Халық қалаулысы жұртшылықпен жүздесті

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы Владислав Косарев Бурабай аудандық мәдениет үйінде аймақ тұрғындарымен кездесіп, оларды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

 

Депутат тұрғындармен өткен жиында, ең алдымен Парламент Мәжілісі депутаттарының өткен жылдың қыркүйегі мен ағымдағы жылдың маусымына дейінгі аралықта атқарған жұмыстары жайында айтып берді. Мәжіліс депутатының айтуынша, осы тоғыз ай ішінде 68 заң жобасы әзірленіп, қабылданған және 22 заң жобасы қаралып жатыр екен. Коммунистік халық партиясы фракциясының мүшелері жол қозғалысы ережелері туралы заңнамаға өзгертулер енгізуге 120 ұсыныс жасапты, оның 54-і жаңа заңға енгізілген. Сонымен бірге, халық қалаулысы коммунистік партияның халықпен тығыз байланыс орнатқандығын айтып, тоғыз айдың ішінде азаматтардан 700-ден астам өтініш түскендігін, олардың мәселесін шешуге қолдан келген көмектерін бергендігін де атап өтті.
Халық қалаулысының қабылдауына жиырмаға жуық адам келіп, өздерінің жеке мәселелері бо-йынша көмек сұрады. Ең алдымен, оның алдына келген аудан орталығының тұрғындары Щучинск қаласында бірнеше пәтерді жалға алып, кейін оларды тәулік немесе сағат бойынша басқа біреулерге жалға беретін субарендаторларға қатысты мәселе көтерді. Олардың табысының көптігіне қызыққандықтан емес, түнгі уақытта көршілерінің мазасын алатындығын, жастардың айқай-шуға толы жиындары ұйқыларын бұзатындығын айтып, шағымданды. Бұл орайда, Мәжіліс депутаты қала тұрғындарына өз атына  хат жолдауды және оны заң және құқық қорғау органдарының көмегімен шешіп беретіндігін айтты. Облыстық балалар ауруханасына 3 жасар қыздарын әкеліп, кейін дәрігерлердің жауапсыздығынан кішкентайларынан айырылып қалған Надежда мен Игорь Жариковтар, аурухана дәрігерлерін жауапқа тартуды сұрады. Бұл мәселе бойынша қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондықтан, халық қалаулысы оларға сот шешімінен кейін барлық құжаттар толық қолдарында болған кезде хабарласуларын өтінді. Сонымен бірге, қабылдауға келген тұрғындар Щучинск қаласының жолдарын жөндеу, орталық саябақты қайта қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыру мәселелері бойынша өздерінің өтініштерін айтып, қалалық әкімдіктің өкілдерінен тиісті жауаптарын алды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар