Нидерланд Корольдігі елшілігінің Голланд экономикалық кеңсесінің басшысы Вилко Роггенкамп жұмыс сапарымен Ақмола облысының орталығы Көкшетауға келді.
Осы сапар аясында облыс әкімінің орынбасары Егор Каппельмен кездесу өтіп, оның барысында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, тараптар екі басым бағытты айқындады: сүтті мал шаруашылығы және көкөніс шаруашылығы.
Ақмола облыстық әкімдігінде хабарлағанындай, Нидерланд Корольдігі елшілігінің өкілі екіжақты экономикалық, сауда және инвестициялық байланыстарды дамытуға қатысты қызығушылық білдірді.
Е.Каппель Нидерланд Корольдігінің агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы тәжірибесі ақмолалық шаруалар үшін қызықты әрі пайдалы болатынын атап өтті.
Кездесу соңында тараптар Ақмола облысының агроөнеркәсіп кешені саласындағы голландиялық компаниялармен ынтымақтастығын толық талқылау үшін келесі кездесудің күнін белгіледі.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.