Аршалының әлеуетті қадамы

Өткен сенбі күні облыс әкімі Мəлік Мырзалин кезекті жұмыс сапарымен Аршалы ауданында болып, Анар стансасында ашылған өңірдегі ең ірі макарон фабрикасының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Жібек жолы ауылындағы  Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектепте өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Аталмыш білім ордасында өткен алғашқы қоңырау рəсіміне қатысқан аймақ басшысы еліміздің тәуелсіздік алған жылдардан бергі уақытта қол жеткізілген жетістіктеріне кеңінен тоқталды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында елімізде білім беру саласына зор көңіл бөлінуде. Қазіргі кезде өңірде 18 білім ордасында құрылыс және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта 5 миллиард теңге қаржы бөлініп, үш ауысымда оқыту мəселесі шешілуде. Оған қоса, 400-ден астам мектеп мультимедиялық кабинеттермен қамтамасыз етілді. 1 миллиард теңгеден астам қаржыға оқулықтар сатып алынды. Мектептердің материалдық-техникалық базасы біршама жақсартылды, – деді аймақ басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар, аймақ басшысы мектеп алдына жиылған ұстаздар мен оқушыларды және олардың ата-аналарын қуаныштарымен құттықтай келе, білім ордасына жаңа автобустың сертификатын тапсырды. Ашылғанына жеті жыл ғана болған Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектеп бүгінде алдыңғы қатарлы білім ошақтарының біріне айналды. Аталмыш мектеп 2011 жылы пайдалануға берілгенде оқушылар саны екі жүзге толмаса, биылғы оқу жылында 852-ге жетіп отыр. Оқушылардың 50 пайызға жуығы жақын маңдағы ауылдардан тасымалданады.
– Оқушыларымыз түрлі республикалық, спорттық интеллектуалдық жарыстарда топ жарып келеді. Шүкір, бүгінде балаларын қазақ мектебіне беруге ынталы ата-аналар көбейді. Биыл оқушылар саны 150 балаға көбейіп, 852 оқушыны құрады. Оның ішінде 119 бала мектеп табалдырығын тұңғыш рет аттап отыр, – деді мектеп директоры Ғалия Махамбетова.
Одан əрі облыс әкімі Анар стансасында ашылған өңірдегі ең ірі макарон фабрикасының жұмысымен танысты. «Анар» астық қабылдау кəсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде ашылған фабрикада макаронның «Аян» сауда белгісімен жоғары сұрыпты ұннан жасалынған «кеспе», «жайма» тәрізді он бір түрі шығарылады. Кəсіпорынның қуаты тәулігіне 200 тонна ұн өнімдерін шығаруға еркін жетеді. Кәсіпорын директоры Қуаныш Сақтағанның айтуына қарағанда, өндіріс қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Ұн өнімдері түркиялық, макарон итальяндық технология бойынша шығарылады.
– Дайын өнімді Астана қаласына, Аршалы жəне көрші Қарағанды облысының Оксановка аудандарына саудаға шығару жоспарлануда. Оған қоса, Қытай арқылы Шығыс жəне Орталық Азия елдеріне де экспорттау бағытында жұмыс жүргізілуде, – дей келе, Қуаныш Сақтаған заман талабына сай жабдықталған кəсіпорын макарон өніміне қажетті бидайды өздерінің қарамағындағы «Аршалы асыл тұқымды мал шаруашылығы» жəне «Ольгинское» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен жақын маңдағы шаруашылықтардан сатып алатынын атап өтті.
– Макарон 1, 2 жəне 3 сұрыпты қатты бидай ұнынан дайындалады. Қажетті бидайдың 50 пайызы өзімізде өсірілсе, қалғанын аудан аумағындағы шаруашылықтардан сатып алып, өңдейміз. Өзіміздің зертханамыз бар. Сонда мұқият тексерістен өткіземіз. Серіктестікте 92 адам еңбек етеді. Жұмысшылардың барлығы жергілікті тұрғындар. Оған қоса, жұмысшыларға арналған 50 орындық жатақханамыз да бар, –деді Қуаныш Сақтаған.
Сонымен қатар, серіктестік басшылығы алдағы уақытта кондитерлік өнімдер шығаруды жоспарлап отыр.Кəсіпорын жұмысымен танысқан аймақ басшысы өндірістің Астана қаласы айналасындағы азық-түлік белдеуін дамытуға зор септігін тигізетінін атап өтті.

Аршалы ауданы.

Суреттерде: жаңа макорон фабрикасында; Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектептегі алғашқы қоңырау салтанаты.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар