Жидек теріп те жағдайын түзейді

Қойнауы құт, алқабы берекелі Бұландының тұсындағы таспадай тартылған, оқтаудай түзу тас жолдың қамшылар жақ қапталында қысы-жазы жеміс-жидек, саңырауқұлақ тәрізді жомарт табиғаттың жемісін сатып тұрған ат төбеліндей жұртты көрер едіңіз.

Тіпті, ақырған ақпанның аязында да, шілдедегі қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта да тапжылмай тұратындары бар. Бәрі тіршілік қамы үшін. Өзгеден жалғыз ерекшелігі ерінбейтіндіктерінде. Ал, ерінбегеннің табиғаттың тартуынан алар сыбағасы соқталы.

 Осы тақырыпты бұрын да бір мәрте қаужағанбыз. Өз ағайынымызға байып кетпесе де, қазанын майлауға әбден жететін тіршіліктің көзін нұсқау үшін, өзгенің өлермендігін мысал ету үшін. Ол жолы жеміс-жидек сататындардың басым көпшілігі, тіпті, түгелге жуық өзге ұлт екендігін тау-
сыла айтқан болатынбыз. Ештеңе өзгермепті. Жел қағып, ыстыққа күйіп, бірақ, бұйырған тиын-тебенін тауып тұрғандардың арасында өз ағайынымызды емге таба алмайсың. Есесіне жидектің жайын, саңырауқұлақтың сырын жетік білетін өзге ұлттың өкілдері Бұландының төсіндегі иен тегін табиғаттың тартуын нәпақа қылып тұр.
–Бәрі күнкөрістің қамы ғой. Зейнетке шыққан адамға бұдан артықтың қажеті де жоқ. Күнімен тамылжыған табиғаттың аясында жеміс-жидек тереміз. Таза ауада тұрамыз. Денсаулық үшін де пайдалы, оның үстіне уақытылы салығын төлеп, табысымызды тауып тұрсақ, қандай айыбы бар,–дейді Александр Костров,–салығымызды төлеген соң жағдайымызды түсінген әкімдік күре жолдың осы бір мүйісінде тұруға рұқсат берген. Бірақ, жол қауіпсіздігін сақтау үшін жолшылар бізді осы жерден күнде қуады. Әрірек барып тұрыңдар дейді. Ол жерде орын да бар, бірақ, сәл қаға беріс болған соң жолаушылар бұрыла бермейді.
Тазаланған жидектің бес литрлігі төрт мың, таңқурайдың 8 литрлігі алты мың, картоптың жаңа өнімінің 8 литрлік шелегі 1,5-2 мың теңге тұрады. Саңырауқұлақтардың түр-түрі қаптап тұр. Үш литрлігі 1200 теңге. Несін айтасыз, ит тұмсығы өтпейтін орман-тоғайы мол Бұландының бау-
райы босағасына тепкілесе кетпейтін береке байланған жер ғой. Сатушылардың айтуына қарағанда, жаздың үш айында сауданың сәтіне орай миллион, бір жарым миллион орайында табыс табады екен. Еңбекпен келген, адал табыс.
– Маса-сонаға жем болып, балағыңды бұтаға жыртқызып бүлдірген теру бейнеті мол шаруа,–дейді Евдокия әжей,–азын-аулақ зейнетақымызға сеп болсын деп тұрамыз дағы. Келінім мен немерелерім таңмен таласа тұрып орманға жүгіреді. Уысына леккендерін теріп әкелген соң шөп-шаланнан тазартады. Әсіресе, жидектің қабығынан аршудың мехнатын айтпаңыз. Қиындығы да шаш етектен. Бірақ, қаражат керек болған соң тұрамыз дағы. Күніне сәтін салса 4-5 шелек өткіземін. Кей күндері алушы болмай да қалады. Ондайда қайнатып аламыз. Текке бұзылып кеткенше сол жақсы.
Қарақат сататындар да бар екен. Астананың төңірегінде қолдан егілген жеміс-жидек алқаптарынан теретін көрінеді. Тұрып сататындарға көтерме бағамен келісін 300-400 теңгеден өткізеді. Мұндағылар бес литрлік қарақатты екі мың теңгеге саудалайды. Жеміс-жидек саудасы да тәуекелді талап етеді. Өйткені, аптап ыстықта ұзақ сақтай алмайсың ғой.
– Бурабай мен Астананың арасын жасыл орманға айналдырамыз деген ізгі ниет бар ғой. Егіліп те жатыр, әлі де екпек,–дейді Александр Костров,–орманның адамзат баласына беретін пайдасы шаш етектен ғой. Топырақты эрозиядан қорғайды, қысқы бораннан, жазғы ыстықтан пана, дауылдан ық. Оның үстіне жергілікті халықтың дастарханын жүдетпейтінін айтсаңшы.
Еңкеюге ерінбеген ел тамаша табиғаттың тартуымен ырыздығын теріп жеп тұр. Бәрі әдемі, үйлесімді. Тек ас үйде отырып, өнбес істі өзеурей айтып, саясат соғатын біздің жұртты көре алмағандығымыз ғана өкінішті.
    
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар