Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Бірлік мөлтек ауданының тұрғындарынан түскен шағым бойынша аталмыш ауданға жоспардан тыс арнайы барып, мәселенің анық-қанығына көз жеткізіп, тұрғындар тілегін ескеріп, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс орталығында соңғы екі-үш жылда Сарыарқа мөлтек ауданы бой көтерді. Мұнда қазірдің өзінде көпқабатты тұрғын үйлер, балабақша салынып, пайдалануға берілді. Аталмыш мөлтек ауданда 900 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Білім ошағын салу жұмыстарымен «Байсын-А» серіктестігі айналысуда. Жаңа мөлтек ауданда тұратын балалар үшін аса қажет ғимараттың құрылысы сапалы болғаны абзал. Оған 1 миллиард 400 миллион теңге бөлінген. Өңір басшысы құрылыс сапасына мән беріп, материалдардың жергілікті өнім екенін сұрап білді. Отандық шикізатты тұтыну заман талабы. Бұл құрылыс нысанында 96 жұмысшы еңбек етуде. Қазіргі таңда ғимараттың қабырғасын көтеріп, таяу күндері терезелері салынбақ. Мектеп пайдалануға 2018 жылы беріледі деп күтілуде.
Құрылыс нысанының учаске басшысы Серік Өсербаевтың айтуынша, қажетті материалдар уақытылы жеткізіліп отырғандықтан, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі өз сөзінде бұл құрылыстың маңызды екендігін атап өтіп, уақыты мен сапасына назар аударуды шегелеп тапсырды. Мектеп ғимаратын сапалы, дер кезінде аяқтау қажеттігін құрылыс басшыларына қадап айтқан өңір басшысы мемлекет тарапынан құрылыс салуға бөлінген қаржыны тиімді пайдалану қажеттігін де ескертті. Мердігерлерге жұмыс барысын тездетіп, істі ширату керектігін де қадап айтты. Сонымен қатар, облыс басшысы Васильковка көшесі, 22 мекен-жайындағы тұрғын үйдің ауласындағы абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарының барысымен де танысты. Ауладағы жұмыс ауқымына асфальт төсеу, жиектастар орнату, балалардың ойын және спорт алаңын да-йындау кіреді. Құрылысшыларға жол жауын жауғанда су жиналып қалмайтындай етіп жасалуы тиістігі ескертілді. Қала әкімі сала басшыларына жұмыстың барынша сапалы жүргізілуін және белгіленген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
«Аулаларды жөндеуді бастадық екен, енді бұл жұмысты сапалы орындап шығуымыз қажет, әрбір тұрғын мұны сезінетіндей болуы тиіс. Мердігерлер осыны ескерсе екен», – деді ол. Жауапты сала басшыларына қарата айтқан сөзінде әкім барлық қоғамдық нысандардың жағдайының дұрыс болуын күн сайын қадағалап отыруы керектігін талап етті. Алдағы күндері бұл аулаларды абаттандыру жұмыстары ширай түсіп, асфальт жабындылар жаңартылып, ағаш егіліп, көгалдандыру шаралары жүзеге асырылады. Ендігі мәселе – аула тазалығы мен қауіпсіздігін тұрғындардың өздері қамтамасыз етулері керек. Бұл өз кезегінде көптеген қордаланған көкейкесті мәселелерді шешуге мүмкіндік береді дейді сала басшылары. Қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандар жоспардағы істерді сапалы атқарып жатқан мердігерлердің жұмысына оң бағасын беріп, қаланы көркейту шараларына атсалыса беруге шақырды.
Облыс әкімі Көкшетау қаласындағы ірі кәсіпорындардың бірі «ENKI» керамикалық кірпіш зауытының жұмыс барысымен де танысты. Өңірдің индустрияландыру картасына енген кәсіпорын 2010 жылы іске қосылған. Бұл күнде отандық құрылыс материалына сұраныс зор. Зауыт жылына 40 түрлі кірпіш шығарады. Айта кету керек шикізаттың өзі де отандық, таза, табиғи. Зауыт өнімі сапалы, қаһарлы қыстың аяздарына да төзімді. Зауыт басшылығының
айтуынша, болашақта өнім өндірісін одан әрі дамыту межесі көзделген. «Қысқы шанаңды жаз сайла» қағидасы өңір басшысының назарында.
Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы «РК-2» бу қазандығында болып, жылу беру маусымына дайындықтың барысына назар аударды. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы зор нысандарды жылумен қамтамасыз ету мәселесіне көп көңіл бөлінді. Өңір басшысы жұмысты бәсеңсітпей, үнемі қадағалап, жандандыруды тиісті басшыларға тапсырды. Қаланы жылумен қамтитын №1 және №2 аудандық қазандықтарды осы кезден дайындап, қысқы маусымға сақадай-сай ету маңызды. 8-9 қазандықтарды жеңіл-желпі жөндеу қажет болса, 10-шы қазандыққа күрделі жөндеу жасалуы тиіс. Қазір екі қазандықта да жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жоспардан тыс іссапар барысында Бірлік мөлтек
ауданында да болды. Мұндағы автобус павильонына қатысты тұрғындар шағымданған еді. Шалғайдағы аумақта қысы-жазы жел соғып тұрады, ал, жауын-шашында ашық аспан астында тұру тұрғындарға қолайсыз. Сондықтан да, өңір басшысы тиісті мекеме жетекшілеріне автобус павильондарын қалыпқа келтіріп, сапалысын орнату қажет деп қадап тапсырды. Дәл осы шағын аудандағы жаяу жүргінші жолдары да сын көтермейді. Әсіресе, жаңбырлы күндері тұрғындар белуардан саз кешіп жүретін, қазір тақта тастар төселуде. Таяу арада тротуарларды жөнге келтіріп, жаяу жүргіншілерге қолайлы жағдай туғызу қажеттігі де баса айтылды. Таяуда облыс әкімінің тапсырмасымен тұрғындар тілегі ескеріліп, Жазира мен Бірлік көшелерінде жарықшамдар орнатылатын болады. Жауапты сала басшыларына қарата айтқан сөзінде әкім ең бастысы, тұрғындардың өтініш-тілектерін аяқ асты қалдырмау басты назарда болуын талап етті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Суретте: қайта жаңартылып жатқан аулалардың бірі.
Суретті түсірген В. ГУБАНОВ.