Әйелге жасанды имидж жараса ма?

Баяғыда бір данышпан. «Әлемде әдемі емес әйел болмайды, тек өзін-өзі күте алмайтындар ғана бар» деген екен.

  Иә, әйел заты қашанда сұлулықтың, іңкәр сезімнің, нәзіктіктің, әдеміліктің  символы болып келген. Сымбатты көрінгісі келмейтін қыз болмайды. Қазақ қызы десе, көз алдыңа қос бұрымы тілерсегіне дейін төгілген, шолпысы сыңғырлаған, жүзінен иман нұры төгілген, қасы қиылған, әдемі жымиған бүрмелі көйлекті қызғалдақ-қыздың бейнесі елестейді. Ал, бүгінгі қазақ қызының бейнесі қандай? Сұлулар сымбатының сыры неде? Қазіргі жаһанданудың лебі ескен заманда ұлтты, ұлттық болмыс-
ты батыстың бояуына бояп қойып, саф алтындай салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымыздан айырылып бара жатқан жоқпыз ба? Жасанды имидж жалпы әйел затына  қажет пе? Міне, бүгінгі әңгіме өзегі осы болмақ. Жасырары жоқ, қазіргі таңда  кескін-келбетімді өзгертемін дегенге косметолог мамандар қызметтің түр-түрін ұсынады. Шугаринг, пилинг, шелак, татуаж, қасыңызды ұзартамын, шашыңызды қысқартамын, тырнақ өсіремін дейсіз бе, ерік өзіңізде. Оны айтасыз, бұл күнде тырнақ  өсірмейтін, шаш қимайтын, татуаж жасамайтындарға өзін күтпейтін, бағаламайтын әйел ретінде қарайтын болдық.  Заманның алға қарай шарықтағаны соншалық, тіпті, жан баласы уақытқа қарсылық танытып, қариялар да жас боламыз деп салондардан шықпайды. Қазіргі таңда қасын жұлған, шашын бояған, шалбар киген әже көп.  Осындайда есіме курстас досым Жанна түсетіні бар. Шетелге оқуға түскесін, тоқпақтай  қалың да ұзын шашын қырқа-қырқа еркектікіндей едірейтіп, оның өзін оң жағын күлгін бе әлде күреңге ұқсас түске, ал, бір бөлігін сарыға бояп елге келгенде қарт анасы шошып, шалқасынан түскені бар. Шашы ербиіп, әлемтапырақ бірдеңеге айналған. Қос жанары мойылдай мөлдіреп, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын құрбымның баяғы сымбатының жұрнағы да жоқ. Жасанды тырнақ, ұзартылған жасанды кірпік, ерінге, қасқа «татуаж» жасаған, бір құлақта бес сырға…. үсті-басынан қымбат иіссу аңқып тұрған бұл қызды ауыл адамдары да жақтырмады. Анасы да көпке дейін ел көзіне көрінбей, масқара болдым деп үйден шықпаған деседі. Батысқа еліктеймін деп өз болмысынан айырылған Жанна ертең қандай әже болады?
Жасына қарай сән үлгісіне сай, талғаммен киіну үрдісін ұстанады деп  мәдениет қызметкері Күміс Әнуарбекқызын айтсақ артық болмас. Басынан орамалын тастамай, ұлттық әшекей бұйымды  киіміне үйлестіріп, талғаммен киіне білетін бұл апай қазақ қыздарына үлгі бола алатындай.
Имидж дегеннен шығады. Бұл күнде қала көшелерінен құлағына сырға киіп, шашын өсірген «бұрымды» жігіттерді көрсек таң қалмайтын болдық. «Татуажды» кәрі-жас та жасауға құмар. Пирсинг деген пәле тағы бар. Кіндігін тесіп сырға салған қыздар келешекте оның өз денсаулықтарына кері әсерін тигізер деп қорықпайды ма дейсің осындайда. Ең бастысы әдемі көрінсек болды. Қазіргі жастардың тілімен «гламурный» көрінгіміз келеді бәріміздің.
…Кеше Америкадан Жанна хабарласқан. Аз-мұз ағылшынша түсінетінім болмаса, әлгінің сөзін ұға алмас едім. Бір сөзі қазақша, енді бір сөзі ағылшынша. Арасында орысша шүлдірлейтіні және бар. Елге келемін дейді. Үстіне ала-құла киім киіп, тілін шұбарлап жүрген құрбымды жаным аяйды.  Оны перронда тұрып, шетелге шығарып салған күнім күні бүгінгідей көз алдымда. Бірақ, ол кезде қос бұрымы иығына төгілген күлімкөз қазақ қызының дәл осылай көз танымастай өзгеретінін кім білген?! Имидж адамның сырт келбетін ғана емес, бар болмысын, мінезін, жүріс-тұрысын да өзгертуге әсер тигізеді екен. Олай болса осы қазақ қызына жасанды имидждің қажеті бар ма дейтін сұрақтың туындауы да заңды.
…Затым әйел ғой. Менің де көзім қызылда. Облыс орталығындағы әмбебап дүкендерін аралап жүріп, косметикалық заттар сататын бутикті айналып өте алмадым. «Көктем келді, бет терісіне аса күтім қажет. Мына гельді алсаңыз, күн көзінен сақтап, бет терісін жақсы әрлендіреді. Бағасы да қолжетімді»,– деді сатушы орыстың қызы іші-бауырыма кіріп. Сыртында ағылшын мен француз тілінде жазылған жазуларды байқадым. Сатушы да бұл заттың қаншалықты пайдалы екендігін түсіндіріп әлек. Сатып алып, жол-жөнекей сыртындағы жазуға көз жүгірте бастадым. Ағылшынша білетінім бар ғой, мына масқараны қараңыз, крем деп сатқаны жуынуға арналған сусабын екен! Жүгіріп бутикке келдім. Ол да сөзсіз ақшамды қайтарды. Сұлу боламын деп қаншама ару ақшасынан қағылып, мыңдаған сұлу қаражатын судай шашып жатыр. Бірін-бірі алдаған, алданған, қу, тірлік-ай!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар