Кубокты «Құлагер» иеленді

 

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласындағы «Бурабай» спорт сарайында хоккейден Қазақстан Республикасы Кубогы үшін өткен ақтық ойынды тамашалап, жарыс жеңімпаздарын марапаттады. 

Бұл жарыс 19-27 тамыз аралығында Көкшетау мен Павлодар қалаларында өтіп, оған Жоғары лиганың он хоккей клубы қатысты. Командалар екі топқа бөлініп, ойнады. Өз тобында бірінші орын алған Петропавлдың «Құлагері» мен Атыраудың «Бибарысы» финалда кездесті. Ойын басталысымен-ақ, атыраулықтар бірден шабуылға көшті. Дегенмен, осы команданың ойыншылары Денис Макаров пен Виталий Смалдинов бірінен соң бірі ойын тәртібін бұзып, алаңнан қуылды. Бұл сәтті «Құлагер» командасы тиімді пайдалануға қаншалықты тырысқанымен, нәтиже шығара алмады.
Бұдан кейін екі команда да алма-кезек шабуылға шығумен болды. Бір қарбалас сәтте петропавлдық Денис Стасюк соққан шайба қарсылас команда қақпасына дөп түсті. Ойын қыза түсті. Ойынның бірінші кезеңінің соңына екі минут қалғанда «Құлагер» командасының ойыншысы Виталий Андрейкин қарсыластарының қақпасына екінші шайбаны соқты.
Алайда, ойынның екінші кезеңінде петропавлдықтар дұрыс ойын өрнегін көрсете алмады. Оның үстіне осы команданың ойыншылары Данил Васильев пен Виталий Андрейкин ойын тәртібін бұзумен болады. Бұл «Құлагер» командасының ойынына кері әсерін тигізді. Бір қарбалас сәтте атыраулық Максим Будяков соққан шайба қарсылас команданың қақпасынан табылды. Матчтың үшінші кезеңі тартысты өтті. Екі команданың ойыншылары да ойын тәртібін жиі бұзды. «Бибарыс» командасының шабуылы сәтті болып, Вячеслав Трясунов соққан шайба қақпадан табылды.
Матчты 2:2 есебімен таң аяқтаған  командаларға 5 минут қосымша уақыт берілді. Бұл обер таймда әр командадан үш ойыншы ойнады. Петропавлдық Сергей Копылов соққан шайба өз командасын Қазақстан Республикасы Кубогының иесі атандырды. Бұл команда былтыр да осы кубогтың иесі атанғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ, марапаттау салтанатында «Құлагер» командасының ойыншысы Данил Васильевке үздік шабуылшы, атыраулық Дмитрий Степановқа үздік қорғаушы атағы берілді.  Осы күні үшінші орын үшін болған матчта Павлодардың «Ертісі» Көкшетаудың «Арланын» 3:1 есебімен ұтты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар