Сарбаздар әскери ант қабылдады

Биыл еліміз Ұлттық ұланның құрылғанына 25 жыл толу мерейлі мерекесін атап өтуде. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өткен сенбіде еліміздің бейбіт өмірі мен тыныш ұйқысын қамтамасыз етіп жүрген сан мыңдаған сарбаздар қатарына қосылып жатқан жаңа буын ұландардың ант қабылдау рәсіміне қатысып, олардың әскер сапында адал және қырағы қызмет ететіндіктеріне сенім білдірді.

  Ағымдағы жылғы әскерге шақырудың алғашқы маусымындағы жас ұландармен әскер қатарын толықтыруға арналған салтанатты жиынның ашылуында аймақ басшысы Мәлік Мырзалин сөз сөйледі.  
– 1992 жылы Елбасының Жарлығымен Ішкі істер министрлігінің ішкі әскерлері құрылып, кейін ол Ұлттық ұлан болып қайта құрылған болатын. Осы ширек ғасыр ішінде әскерлеріміз материалдық және әскери техникалық жағынан нығайтылып, мықты қорғанымызға айналды. Қазір әскери бөлімдерде ең соңғы үлгідегі техникалар бар. Оның барлығы ел тәуелсіздігінің арқасында жеткен жетістіктеріміз. «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінде Мемлекет басшысы Қазақстанда бейбіт және соғыссыз өмір сүру  траекториясын құруды белгілеп берді. Сонымен бірге, «Мәңгілік ел» ұлттық идеясында да ұлттық бірлік пен татулық, келісім мен  бейбіт өмір сүруге ерекше мән берілді. Мұның барлығы қауіпсіздік қалқанының, ел қорғандарының арқасында. Ұлттық экономика мен ұлт саясатын жүзеге асыруға жас ұландықтардың қосып жатқан үлесі мол, – дей келе өңір басшысы ұландарға ел қорғауда қырағы, әскер тәртібін мүлтіксіз орындап, Отанға адал болуларына тілектестігін білдірді.
Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің командирі Руслан Темерқанов жас ұландарды Отан алдындағы парыздарын адал атқаруға, әскери тәртіпті мүдірмей орындап, елдің тыныштығын қамтамасыз етуде қырағы болудың маңыздылығына тоқталып, әскери бөлімді жаңа буынның әскер қатарына қосылу сәтімен құттықтады.
– Әскери ант дегеніміз – ер азаматтардың Отан алдында оны қорғап, сақтауға сөз беру, үлкен жауапкершілік алу. Менің ойымша, әрбір ер азамат осындай жауапкершілікті бір рет болсын мойнына алып, ғұмырының бір жылын әскерге арнағаны дұрыс. Ұландардың қаруы бейбіт күнде тек қана оқыту-үйрету сабақтарында ғана қолданылып, пайдаланылсын, – деді командир.
Балаларының әскери ант беріп жатқандығын көрген ата-аналардың жүрек толқынысы ерекше болатыны белгілі ғой. Көздеріне қуаныштан жас алып, ұлдарының сарбаз атанып жатқаны қандай мақтаныш десеңізші. Еліміздің тыныштығы мен бейбіт өмірін сақтауға Ұлттық ұлан қатарына қосылған Сәдуақас есімді сарбаздың анасы Айнұр Қаспақбаева аналық толқыныспен ақ жарма тілегін айтып, бейбіт күнде әскерге аттанған балаларының аман-есен оралатынына сенім білдірді. Ананың ақ тілегінен кейін Көкшетау қаласының 5510 әскери бөліміне азаматтық парызын өтеуге келген Нұрбек Өрісбай ел алдында абыроймен, қырағы және адал қызмет ететіндіктері туралы барша жаңа буын атынан ант берді.
Ант қабылдау рәсімі әскери бөлімнің әзірлеген концерттік бағдарламасымен, қойылымдық көрсетілімдерімен жалғасып, жиналған қауым сарбаздардың өнерін тамашалады. Карабиншілердің қару-жарақтарымен орындаған саптық қойылымы көптің көңілінен шығып, дүйім жұрттың ыстық ықыласына бөленді.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар