Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин 2017 жылы Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде қалалық әкімдікте өткен актив жиналысына қатысып, сөз сөйледі және облыс орталығында қордаланып қалған мәселелерді шешуге байланысты қала мен бірқатар ведомство басшыларына тапсырмалар жүктеді.
Облыстық басқарма басшылары, депутаттар мен кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан жиынды облыс әкімінің өзі ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе облыс орталығының 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жа-йында Көкшетау қаласының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады. Оның айтуы бойынша, қалада экономиканың нақты салалары жақсы қарқынмен дамып келеді, өндіріс кәсіпорындары 53 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан 1,5 миллиард теңгеге жоғары. «Молоко Синегорье», «Нәтиже сүт», «Agrimer-Astyk» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қалыптасқан кейбір қиындықтарға қарамастан, өндірістік жоспарларын жүз пайызға орындап шыққан. Бүгінде қала бойынша өңірлік Индустрияландыру картасына құны 20 миллиард теңге тұратын 17 жоба енгізіліп отыр. Осының аясында алдағы уақытта бірқатар өндірістік нысандар ашылып, 1500-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылатын болады. Бір сөзбен айтқанда, бүгінде қаладағы экономикалық жағдай тұрақты. Жыл басынан бері қала қазынасы 10 миллиард 350 миллион теңгемен толыққан.
Қала әкімі өз сөзінде қосымша іске асырылып жатқан жобаларға да тоқталып, жиынға қатысушыларды жаңадан салынып жатқан құрылыс нысандарымен де таныстырып өтті. Әсіресе, тұрғын үй құрылысы саласында жақсы қарқын байқалады. Үстіміздегі жылы облыс орталығында 111 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 40 пайызға жоғары. Қазіргі таңда 14 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.
–Толыққанды шешілмей отырған проблемалардың бірі – балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту. Бұл мәселе біртіндеп шешуді талап етеді. Ағымдағы жылы Бурабай ықшам ауданында, сондай-ақ, Темірбеков-Әуезов көшелерінің қиылысында 280 орындық бала бақша құрылысы жүргізілуде. Юбилейный ықшам ауданында бала бақша салуға жобалық-сметалық құжат дайын тұр. «Нұрлы жол» ұлттық қорының қаражатына салынып жатқан 900 орындық мектептің іргелі жаңа білім ошағы болатынын айта кетуіміз қажет, – деді қала әкімі. Қала басшысы өз баяндамасында бағаны тұрақтандыру, қысқы жылу маусымына дайындық шаралары туралы айта келе, тұрғындардың қоқысты белгіленбеген жерге төге салатынын, қала тазалығына келгенде немқұрайлы көзқарас танытатынын сынға алды. Мұнымен қоймай, қоғамдық орындарда тәртіп бұзатындар азаймай отыр. Есептік мерзім ішінде осындай бұзақылық жасағаны үшін 1452 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл өткен жылғы осы мерзіммен салыстырғанда анағұрлым көп.
Жиында сөз алған облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Владимир Фелбелт жер телімдерін беруге, жаңа құрылыс нысандарын салған кезде облыс орталығының архитектуралық келбетінің сақталмайтындығына қатысты біраз проблемаларды алға тартса, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіров «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспана мәселесі баяу шешіліп жатқанына және оның бағасы әр өңірлерде әртүрлі екеніне сын айтты.
Актив жиналысын қорытындылаған облыс әкімі Мәлік Мырзалин: –Қаланың күн санап көркейіп келе жатқанын бәріміз байқап жүрміз. Дегенмен, уақыт бір орында тұрмайды, сондықтан, бізге де одан әрі дами түсу қажет. Әр ақмолалық туған жерінде, осы қалада өзін еркін сезінуі тиіс. Бұрын тұрғындар арзан азық-түлік іздеп базарға баратын. Қазір олай етудің қажеті жоқ, себебі, қалада күнделікті тұтынатын тауарды қолжетімді бағамен сататын сауда орындары ашылуда. Алдағы уақытта да бағаны тұрақтандыруға қатысты шараларды тоқтатпауымыз керек. Екіншіден, қаладағы жолаушыларды тасымалдап жүрген қоғамдық көліктерді ауыстыратын уақыт әлдеқашан жетті. Күн сайын тұрғындардан автобустардағы сапасыз қызмет жайлы шағымдар келіп түседі. Сонымен қатар, заңсыз такси қызметін де тоқтату қажет. Үшіншіден, абаттандыру, ағаш егу жұмыстары одан әрі жалғасып, Қопа көлінің жағалауы тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналуына барынша жағдай жасалуы тиіс, – дей келе, жиында айтылған басқа да мәселелерді негізге ала отырып, қала әкімі мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.