Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ ЖӘНЕ РУХ ҚУАТЫ - АРҚА АЖАРЫ

ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҚ ЖӘНЕ РУХ ҚУАТЫ

Биыл белгілі түрколог-ғалым, жазушы Немат Келімбетовтың туғанына 80 жыл толып отыр. Бұл жөнінде еліміздің ақпарат құралдарында керемет естеліктер жазылып та, айтылып та жатыр. «Керемет» деуіміздің себебі, ол кісінің өмірі мен шығармашылығы ешбір адамды бейжай қалдырмайды, адамзат тарихындағы ең ғажап азаматтық ерліктердің бірі деуге болады. Жазылғандарды толықтыра түсу ниетімен төмендегі жолдарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. 

Немат ағаны бұрын кітаптары арқылы, баспасөздегі кесек материалдары арқылы сыртынан ғана білгендігім болмаса, кездеспеген де, көрмеген де едім. Өкінішке орай, танысып араласудың, шығармашылық пікірлес болудың жолы ол кісі қайтыс болардан бірнеше ай ғана бұрын түсті. Ғалым аға өзінің «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» атты кітабын орысшаға аудартқысы келіп, маман іздегенде, білетін жақын адамдар мен туралы айтса керек. Содан іле мені Алматыға шақыртты.
Алғашқы кездесуіміз ол кісі дем алып жатқан Алатаудың баурайындағы мықты бір санаторийде өтті. Бұған дейін, әрине, ағай туралы, оның қиын тағдыры, бұдан қырық жылдай уақыт бұрын айықпас дертке душар болып, мүгедек арбасына таңылғандығы, өмір бойы күресіп келе жатқандығы туралы біраз естіп едім. Шынымды айтсам, осындай қатыгез ғұмыр қажытқан, адамның санасы түйсіне бермейтін әр күн үшін арпалыс шаршатқан қарияны көретін шығармын деп ойлағам. Қатты қателесіппін.
Үстелге дастарқан мәзірі жасалған қонақ бөлмеге кіргеніме екі-үш минут өткен жоқ, қапталдағы бір бөлмеден балаң жігіт ағай отырған колясканы енгізді. Тұрып сәлем бердім. Әлгіндей болмай әңгіме жарасып жүре берді. Бірден байқағаным – Немат ағаның аса жылы, мейірімді жүзі, көзәйнектің астынан ерекше шуақ шашып тұратын нұрлы көздері, маңайын лезде баурап әкетер тылсым күш таратып тұрған аурасы. Бұған дейінгі болжамым әп-сәтте жоққа айналды. Менің алдымда рухы бір мысқал да мұқалмаған, тағдыр тақсіретіне еш мойымаған, өмір үшін, оны барынша мәнді ету үшін күресте жеңіс Олимпінен көрінген нағыз өр табиғатты Ұлы Адам отырған еді.
Ағамыз тамаша әңгімешіл екен. Өзара басталайын деп отырған шығармашылық әріптестігіміздің бағыт-бағдарлары туралы айта отырып, кейде басқа арнаға да түсіп кетеді, содан ал келіп төгіледі дейсіз. Түркология деген әлемнен менің хабарым, әрине, мүлде аз, бұл өзі ұшы-қиыры жоқ ғылым мұхиты ғой. Сол айдынға түсіп алып көсілтіп келе жатқан Немат ағаның кемесі соңына ерген менің астау-қайықшамды жаңқаша қақпақылдайды. Неткен білім, неткен тереңдік деп іштей тамсануға ғана шамам келіп отыр. Сөз арасындағы ол кісінің жеңіл әзілі, жымиып қана қосып жіберетін неше түрлі күлдіргі эпизодтары әңгімеге тіпті, ерекше нәр береді екен. Және өзі сөйлей отырып, маған да ара-тұра сұрақтар қойып қояды, сөйтіп, көп ұзамай мен туралы да біраз дерекке қанық болды ғой деймін…
Содан бір айдай ғана уақыт өткен соң Немат ағадан тағы шақырту алдым. Бұл жолы Республикалық кітапханада ғалым-жазушы ағамен кездесу, нақтылап айтсақ, «Н.Келімбетов – жазушы, түрколог-ғалым» атты дөңгелек үстел және «Үміт үзгім келмейді», «Түркі халықтарының ортақ әдеби жәдігерлері» кітаптарының түрік, қытай, араб, неміс тілдеріндегі жаңа басылымдарының тұсаукесер рәсімі жоспарланған екен. Дөңгелек үстелді белгілі жазушы Смағұл Елубай жүргізіп отырды. Немат ағаның өмірі мен шығармашылығы туралы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин, аталмыш кітаптарды түрік тіліне аударған Ыстамбұл көркемөнер университетінің профессоры Абдуахап Қара, Бейжіңдегі Ұлттар баспасының жетекші редакторы Айқын Әбиден, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Шерубай Құрманбайұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев, басқа да біраз ұлт зиялылары сөз сөйледі. Соңында ғалым ағаның өзі ұйымдастырушыларға деген ризашылық сезімімен, жүрекжарды ойларымен бөлісті.
Кітапханадағы кездесуден кейін Немат ағаның үйінде болдық. Бір ғажабы, сол жолы кітапханадағы ресми кездесуде де, үйіндегі дастархан басындағы отырыста да ол кісі аса бір жайдары көңіл-күйде, толқу үстінде болды. Әр сөзі шабытты шығып отырды, әзіл-сықақ әдеттен тыс көп төгілді. Кейін түсіндік: бұл біздің қазақи ұғымда «бой жазу» деп аталатын адамның фәниден бақиға аттанарда жазмыштың оған жіберетін аз уақыт жеңілдігі екен ғой.
Көп ұзамай қаралы хабар жетті – 2010 жылдың желтоқсанында көрнекті филолог ғалым, жазушы, аудармашы, түрколог, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, халықаралық Күлтегін атындағы сыйлықтың, әдебиет саласы бойынша Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты Немат Келімбетов қайтыс болды.
Осы бір ғажап адам өзінің шығармашылық ғұмырында талай тамаша көркем туындылар мен терең ғылыми зерттеулерді дүниеге келтірді. Қиын өмірінің көп жылын көне түркі әдеби ескерткіштерді зерделеуге арнады. Әр жылдары ғалымның «Ежелгі түркі поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиеті бастау-
лары», «Көркемдік дәстүр жалғастығы», «Ежелгі дәуір әдебиеті», т.б. іргелі еңбектері жарық көрді. Ол қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі бағдарламасы бойынша жоғары оқу орындары студенттері үшін жазылған бірқатар оқулықтар мен оқу құралдарының авторы.
Оның көркем әдебиет саласында жазған «Үміт үзгім келмейді» монолог-повесі, «Ұлыма хат» және «Қариялар» эсселері, сұхбат түрінде жазылған «Күншілдік» кітабы, тағы басқа шығармалары бүгінгі күннің халық сүйіп оқитын дүниелеріне айналды. Өйткені, бұл шығармалар қарапайым, бірақ, баршаға түсінікті де жақын категорияларға, яғни, өмірде, ең алдымен өз арыңның алдында, адал болу; халықтың ғасырлар бойы сұрыпталған салт-дәстүрлерін қастерлеу; алға қойған ізгі де айқын мақсатқа ұдайы ұмтылу сияқты өзекті ұғымдарға негізделген. Сондықтан, бұл кітаптардың көпшілігінің шет тілдеріне аударылуы заңды болса керек. Нәтижесінде, әлем жұртшылығы Немат ағаның шығармашылығына жоғары баға берді: 2010 жылдың қарашасында, дүниеден өтердің алдында ғана, ол Еуропаның ең мәртебелі әдеби сыйлықтарының бірі, 2001 жылы тағайындалған Франц Кафка атындағы Халықаралық сыйлықпен марапатталды.
Ол кісі фәниден бақиға аттанатын жылы тағы бір қуанышты оқиғаның куәсі болдық. Қытай мен Орталық Азия елдері достық қауымдастығы және «Қытай суретшілерінің бейбітшілік жолы» қозғалысын ұйымдастыру комитеті Қазақ елі мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты дамытуға қосқан үлесі үшін Немат Келімбетовты «Бейбітшілік жолындағы гуманитарлық ынтымақтастық» кубогімен және Құрмет дипломымен марапаттады. Ерекше атауға тұратын мәселе – бұл аталмыш қауымдастықтың өз тарапынан сырт жұрттың өкіліне берген тұңғыш сыйлығы екен.
Тағы бір атап өтетін жайт – 2008 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық театрының сахнасында Н.Келімбетов шығармалары бойынша тамаша спектакль қойылды, ол біздің қаламыздағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ театрында да сахналанған болатын, бүгінде республиканың басқа да театрларында табысты жүріп жатыр. Бұл халықтың, әсіресе, жастардың сүйіспеншілігіне бөленген қойылымға айналды.
Немат ағаның көркемдік мұрасында біраз аудармалар да бар. Ол адам айтқысыз еңбекқорлығының арқасында, өзін көп жыл төсекке таңып тастаған аса ауыр науқасқа қарамастан, жазылмайтын дертпен ұдайы қайыспас күрестің нәтижесінде он шақты кітапты қазақ тіліне аударды, бұлардың алтауы – қомақты романдар. Аудармалардың ішінде армян жазушысы Леонид Гурунцтың «Шіркін, біздің Шушикент!», украин қаламгері Василь Козаченконың «Найзағай», өзбек жазушылары Саид Ахмадтың «Көкжиек», Пірімқұл Қадыровтың «Жұлдызды түндер» романдары бар.
Немат аға өмірінің қырық жылдайын алғашқы кезде қозғалмастан кереуетте, содан кейін – мүгедек арбасында өткізді. Бірақ, ол ешуақытта тағдырына налалы болған емес, жақсылықтан, жеңісті күндердің туарынан күдер үзген емес, тіршілікте шын мәніндегі оптимист болып қала берді. Тіпті, өзінің адам айтқысыз жанкешті еңбегімен ғылымда да, әдебиетте де биік шыңдарға шықты, ұлдарын Отанымыздың лайықты азаматтары етіп тәрбиеледі. Басына түскен зіл батпан тауқыметке қарамастан ол тіршілікті керемет сүйген еді, сөйтіп, өз өмірінің толыққанды, адамдарға пайдалы болуы үшін, оларға танып білу қуанышын сыйлау үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Н.Келімбетовтың өмірді сүю қуаты, сол өмірді жасампаз ету жолындағы адам нанғысыз жанкештілігі – нағыз үлгі, ол кімді болмасын тәнті етеді. Міне, осы тұрғыдан келгенде бұл ағамыздың ғылым мен әдебиеттегі жетістіктері, рухани өмірдегі орны, тіпті, әлемдік қауымдастықтағы салмағы кешегі кеңес заманында бізді құлдық ұрғызған Николай Островскийден артық болмаса, бір мысқал да кем емес.
Немат Келімбетовтың шығармалары әлемнің жиырмадан астам тілдеріне аударылды. Басқа халықтар оқырмандары арасында бұл туындылардың қандай әсер қалдырғаны жөнінде кейбір пікірлерді келтіре кеткен орынды болар.
«Мұндай өмірді сүйетіндерге басыңды жерге жеткенше игің келеді. Менің еркімде болса, мен ең қымбат, ең беделді алтын жұлдыз – халықаралық «Тағзым» орденін белгілер едім. Біз батырлар алдында бас июіміз керек, олардан адам Жер бетінде өз парызын орындамай, уақытсыз өлуге құқы болмайтындығы туралы сабақ алуы-
мыз керек», – дейді Беларусь Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, танымал қаламгер Владимир Липский.
Немат Келімбетовтың кең көлемді ғылыми мұрасын, әдеби туындыларын насихаттауға өз үлесімді қосқанымды қанағаттанғандық сезіммен айтқым келеді. Ғалымның 2005 жылы «Алатау» баспасынан шыққан «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» кітабын өңдеп, толықтырып қайта шығаруға атсалыстым және «Древние литературные памятники тюркских народов» деген атпен орыс тіліне аудардым (2013 жылы Алматыдағы «Раритет» баспасынан жарық көрді). Бұдан басқа да үш кітабын және бір драмасын орысшаға тәржімеледім. Менің ойымша, біздің парызымыз, оның артында қалған барлық ізбасарларының рухани парызы осында, яғни, өзінен кейінгілерге ұлан-ғайыр мұра қалдырған, шын мәніндегі ұлы адамның һәм ғалымның жарқын бейнесін және тасқа басылған сөз түріндегі аңғарғыш ақылын, ешкімге ұқсамайтын пайымдауларын мәңгі сақтауда жатса керек.
Ағамыздың басты әдеби шығармаларының бірі «Үміт үзгім келмейді» деп аталады. Әрине, ол өмірден ешқашан үміт үзген емес, өйткені, өз рухының алапат қуатына сүйенді, өзінің тіпті, ақылға сыймас еңбекқорлығы, табандылығы діттеген мақсат биігіне алып шығатынына кәміл сенді. Шүкіршілік, сөйтіп, бұл дүниеде ұлы үмітінің ақталғанын көзі көріп кетті.
Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ,
жазушы-аудармашы.
Көкшетау қаласы.

Суретте: асыл аға үйіндегі соңғы кездесу сәті (солдан оңға қарай). Отырғандар: жазушы-баспагер Райхан Мәженқызы, Түркиядан келген ғалым Әбдуақап Қара,
Немат Келімбетов, халық әртісі Сәбит Оразбаев және Ғосман Төлеғұл.
Түрегеп тұрғандар: Немат ағаның жақын қарындасы, Қытайдан келген баспагер Айқын Әбиден және Еуразия Ұлттық университетінің ұстаз-ғалымы Дүкен Мәсімханұлы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар