Көшбасшы мектебі ашылды

Облыстағы нәзік жандылардың қоғамдық-саяси және экономикалық салаларға  белсене араласып, бәсекеге қабілеттілігі мен көшбасшылық қасиеттерін дамыту мақсатында Көкшетау қаласында әйелдердің көшбасшылық мектебі ашылды. 

Ол облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы бойынша «Шаңырақ» әлеуметтік-психологиялық және зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі мен облыстық іскер әйелдер қауымдастығының бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Мектептің негізгі мақсаты – әйелдер қауымының көшбасшылық қабілеттерін дамыту, табысты әйелдердің тәжірибесін таныту, әйелдердің өзін-өзі дамытуына қолдау жасау, олардың құқықтарын қорғап, отбасылық құндылықтарды
насихаттау.
Іс-шараның ашылу салтанатында жоғарыда аталған қоғамдық бірлестіктің директоры Берік Рақышев мектептің жұмысы, курстың маңызы, дәрістердің өту тәртібі, сабақтардың негізгі бағыттары туралы жан-жақты айтып берді. Курс саясаттағы әйел, бизнестегі әйел, қоғамдағы әйел және отбасындағы әйел атты төрт бағыт бойынша ұйымдастырылып, олардың аясында дәрістер, шеберлік сыныптары, тренингтер өткізілетін болады. Мектепке қатысуға ниет білдірген нәзік жандар қауымына жетістікке жетіп жүрген басшылар, бизнесмендер, өз істерінің кәсіби шеберлері, қоғамның көшбасшылары дәріс оқиды. Курсқа қатысамын деушілер тамыз, қыркүйек, қазан айларында әр аптаның бейсенбі күндері келіп, қатысуға болады. Сабақтар «Қоғамдық келісім» мекемесінің бірінші қабатында өткізіледі.
– Бұл жоба ең алғашқыда республикалық іскер әйелдер қауымдастығының ұсынысымен осыдан біраз жыл бұрын басталған болатын. Ол кезде мен мемлекеттік қызметте жүріп, облыста гендерік саясатты жүзеге асыру жұмыстарын атқардым. Ұлттық комиссиядан республикалық іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырып жатқан жобаны жүзеге асыру туралы тапсырма келген соң,  2011 жылы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанынан ең алғаш рет аталмыш мектеп ашылып, өз жұмысын бастады. Әйелдер тарапынан жобаға қызығушылық көп болды. Бірнеше топ құрылып, олар курстан өтті. Алғашқы екі жылда біз әйелдерді шешім қабылдау деңгейін жоғарылату, осы бағытта оларға қолдау көрсету жұмысын ұйымдастырдық. Өңірде басшылық қызметтегі және депутат әйелдердің санын көбейту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Аталмыш курсқа қатысушылар арасында қызметінде жоғарылағандар бар. Аудандарда депутаттардың кем дегенде екеу-үшеуі әйелдер қауымынан сайланды. Бір мысал келтіретін болсам, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова осындай жолмен қатардағы бас маман қызметінен бөлім басшысына, кейін біздің жоғарылату туралы ұсынысымызбен  басшының орынбасары лауазымына көтерілді. Сол сияқты әкімдікте де лауазымды қызмет атқарып жатқан азаматшалар көп,– деді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дәмелі Қойшина.
Шортанды ауданының әкімі қазіргі таңда әйел адам. Оның өзі қауымдастықтың біраз жылдар бойы әкімдер қатарына да әйелдер қауымынан сайлау қажеттігі туралы айтылып келген ұсынысының нәтижесі екен. Курсқа кез келген әйел қатыса алады. Алғашқыда Марал Жақыпова, кейін Сәуле Ибраева жетекшілік еткен мектепті биыл басшылық лауазымдарда тәжірибесі мол Наталья Замолоцких басқарады. Жиын барысында мектептің бұрынғы жетекшісі атқарылған жұмыстары бойынша есеп беріп, жаңа басшыға сәттілік тіледі. Қазіргі таңда курсқа отыз шақты әйел жазылыпты.
– Курстардың төрт бағыты да маңызды. Мен курстың бизнестегі әйел бағыты бойынша дәріс алғалы отырмын. Үй шаруашылығы, бала тәрбиесі секілді жағдайлармен біраз уақыт үйде отырып қалдым. Сабақ аяқталған соң өзімнің жеке бизнесімді бастағым келеді. Өз мамандығым банк саласымен байланыс-ты. Бірақ, қазіргі уақытта өзің үшін пайда табу маңызды деп ойлаймын, – дейді курсқа қатысуға келген Динара Смағұлова.
Мектептің ашылу салтанатына арналған жиыннан кейін курс бағыттары бойынша алғашқы сабақ өткізілді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар