Облыс әкімі Мәлік Мырзалин облыс орталығындағы «Менің Қазақстаным!» монументінде Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысып, барша жиналғандарды және облыс тұрғындарын осы ұлық мерекемен құттықтап сөз сөйледі және еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ақмолалықтардың бір тобына марапаттар тапсырды.
Мерекелік сәнмен әсем безендірілген Ту тұғырда мемлекетіміздің көк байрағы желбірейді. Бірінен соң бірі отансүйгіштік әуендер шырқалып, мереке сәнін аша түскендей. Ел Конституциясының көшірме бейнесі салтанатты түрде көк байрағымыздың жанына әкеліп қойылғаннан кейін еліміздің Әнұраны шырқалды.
Бұдан соң облыс әкімі Мәлік Мырзалин жиналған қауымды Конституция күні мерекесімен құттықтап, жүрекжарды жылы лебізін білдірді.
– Егеменді еліміздің барлық жеткен жетістіктері Конституциямыз бен соны негізге ала отырып дайындалған заңдар арқылы келді. 22 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымыз жаңа қоғам, жаңа экономика мен тәуелсіз мемлекет орнатуға ықпалын тигізді. Конституция еліміздегі демократиялық үрдістерді орнықтырып, биліктің үш тармағын бекітті. Сөйтіп, ата-бабамыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіз мемлекетімізді құрып, әлем таныған елге айналдық. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда ішкі жалпы өнім көлемі 25 есеге өсіп, жан басына шаққандағы табыс 12 мың АҚШ долларына жетіпті. Еліміздегі тұрақтылық пен татулық экономикамызды серпінді дамытуға ғана емес, шетелдерден инвестиция тартуға да игі ықпалын тигізіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға екі жүз миллиард доллардан астам инвестиция салынып, ол ел экономикасын дамытуға игі ықпалын тигізді, – дей келе, облыс басшысы еліміздегі демократиялық үрдістің бір көрінісі іспетті биылғы жылы болып өткен жергілікті әкімдер сайлауын атап өтті. Сайлау барысында 158 ауыл және кент әкімдері сайланып, өз міндеттерін орындауға кіріскен болатын.
Бұдан кейін аймақ басшысы еселі еңбектерімен облысымыздың дамуына лайықты үлес қосқан азаматтарға өз қолымен Алғыс хаттарын табыс етті. Марапатқа ие болғандардың арасында Бурабай ауданы әділет басқармасының басшысы Жарқынбек Мұхамеджанов, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың мұғалімі Жайнагүл Әдей, «Көкше» акционерлік қоғамының дәнекерлеушісі Артем Шумов, Көкшетау қалалық жергілікті полиция қызметінің бастығы Серік Зейнуллин және тағы басқалары бар.
Облыс басшысы сондай-ақ, кәмелеттік жасқа толған бір топ ақмолалық жастарға Қазақстан Республикасы азаматының жеке басы куәлігін тапсырды. Мұндай құрметке Жанна Асмұхамед, Айдана Боранбаева, Жадыра Беркін, Агелина Городынская, Регина Гейзе сияқты Көкшетау қаласының орта арнаулы оқу орындарының бір топ шәкірттері ие болды. Салтанатты шара бұдан әрі байкерлер мен велошабандоздардың, көлік жүргізушілердің қала көшелерімен еліміздің көк байрағын асқақтата желбіреткен шеруімен жалғасты.
Салтанат соңында облыс басшысы Бұқпа тауының басындағы Көкшетау қаласының атауы жазылған алаңды аралап көрді. Баспалдақтар орнатылып, аумағы абаттандырылған бұл алаң бүгінде көпшіліктің жиі келетін орнына айнала бастаған. Қаланың іргесінде тұрған Бұқпа тауы келешекте Алматының Көктөбесі сияқты одан сайын көркейтіліп, көкшетаулықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орындарының бірі болады деген үміт бар.