді ме, әйтеуір, түсінгенім, риза болғаны.  
Осындайда, осы қайыр сұрау кәсіп пе, мұқтаждық па деген ой келеді. Ал, сіз қалай ойлайсыз, ойлы оқырман?!.
 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар