Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бала жүрек алдамапты - АРҚА АЖАРЫ

Бала жүрек алдамапты

Ол әр күн сайын анасын күтетін. Шіркін, бала жүрек бір нәрсені сезетін секілді. Бір күні анасы іздеп келіп, өзінің шаттық пен қуаныш ұялаған жылы ұясына алып кететін тәрізденетін. Ол осылайша күнде анасын күтумен келеді. Анасының аялы алақаны мен әкесінің мейірімін сезініп көрмеген балғын қыздың көз жанарында мұң тұнып тұрған.

  Нәресте кезінен ата-анасының  сүйіспеншілігі пен махаббатына бөлене алмаған оның жүрегі қатайып, жәудіреген көзінің мұңлы нұры жанарын тұмшалап алған. Сондықтан да болар, үш жасынан бері оған қамқор болған Ақкөл балалар үйінің әкімшілігі мен тәрбиешілері кеңесе келе, оны Қарағанды облысындағы арнайы мектеп-интернатқа оқуға жіберді.  Қазір сол зағип балаларға арналған мекемеде білім алуда. Екі жылдан кейін тоғызыншы сыныпты аяқтаған соң, өзі қалаған оқу орнына немесе балалар үйіне қайтып оралып, он бірінші сыныпты тәмамдауы мүмкін.
Ол мына жарық дүниеге келгелі анасының жылы жүзін бірде-бір көрмесе де, оны бет-бейнесі мейірім мен жылылыққа толы, жаны сұлу адамға теңейтін. Әйтеуір бір күні келіп, жылы құшағына алып, бауырына басатынына сенетін. Бұл балалық балаң сезім, арман-қиял ғана еді.
Күндердің күнінде Бақыттың арманы орындалды. Балалар үйіне әлеуметтік педагог болып жуырда жұмысқа орналасқан Әсима Оразова әр баланың құжаттарымен танысып отырып, Бақыттың қағаздарына тап болды. Көкшетау қаласындағы перинатальдық орталыққа хабарласып, анасының аты-жөні туралы сұрап біліп, осында келіп, 2009 жылғы мұрағаттық құжаттарды ақтарып, қарады. Сонда оның анасының аты-жөні барлығы толық жазылған екен.
…Көкшетау қаласындағы перзентханаға Еңбекшілдер ауданынан Толқын есімді бір әйел ауыр халде, шұғыл жеткізіліпті. Баласының жағдайы мүлде нашар, әлжуаз болып туылған. Баланың жан сақтау бөліміндегі ауыр жағдайын көрген дәрігерлер «ұзаққа бармайды» деп жас келіншекке сәбиінің шетінеп кетуі мүмкін екендігін ескертеді. Нәрестенің көп тұрмайтындығын естіген соң, әлгі келіншек оны тас-
тап, үйіне кетіп қалған. Әлі тұрмыс құрмаған ол үйіне оралып, жұмысын істеп жүре береді. Кей кездері есіне түскен баласының тағдырын ойлағанымен, өзіне берген Алланың сынағы шығар деп, онша алаңдай қоймайды. Бірақ, аналық жүрегінің бір нәрсені сезгені ме, күндердің бір күні өзі жатқан перзентханаға хабарласып, баласын сұрайды. Дәрігерлер оған сәбидің қайтыс болғанын хабарлайды. Содан кейін, ол бұл жайды мүлде ұмытады. Тұрмыс құрады. 4 баланы дүниеге әкеледі. Бүгінде өнегелі көп балалы отбасы.
Әлеуметтік педагог Әсима Оразова бар мән-жайдың анық-қанығына көзі жеткен соң, оған хабарласып, тұңғыш қызының тірі екенін, ол Ақкөл балалар үйінде тәрбиеленіп, қазіргі уақытта Қарағандыдағы арнайы мектепте оқып жүргендігін айтқанда, сенбейді. Дәрігерлерден қызының шетінеп кеткендігі жайлы қорытынды қағаз алғандығын айтады. Тіпті, ДНК талдауын өткізу керектігін айтып, мүлде маңайлатпайды. Кейін біраз уақыт өткен соң балалар үйіне келіп, өзінен аумай қалған қызды көргенде ет-бауыры елжірейді. Жаны жаралы, жүрегі нәзік періштедей Бақытты құшағына алғанда ешқандай талдау сараптамалардың қажет еместігін, оны өз отбасына қайтарып алатындығын айтып, жылайды.  
Қазір Бақыт анасы мен бауырларының ортасында. Ата-ананың сүйіспеншілігі мен мейірімділігіне бөленудің не екенін сезініп, мұңлы жүзіне күлкі ұялаған. Көңілі жайдары, көзіне нұр толып, нашар көретіндігін ұмытып кеткендей.

 

PS: мұндай жағдай тек кинода ғана болады екен деп ойлаушы едім. Қазақтың қыздары іштен шыққан сәбиін оны қалай дүниеге әкелсе де тастамай, бір өзі қамқоршы болып, өсіріп жеткізетін.  Әлжуаз баласының жағдайын біле тұра, ақтық демі қалғанша неге қасында болмады екен дегендей сан сауал санамда тұр. Аналық жүрегінде тұңғыш баласына деген титтей де сезім болмағаны ма? Тым құрығанда бір тылсым күш сездірмеді ме екен? Бұл тек Толқынның өз құпиясы.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар