Жарқайың ауданындағы үш күнге созылған «Ақ бидай-2017» ХХХ облыстық жазғы спартакиадасы мәреге жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылған спорттық додада жарқайыңдықтар мен көкшетаулықтар алдарына жан салмай, командалық есепте үздік атанды.
Облыстық спартакиада ерлер мен әйелдер арасында өткен волейбол, баскетбол, футбол ойындарынан және үстел теннисі, шахмат, дойбы, жеңіл атлетика, спорттық туризм, президенттік көпсайыс, отбасылық старттар секілді спорт ойындарының тоғыз түрінен өтті.
Аудандағы жаңа спорт стадионы мен А.Үкібаев атындағы орта мектептің спорт залында, аудандық мәдениет үйінде өткен жарыстар жеңіске деген ерекше талпыныс пен құмарлықтың арқасында спорт сүйер қауымды қызықтырып әкетті. Волейбол жарысына әйелдер мен ерлер арасында 6 командадан қатысты. Нәзік жандылар арасындағы қызу тартыста Жақсы ауданының намысын қорғаған команда жеңіске жетсе, ерлер арасында Атбасар ауданы үздік деп танылды. Футбол ойынына қатысқан төрт командадан Көкшетау қаласының спортшылары үздік нәтиже көрсетті, степногорлықтар мен есілдіктер екінші және үшінші орындардан көрінді. Жаңа стадионға ие болып отырған алаң иелерінен келесі жылы футболдан жақсы нәтиже күтеміз. Ал, баскетбол ойынының қорытындысына сай, атбасарлық әйелдер мен ерлердің командалары қарсыластарына есе бермей, жеңіс тұғырын бағындырды.
«Жастар» стадионында өткен жеңіл атлетика мен отбасылық старттар «Ақ бидайдың» ең қызықты әрі тартымды кезеңі деп айтуға болады. «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген ұранмен өтетін мұндай жарыстардың қатысушылары да көп болатыны анық. Бұл жолы көкшетаулықтар тағы да алдарына жан салмай, үздік нәтижеге қол жеткізді. Бұлай болмауы да мүмкін емес еді. 800 метрлік қашықтыққа жүгіруден Алина Баттырдинова, 100 метр қашықтықта Юлия Сыромяжко, осы қашықтық бойынша ерлерден Дмитрий Савон, ұзындыққа секіруден Әнел Берікжанова сынды жеткіншектер үздік өнер көрсетіп, қарсыластарын шаң қаптырды. Жеңіл атлетика нәтижелері бойынша екінші орынды бурабайлықтар еншілесе, үшінші орын жарқайыңдықтардың қанжығасында қалды. Отбасылық старттар қызықты ойындарынан Бурабай ауданының бірлігі жарасқан Келдияровтар отбасы жеңіске жетті. Екінші және үшінші орындар жарқайыңдық Қоламбаевтар мен ерейментаулық Пырхтардың отбасыларының еншісіне бұйырды.
«Ақ бидай» спартакиадасында деміңді ішіңе тартып, спортшыларға ерекше қолдау көрсетіп отыратын қызықты ойындарының бір түрі – спорттық туризм. Түрлі тактика мен техникаларды қолдану арқылы жасанды кедергілерден өту спорттық сайысында көкшетаулықтар тағы да ешкімге есе жібермей, үздік шықты. Екінші және үшінші орындар тұғырына Зеренді және Атбасар аудандарының спортшылары тұрақтады.
Президенттік көпсайыста Степногорск қаласының спортшылары жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, бірінші орынды иеленді. Ал, үстел теннисі бойынша қорғалжындықтар жеңіске жетті. Шахмат пен дойбы ойындарынан да көкшетаулықтар үздік атанды.
Жалпы командалық есепте қалалар арасында Көкшетау қаласы бірінші орынды иеленіп, 300 мың теңгенің сертификатын ұтып алды. Екінші орын және 200 мың теңгенің сертификаты Щучинск қаласының еншісіне бұйырды. Үшінші орынды Атбасар қаласы иеленіп, оларға 100 мың теңге берілді. Дәл осындай сыйлықтар аудандар арасында үлестіріліп, бірінші орынды Жарқайың ауданы, екінші және үшінші орындарды Зеренді және Шортанды аудандары бөлісті. Бұл сертификаттарға командалар спорттық құрал-жабдықтарды сатып алатын болады. «Ақ бидай» жазғы спартакиадасының жеңімпаздары алдағы уақытта болатын республикалық жарысқа жолдама алады. Олай болса, жерлестерімізге сәттілік тілейміз.
Әрі сөз соңында аудан әкімі Асқарбек Үйсімбаевтың басшылығымен жарқайыңдықтардың осы спартакиадаға тыңғылықты дайындалып, оны жоғары деңгейде өткізгендігін атап өткіміз келеді.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Жарқайың ауданы.