Шаруасы өрге басқан «Родина». Алдағы орақтың қам-қарекеті.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Целиноград ауданындағы «Родина» агрофирмасы» серіктестігінде болып, бірқатар әлеуметтік-денсаулық сақтау нысандарының жұмысымен танысты және агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ғылыми-консультативтік кеңестің мәжілісін өткізді. 

 Облыс басшысы жұмыс сапары барысында  Родина селосындағы білім беру және денсаулық сақтау нысандарын аралап көрді. Алдымен ат басын тіреген дәрігерлік амбулатория қазіргі заман талабына сай жарақталған. Бас дәрігер Алена Злодеева селодағы дәрігерлік амбулаторияны аралатып көрсетті. Мұнда ерлер мен әйелдерге арналған массаж кабинеттері, тіс дәрігері кабинеті бар. Өткен жылы күндізгі стационар ашылыпты. Айта кетерлігі, стоматология қызметінің бәрі тегін көрсетіледі. «Родина» агрофирмасы» серіктестігі демеушілік етіп отырған ауыл емханасындағы қарапайым халыққа арнап жасалған жағдайларға қарап риза боласың. Дәрігерлік амбулатория  3 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.
Бұдан кейін облыс басшысы селолық кітапханада, орта мектепте болды. Мектепте компьютер сыныбы және лингофонды залмен жарақталған шетел тілі кабинеті, спорт залы бар. Биыл мектепке жаңадан жиһаздар алыныпты. Ол жиһаздардың бәрі жергілікті жерде жасалған. Серіктестіктің тауарлы-сүт фермасын көрген облыс әкімі мұнда жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. «Родина» агрофирмасы дайындаған сүт өнімдері Астананың сауда орындарында үлкен сұранысқа ие.  Бүгінде серіктестікте  4 мыңнан астам ірі қара бар болса, оның 1500-і сауын сиыр екен. Егіншілікпен қоса, мал шаруашылығын дамытып және мал өнімдерін өздері ұқсатып отырған іргелі шаруашалықтағы атқарылып жатқан істер көңіл сүйсінтеді.
2014 жылы салынған село саябағы бүгінде жергілікті тұрғындардың дем алатын сүйікті орнына айналған. Шаруашылығы өрге басқан серіктестік жүздеген адамды еңбекпен қамтып қана қоймай, туған ауылдарын да заман талабына сай көркейтуге әрдайым жете көңіл бөлетіндігі жайқалған әсем саябақ пен осы аумақта орналасқан хайуанаттар паркінен анық байқалады. Серіктестік ауылдарда салауаттылықты насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға да жете көңіл бөліп келеді екен. Хоккей кортына қыруар қаржы бөліп, жасанды мұз айдынын салғызу жоспары осыны аңғартады. Серіктестік директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Иван Сауэр облыс басшысына атқарылып жатқан шаруалармен бірге, ойға алған жоспарларын да  айтып берді. Ауылда төрт қабатты қазіргі заманғы спорт кешенін салу жобасы таяу жылдарда жүзеге асырылмақшы.
Агрокеңес басталар алдында селолық мәдениет үйінің фойесінде жергілікті жобалардың тұсаукесер көрмесі өтті. Осы көрме аясында ғарышкер, Халық Қаһарманы Айдын Айымбетов те өз жобасы туралы айтып берді. Кеңесті ашып жүргізген облыс әкімі  қазіргі алда тұрған ең маңызды міндет егін орағын ойдағыдай өткізіп, ел ырыздығы алтын астықты уақытында ысырапсыз жинап алу екендігін айтып, осы орайда атқарылуға тиісті нақты міндеттерге назар аударды.  Бұдан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан егін жинау науқанына дайындық пен оны жүргізуге қатысты жайларды жан-жақты баяндап берді. Биылғы жылы облыс диқандары 4,2  миллион гектар алқапқа дәнді және бұршақ дақылдарын егіп, 4 миллион тоннадан астам астық жинаймыз деп жоспарлап отыр.  
«А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-інің бас агрономы Айбек Төлегенов биылғы жылғы егін жинау науқанының технологиялық ерекшеліктері жайында баяндады. Ылғал үнемдегіш технологияны пайдаланып, тыңайтқыштар қолданған шаруашылықтардың егіні біршама бітік шықты. Сандықтау ауданының әкімі Асылбек Исмағамбетов  аудан шаруашылықтарының егін орағына дайындығы жайында айтса, Шортанды ауданындағы «Нұр Астық КЗ» серіктестігінің директоры Болатбек Наурызбаев өзі басқаратын шаруашылықтың егін жинау науқанын қалай өткізгелі отырғандығын баяндады. «Қазгидрометтің» облыстық филиалының директоры Бақыт Мақажанова егін жинау науқаны кезіндегі ауа райы болжамы жайында әңгімеледі. Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыс агроөнеркәсіп кешенін одан әрі дамытуға қатысты ғылыми ұсыныстар жөнінде «Ұлттық аграрлық ғылыми-ағарту орталығы» АҚ басқарма басшысы, мал дәрігерлік ғылымдарының докторы Асқар Наметов, «Қазақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ғылыми-зерттеу институты» серіктестігінің бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Ғайни Сарбасова, «Родина» агрофирмасы» серіктестігінің бас директоры Иван Сауэр сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды. Кеңесті қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин алда тұрған ең басты міндет егін орағын сапалы және қысқа мерзімде өткізу екендігін айтып, облыс аграршыларының назарын осыған аударды.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар