Жақсылық әкелген велошеру

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Щучинск-Бурабай» курортты аймағында өткен бесінші «Charitу Tour de Borovoу» қайырымдылық велошеруінің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі. 

–  «Charitу Tour de Borovoу» Қазақстан Республикасында велосипед спортын дамытуға және дәріптеуге жағдай жасап, ем мен оңалтуға мұқтаж балаларға ерекше көңіл бөліп отыр,–деді министр. «Astana Pro Team» командасының бас менеджері Александр Винокуров ізгі бастаманың жүзеге асуына қолғабыс еткендердің барлығына алғысын білдірді. «Astana Pro Team» командасы бұл іс-шараны жылда кеңінен қолдап отырғанын атап өту қажет. «Charitу Tour de Borovoу» идеясына бас-тама берген бизнесмен, меценат және «Асыл Мирас» қайырымдылық қорының негізін салушы Болат Өтемұратов велошеруді әрі қарай да өткізуге ниетті екенін жеткізді. Ол алдағы жылдары іс-шараның ауқымы кеңейіп, көптеген балалар көмекке қол жеткізетініне үміт білдірді.
Аталмыш қайырымдылық қоры 2013-2014 жылдары «Ақмола облыстық перинатальдық орталығы» кәсіпорнына 68,5 миллион теңгенің медициналық қондырғылары мен техникалық жабдықтарын сатып әперді. Сондай-ақ, 2015 жылы Щучинск қаласындағы сәбилер үйі мен Ақмола облыстық мүгедек балаларға арналған интернатқа 60,7 миллион теңгенің, өткен жылы облыстық балалар ауруханасы мен үш балалар үйіне 41 миллион теңгенің көмегін көрсеткенін атап өткен жөн. Биылғы жылғы қайырымдылық велошеруді Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Асыл Мирас» қоры мен «Rixos Borovoe» қонақ үйі ұйымдастырды. Мерейтойлық велошеру көптеген көрсеткіштер жағынан рекорд орнатты. Биыл іс-шараға мың жарымнан астам адам қатысып, оның ішіндегі жеті жүзден астам қатысушы отыз шақырымға созылған жолды велосипедпен еңсеріп өтті.
Жиналған қаржы сомасы 160 миллион теңгеге жетті. Бұл іс-шараға Данияр Елеусінов, Серік Сәпиев, Илья Ильин, Галина Воскобойникова және Якуб Вуйсен сияқты белгілі спорт жұлдыздары қатысқанын атап өткен жөн. Біз велошеруге қатысқан «KASSA NOVA» банкінің өкілі Асхат Әбдуәлиевті жолықтырып, әңгімеге тарттық.
– Бұл шараға төртінші рет қатысып отырмын. Қайырымдылық шара жоғары деңгейде өтуі тиіс. Біздің қоғам мұндай мәселеден шет қалмауы керек. Мүмкіндігі шектеулі балалардың мәселесіне назар аударып отырған мұндай қордың бары қуантады, – дейді ол. Бес жыл ішінде жиналған қаржы сомасы он төрт есеге артып, 463,5 миллион теңгені құрады. Ал, қатысушылар саны жеті есе өсті. Биылғы жылы аукционнан 102 миллион 900 мың теңге, балалардың суреттері жәрмеңкесінен 684 мың теңге жиналды. Жеке және корпоративтік жарналар 30 миллион 416 мың теңгеден асып, меценаттардың жанашырлық жәрдемі 26 миллион теңгеге жетті. «Асыл Мирас» жеке қайырымдылық қоры жиналған қаржыға Петропавл қаласындағы облыстық балалар ауруханасына, Талдықорған қаласындағы облыстық перинатальдық орталыққа, Орал қаласындағы балаларға арналған облыстық көпбейінді ауруханасына, Ақтөбе қаласындағы балаларға арналған клиникалық ауруханасына, сондай-ақ, Орал қаласындағы батысқазақстандық мүгедек балалардың «Бәйтерек» облыстық қоғамдық бірлестігіне арнап медициналық жабдықтар сатып алады. Жыл сайын өткізілетін «Charitу Tour de Borovoу» велошеруі салауатты өмір салтын қолдап, қазақстандықтардың қайырымдылыққа белсенді қатысуына және ішкі туризмді дамытуға үлесін қосуға көмектеседі.

 Рамазан БАЯҚҰЛЫ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар