Игілік ұмтылғанға үйіріледі

Опырып тастайтын отыз да емес, алдынан жұмыс үркіп отыратын қырықтың қырқасынан асқалы да жиырма жылға таяу. Оның үстіне кешегі кеңес  заманында облыс орталығындағы пима басатын цехта жұмыс істеп жүрген кезінде жамап алған, содан былайғы уақытта ажырамас серігіне айналған сырқаты және бар.

Қолқаны қабатын ыстық ауа, шаң-тозаң өз дегеніне жетіп тынды. Бірақ, қайратын кеміте алмады, қажыры қалпында. Ауа жетпей қос өкпе қысып деміккенімен, аздап демін алған соң тіршілігін күйттейді. 

Күнкөріс шіркін сенің деніңнің саулығын қайтсін. Қайта жан алқымыңнан алып, темір шеңгелімен қыса бермей ме. Тығырықтан шығар жол іздеген. Сауданы да сәті түскен адам ғана жасайды. Ал, төрт түлік мал игілігіңді молайтқанымен, иініңді қара жерге қақырата тартып, иығыңнан басатын  зілмауыр,  салмақты шаруа. Оның үстіне солтүстіктің табандап, алты-жеті ай сіресіп жатып алатын қысының қысталаңын қосып көріңіз.
Амалсыздан өзіне лайық жол іздеген. Үстімен жүретін жеңілін емес, ауқымды, ауыр болса да, ұмтылғанға үйірілетін игіліктісін. Тәжірибелі бухгалтерге есеп-қисаптың жолы оңай. Кірісі мен шығысын күні ілгері болжай біледі. Солтүстіктегі самсаған жұрттың дастарханында не қат? Көкөніс қат. Қоңыр күзде бағасы ептеп түскенімен, қыс айларында шығандап шырқап кетеді. Демек, өзге жұрт сияқты өңмеңдемесе де, өңін иманжүзді етіп өмірлік қажеттілігін өтеуге мүмкіндік әбден бар.
Бәрі зейінге байланысты. Алдыңнан тосар бөгет, бұғау, қиындық атаулыдан қаймықпай, белді бекем буып кірісіп кетсе, пенденің пешенесіне жазылған ырыздығын теріп жеу-ге қарымы қаптал жететін тәрізді. Сөйтіп, үй іргесінен жылыжай салуды жоспарлаған. Бұрын үй іргесіндегі ат төбеліндей аумаққа бірер тал қызанақ пен қияр, басқа да дақылдар егіп көрген. Өзінің отбасына әбден жетіп жатыр. Ал, пайда табу үшін ауқымын кеңейткен ләзім. Есептеп көрсе, пайдаға шығатын тәрізді.
Алдымен осы тақырыпты түбегейлі зерттеді. Бизнес жоспардың қазақша үлгісі. Жетеу кіріп, алтау шығады. Біреуі табыс. Былай қарағанда орындалар-орындалмасы белгісіз. Әйтеуір, тәуекелді медет еткен, мақсаты қанат байлатқан алға ұмтылу. Осы бір ой жетелеп «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына әкелген. Аз-кем ақылдасу, болашақты барлау. Бұл жерде қазақша есеп жүре бермейді, барлығы ғылыми негізде қатып тұруы керек. Сөйтіп, Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығының мұрындық болуымен ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы жылдық 6 пайыз үстемемен үш миллион теңге несие алған.
Ендгісі жылыжай салу. Сарыарқаның сақылдаған сары аязында ат шаптырым жылыжайды жылыту да оңай-оспақ шаруа емес. Тереңдігін бір жарым метр қылып жертөле қазды. Жертөленің жиегін кірпішпен көмкерді. Ұзындығы 25, көлденеңі 7 метрлік,  биіктігі 4 метрлік жылыжайдың сұлбасы пайда болды. Негізін берік етіп темірмен шегендеді. Ыстық-суыққа бірдей поликарбонатпен қаптады. Ішіне жылу жүйесі тартылып, пеш орнатылды. Несиеге алған үш миллион теңге жылыжай салуға жұмсалды. Ол жетпеген соң, өз қаржысын қосқан. Оған еңбегін үстесе, түбінде көсегесі көгермек.
Көкөністің қай-қайсысы болмасын жылы суды жаны сүйеді. Су жылытатын ыдыс пештің жанына орнатылды. Жұмысты барынша жеңілдету үшін су құятын ыдысқа шағын насос орнатылды. Енді суару көп күш жұмсауды тілемейтін болып жеңілдей түседі.
Былтыр уақытты өткізіп алып, кеш қимылдаған. Көктемде мамыр айының орта шенінде алғашқы өнімнен ауыз тиді. Тәп-тәуір шығым берді. Бұл кезде облыс орталығындағы базарларда көкөністің бағасы шырқап тұрған. Қызанақ 700-800 теңгенің, қияр 600-700 теңгенің шамасында болатын. Әлеуметтік дүкендерде де баға сәл ғана төмен демесең, негізінен осы деңгейде. Бұл болса алғашқы өнімді өткізетін жер таппай қиналған. Базардағы алып-сатарлар күні бұрын келісіп қойған жерлері болғандықтан, жанын жалдап жаңадан қосылған кәсіпкерді маңайларына жолатар емес. Облыс орталығындағы кәсіпорындар мен ұйымдарды аралап, әр келісін 350 теңгеден әрең дегенде өткізген. Бостан-босқа бұзылып кеткенше, тиын болса да талғажау.
Өнімді өндіру бар екен де, бағасын бұлдап сатудың өзі бұралаң-бұлтарысы көп, бейнетті жұмыс екен. Өткеннен сабақ алған Есет Нұралин қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін, өз өнімдерін сататын шағын дүкен салып жатыр. Қабырғасын да қалқайтып қойды. Жыл он екі ай бойы көкөніс өсіруді жоспарлап отырған кәсіпкер өз ісінің өзгеге де пайдалы екендігін көкірегіне түйіп қойған. Мәселен, қызанақ пен қиярдың өсіп-жетілуіне екі жарым ай уақыт керек. Қара күзде егіп тастаса, көкөніс таңсық асқа айналатын қақаған қыста қоқырайып қолындағысын сатып отырар еді. Әрине, нарқы күйіп тұрған базардағыдан әлдеқайда төмен бағаға. Сонда екі жаққа да тиімді.
Өнімі өтімді болуы үшін, сапасына ден қойып отыр. Денсаулыққа зиян деп есептелетін химиялық тыңайтқыштардың көмегіне аттап баспайды. Органикалық тыңайтқыш жетіп артылады. Іргедегі қай қазақтың ауылына барсаң да, көң деген көңірсіп жатыр.
– Жылыжайға қажетті материал іздеп Омбыға бардым, – дейді Есет аға, – бергі кіре берістегі бір қабатты үйлердің жанында қытай азаматтары жылыжайды жыпырлатып тастапты. Өнімін де ұқсатып сатып жатыр. Өзге жұртты кім білсін, жылыжайға жақын орналасқан көршілері дән разы. Әлгі қытайлар бәрінің әжетханаларын тазалап тастаған. Соған қарағанда, кім, не жеп жатқанын да білмейтін тәрізді.
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, қазір химиялық тыңайтқыштың да түр-түрі көп екен. Қызанақтың өзі қызарып піскен соң, бүйірі томпиып бір алақаның былай тұрсын, қос уысыңа сыймайтындай быртиып өсетін көрінеді. Жаңағы дәрінің қуатымен. Бірақ, іші жылбысқы, су татып тұрады.
– Ал, мен қызанақты етжеңді қылып өсіремін,–дейді өзінің жанын жалдап істеген, жұмысынан жан рахатын алатын, жақсы іске жанын салып ұмтылған біздің кейіпкер.
–  Ол қалай? – деп сұраймын мен қызанақ өсірудегі бастауыш білімімді жетілдірмекке.
– Қазақ баласына түсінікті болуы үшін ұғымының ұңғысына сыйымды етіп айтайын, – дейді Есет аға, – мысалы, қазір жылқыны қалай семіртетінін білесің ғой. Тәбетін арттыру үшін дәрі береді. Араны ашылған жылқы баласы алдына келген жем-шөпті талғамай жейді. Тәп-тәуір қоң жинайды, бірақ, етінің дәмі табиғи жолмен семіртілген соғымның етінен әлдеқайда дәмсіз. Ақ майы ақтарылып түссе де, сүйсініп жей алмас едіңіз.
– Ә, енді түсіндім,–дедім мен.
– Ет туралы айтса тез түсінесіңдер ғой, – деп күлді Есет ағам, – қызанағың да солай, дәрімен семіртілген соғым сияқты. Қазақшасын кім білсін, орысша «бычий сердце» дейтін тұқымы бар қызанақтың. Біреуі жарты келіге жуық болып өседі. Осыдан ай жарым бұрын орталық базарға барсам, келісін екі мың теңгеден сатып жатыр екен. Степногорск маңындағы жылыжайдан әкеліпті. Үйімнің іргесінде өсіп тұрса да қызығып бір келісін сатып алдым. Етжеңді, толық, тығыз. Тәуір өнім екен. Мен де қызанақтың түр-түрін өсіремін ғой, енді осы тұқымды да қосып отырмын.
Жылыжай басындағы жылы шырайлы әңгіме кәсіп төңірегінде өрбіді. Шамасы осы біздің ауылдағы ағайын екі қолға бір күрек таппай, бос отыр дегеніміз, байыбына бармаған бөстекі сөз. Осындай көкөніс өсіру үшін жер, су, тыңайтқыш қажет.
Оның үшеуі де ауылда бар. Бар болғанда қандай. Иен тегін. Жоғы еңбек етсем деген ұмтылыс қана.        

Краснояр кенті,
Көкшетау қаласы.  

Суретте: жеке кәсіпкер Есет Нұралин.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар