Жаңа оқу жылының алдындағы қарбалас

Оқу жылының  басталуына санаулы күндер  қалды. Ата-аналар балаларын жетектеп, базар аралап, киім таңдап, жаңа оқу жылына қажетті керек-жарағын сатып алуда. Жыл өткен сайын оқу құралдары мен мектеп формаларының бағасы қымбаттай түсуде.

Сапасы жақсы болған күннің өзінде бағасы қымбат киімдерді кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Оқулық мәселесі де қалай шешілуде? Осы сұрақты біз облыстық білім басқармасының оқу материалдық базасын нығайту және дамыту бөлімінің  басшысы Салтанат Смағұловаға қойған болатынбыз.
− Жаңа оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен екінші, бесінші, жетінші сыныптар мен  мектепалды даярлық топтарын қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 1 миллиард 69 миллион теңге бөлінді. Оқушыларды оқулықтармен 100 пайыз қамтамасыз ету үшін бұған қоса, облыстық бюджеттен тағы  364 миллион теңге қаражат қарастырылған. Қазіргі таңда оқулықтардың 75 пайызы қалалық мектептерге, аудан орталықтары  мен ауылдық жерлерге таратылды. Демек, 1 қыркүйекке дейін барлық оқушылар оқулықтармен толық қамтамасыз етілетін болады, − дейді бөлім басшысы.
Қазіргі таңда балабақшадағы ересек топқа баратын балдырғандарымызға да оқу құралдары, киім-кешек ауадай қажет. Себебі, оларда да мектепалды даярлық басталады. Бұл жөнінде Салтанат Смағұлова:
− Жергілікті бюджеттен мектепалды даярлық тобына тек кітаптарға ғана ақша бөлінеді, ал,  дәптерлерге қаражат бөлінбейді. Сондықтан, қоршаған орта, мүсіндеу, математика, көркем әдебиет, тағы басқа пәндерден қажет дәптерлерді ата-аналар өздері сатып алады, − деп түсіндірді.
Оқу құралдарын сатып алу үшін қанша төлейтініңіз өзіңіздің таңдауыңызға байланысты. Қазіргі таңда оларға сұраныс көп. Сатушылар бір қалың дәптердің бірнеше түрін ұсынады. Ер баланікі бір бөлек, қыз баланікі бір бөлек дегендей, балаңыздың  талғамына қарай сатып алуыңызға болады. Қаламның бағалары 15, күнделік − 250, жұқа дәптер − 16 теңгеден басталса, қарындаш − 20-100 теңге, түрлі-түсті қарындаштар − 100-1500 теңге, сызғыш − 20-300 теңге, бояулар − 140-700 теңге, фломастер − 300-1000 теңге, қаламсауыт 225-1200 теңге, сөмке − 3000-8000 теңге аралығында.
Қазіргі таңда мектеп оқушыларының біркелкі киім киетіндігі баршамызға мәлім. Салтанат Смағұлова ұстаздар мен ата-аналардың ұйғарымына қарай оқушылардың мектеп формасы әр мектепте әртүрлі екендігін де айта кетті.
Осы орайда, Көкшетау қаласындағы №1 орта мектептің оқу ісінің меңгерушісі  Елена Глухарева:
− Бастауыш мектеп оқушыларына біркелкі киім тіктіру үшін 2 фирмамен келісім-шартқа отырдық, – дейді. Осы орайда, үлкендердің ертеде мектеп формасы бүкіл еліміз бойынша біркелкі болғанын айтып отыратыны еске түседі. Әр мектепке киімді өздеріне таңдатқанша, Білім және ғылым министрлігіне неге солай істемеске?!.
Балаларын мектепке дайындап жүрген ата-аналардың бірі − екі баланың анасы Әсел Әлмамбетова осы тұрғыда:
− Қызым 10 сыныпта, ұлым 4 сыныпта оқиды. Біреуі №18 орта мектепке, екіншісі №13 орта мектепке барады. Оқулықтарын мектепте береді, кітап сатып алмаймыз. Қазір балаларыма киім, кеңсе тауарларын алудамын. Сол үшін базарды, сауда үйлерін, көтерме бағамен сататын дүкендерді аралап жүрмін, − деп жауап берді.
Қыздарға арналған мектеп формасының бағасы 4000-6000 теңге, ал, ер балалардың
костюмы − 9000-11000 теңге, жейде − 2500-4000 теңге, юбка − 2500-3500 теңге, күрте − 3000-6000 теңге, туфли − 3000-5000 теңге маңайында. Әр оқушыға  дене шынықтыру сабағына спорттық киім, аяқ киім де қажет. Олар да аз тұрмайды. Бұл тек базардағы киімдердің бағалары. Ал, балаңызға сапасы жоғары киімдер сатып алғыңыз келсе, олардың бағалары әлдеқайда қымбат.
Сонымен, бір баланы мектепке жинау үшін кем дегенде  50-60 мың теңге  қаражат қажет. Егер отбасыңыз көпбалалы болса, шығынның көлемі еселеп арта түспек. Біз сатушыларға не себепті балалардың киімі қымбат деген сауалды да қойған болатынбыз. Олар өздерінің тауарды барып алып келуге, жолына, тамағына кететін қаражатты ескере отырып, осындай қымбат бағамен сатуларына тура келетіндігін айтып түсіндірді.
Ал, енді мектептердегі жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары  аяқталды ма? Бұл сұраққа Салтанат Смағұлова былай деп жауап берді:
− Қазіргі таңда облысымызда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары негізінен аяқталды. Дегенмен, әлі де жөндеу жұмыстары 10 мектепте жүріп жатыр. Оның 3-еуінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Олар Есіл ауданының Ақсай орта мектебі, Жарқайың ауданының Н.Островский атындағы мектебі және Щучинск қаласының №8 орта мектебі. Соңғы  мектепке 420 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Бұл білім ордасының іргесі қаланғаннан бері ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп тұрғанымен, күрделі жөндеу жұмысы бірінші рет атқарылуда. Сондықтан, оқушылардың ата-аналары уақытша қиындықтарға қарамастан, осындай істің қолға алынып жатқанына риза. Жөндеу жұмыстары қазан айының бірінші жартысында аяқталады деп күтілуде.  Әзірше балалар жақын маңайдағы басқа мектептерде оқи тұрады.
Ертең облыс мұғалімдерінің жылдағы дәстүрлі тамыз кеңесі. Онда да білім саласына қатысты көп мәселелер ортаға салынатыны белгілі.
Роза БЕКЕНБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар