Діни мейрам тағылымы

Біздер жыл сайын асыға күтетін Құрбан айт ғибраты да мол, тағылымы да зор мереке саналады. Бұл араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни, пенденің өзінің ісімен, оқыған намазымен Аллаға жақындауы деген сөз. Ал, шариғат ұғымына келсек, бес парыздың бірін орындау құрбан шалу дегенді аңғартады. 

Құрбан шалу жағдайы келген мұсылманға міндет етіледі. Жағдайы келмеген адам құрбан шалмаса, оған ешқандай күнә жазылмайды. Мысалы, Алла тағаланың Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал», («Кәусар» сүресі, 2-аят) – деп бұйыруы құрбан шалудың маңыздылығын білдіреді.   Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Құрбан шалыңдар! Өйткені, ол Ибраһим бабаларыңның сүннеті», – деуі құрбан шалудың парыз болмаса да, уәжіп амал екенін аңғартады. Себебі, бұл Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасқан жақсы жол десек те болады. Демек, құрбандық шалу үшін адам алдымен мұсылман болып, ақыл-есі бар және балиғат жасына толуы және Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы керектігі басты назарға алынады. Ондай адам негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы керектігі де еске алынады.
Құрбандыққа қандай  мал шалынады?
Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері мынадай болуы қажет:
1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар жарамды. Ал, үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады. Өйткені, мұнда мәжусиларға (отқа табынушылар) еліктеушіліктің нышандары бар. Қой, ешкі, сиыр және түйенің еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет. Дегенмен, алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса, құрбандыққа жарамды. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық мал сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалуы шарт. Шын мәнісінде Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген пайдалары мен хикметтері бар. Дегенмен, негізгі мақсат – Алла тағаланың разылығына бөлену. Мал шалғанда пенделердің ниетінің негізге алынатындығы Құран Кәрімде былайша баяндалған: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін жалғыз нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят).
Құрбандыққа жарамайтын
малдар
– Екі немесе бір көзінің соқыр болуы;
– Бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы;
– Екі құлағының не бір құлағының басым бөлігінің жоқ болуы;
– Тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болуы;
– Қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен сынып қалған болуы;
– Желін ұшының түсіп қалуы;
– Құйрығының жартысы немесе үштен бір бөлігі кесілген болуы;
– Жілігі майсыз, ауру болуы;
– Тумысынан құлағы мен құйрығының болмауы;
– Жетекке көнбейтін және үйірге қосуға жарамайтындай немесе жем беруі қиын тентек болуы;
– Ауру екендігі анық белгілі болуы.
Құрбандық шалуға ниеттенген адамның сатып алған малында жоғарыда аталған кемшіліктер сатып алғаннан кейін пайда болса, орнына басқа мал алып бауыздағаны абзал. Алайда, жағдайы төмен жандарға сатып алған құрбандық малында жоғарыда аталған кемшіліктер пайда болса, орнына басқасын алудың қажеті жоқ. Алған малын құрбандық ретінде бауыздай беруіне болады. Тіптен осындай кемістігі бар малды сатып алып құрбан ретінде бауыздауына да болады. Себебі, жоқ-жітік жанға құрбандық шалу – нәпіл ғибадат болып саналады. Ал, нәпіл ғибадаттар үшін дінімізде кеңшілік пен жеңілдік бар.
Құрбандық шалу уақыты Ғибадат Алла тағала талап еткен, белгіленген мезгілде және орында жасалуы шарт. Сондықтан, құрбанның дұрыс болуы үшін діни тұрғыдан оның белгіленген уақытта бауыздалғаны жөн.
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады.
Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал, жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді. Құрбан айтқа арнап алынған мал құрбан айтта бауыздалмаса, малдың өзін садақа ретінде атау қажет.
Үзір себептерге байланысты құрбан айт намазына бара алмай қалған адамның, намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) құрбан шалудың уақытына байланысты бірнеше хадис риуаят етілген. Бәрә ибну Азибтің риуаяты бойынша: Алланың Елшісі (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген еттен айырмашылығы жоқ. Бұның құрбан болуы мүмкін емес», – делінсе, басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын», – деп намаздан бұрын шалынған малдың құрбандыққа есептелмейтінін ескертеді.

Көкшетаудағы Науан Хазірет мешіті.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар