Біз де тамашалап, көзайым болдық

Шартарапқа даңқы мәлім болған халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін көру қарға адым жер мұң болып қалған біз үшін керемет олжа болды.

Біз, Қонысбай селолық округінің 51 адамы айдай әлем ажарына сұқтанып, жетістігіне қуанып  отырған ғажайып оқиғаның куәгері болдық. Сөз арасында осындай мүмкіндік тудырған жергілікті әкімдікке алғыс сезімімізді айта кетсек пе дейміз. Бізге көп жеңілдік жасалды. Әдеттегі билет құны 4 мың теңге болса, зейнеткерлерге жеңілдік жасалып, екі мың теңгеге орайластырылды. Ал, мүгедектерге тегін. Сапар барысында біздің денсаулығымызды медицина қызметкерлері қадағалап, әкімшілік қызметкерлері жол бастап, қамқорлық көрсетті.
Жайлы автобуспен таңғы алтыда шықтық. Жолақысы тегін. Қонысбай селолық округінің әкімі Серік Сабыров бізге осындай сыйлық жасады. Үстінен су төгілмес жорғадай көлікпен қалай барып-келгенімізді де білмей қалдық. Ең бастысы, көптен бері ауыл қотанынан ұзап шықпаған қариялар бір-бірімен тілдесіп, еліміздің қол жеткізген табыстарын көріп, ұрпақтарының болашағы баянды боларына нық сеніп, құр атқа мінгендей қунап қалды.
Көрме көз тартарлық екен. Бұрын-соңды мұндай ғаламат құрылысты көрген кім бар. Жалғыз сыртқы сұлулық, ішкі жинақылық қана емес, ақпараттар тасқыны ағыл-тегіл. Біз алдымен «Нұр Әлем» павильонынан бастадық. Бұл өзіміздің Қазақстанның зор жетістігі бейнеленген орын. Көз көріп, көңіл шаттанды. Көптен бері аңсаған, тосқан шараның шаттығына қарттар да қосылып, бір-біріне егемен еліміздің мол жетістігіне марқайып қалды. Одан соң Жапония, Корея, Ресей мен Үнді елдерінің көрмелерін тамашаладық.
Бір әттеген-айы, етек-жеңі кең пішілген халықаралық көрмемен толайым танысуға уақыт жетпеді. Дегенмен, үлгергеніміздің үдесінің өзі ұлан-ғайыр.
Серік ҚАЙЫРБЕКОВ, Қонысбай ауылының тұрғыны.
Зеренді ауданы. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар