Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Байқамаса да заңды бұзуға болмайды - АРҚА АЖАРЫ

Байқамаса да заңды бұзуға болмайды

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Берген Беспалиновтың төрағалығымен өткен кезекті Әдеп кеңесінің отырысында бірқатар мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың тәртіптік ісі қаралды. 

Әдеп кеңесінің отырысында ең алдымен, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары К.Біржекеевке қатысты тәртіптік іс қаралды. Ол мемлекеттік сатып алу бойынша карп тұқымдас балықтың балапан құрттарын тасымалдау жөнінде кәсіпкермен тиісті құжаттарға қол қою кезінде кері әрекетке жол берген. Кәсіпкердің айтуынша, арнайы құрылған комиссия мүшелері тасымалдауға дайындық кезінде акт толтырып, қол қойып жатқанын және балықтың тұқымына арналған анықтама болғандығын растайтын бейнежазба бар. Бірақ, басшының орынбасары белгілі бір ветеринарлық анықтаманың немесе қандай да бір анықтамалық құралдардың болмауына байланысты қол қоюдан бас тартқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік сатып алу бойынша орындалған әрекеттердің барлығы ресейлік стандарттарға сай жасалыпты. Дегенмен, заңды құжаттардың талаптары мен нормалары бұзылмаса да, қосымша анықтама сұрап, істі қиындатқаны үшін кеңес мүшелері «сөгіс» жариялау жөнінде ұсыныс енгізді.  
Соңғы кездері аудан әкімдері мен олардың орынбасарларына қатысты да тәртіп бұзушылық істер Әдеп кеңесінде жиі қаралатын болып жүр. Осы жолы аудандық прокуратураның өтініші бойынша Бұланды ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Тасылбекованың өзінің лауазымдық қызметін  асыра пайдаланып, қарамағындағы есепшіге ауызша бұйрық беріп, өзіне тиесілі еңбекақыны ешбір өтінішсіз әкім аппаратында қызмет атқармайтын үшінші бір тұлғаның атына, яғни, баласының  есеп картасына аудартқаны туралы мәселе қаралды. Нормативтік талаптарға сай мемлекеттік қызметшілер еңбекақыларын тек өздерінің есепшоттарына немесе қажет болған жағдайда ғана бір рет үшінші тұлғаға аударуларына болады екен. Ал, егер бірнеше ай қатарынан үшінші тұлғаға аударылуы қажет болса, онда жағдай толық түсіндірілген өтініш жазу арқылы ғана үшінші адамның банктік есеп карталарына аудартуына болады. Себебі, тексеру комиссиялары мен аудит жүргізушілер ешбір өтінішсіз басқа тұлғаға өзінің еңбекақысын аудартуды заң бұзу деп анықтап, кейін мемлекеттік мекеменің бас есепшілерін жазаға тартады. Осындай тексеру аудан әкімі аппаратында өткеннен кейін есепші жауапқа тартылыпты. Осы жайдан кейін де аудан әкімінің орынбасары өтініш жазып беріңіз деген оның сұрауына мән бермей, ақшасы солай баласының есеп картасына түсе берген.
Сөйтіп, бұл мемлекеттік қызметшіге де Әдеп кодексін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.       
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы К.Бегиловке қатысты тәртіптік іс оның қатысуынсыз қаралды. Ол «Семізбай U» серіктестігін тексеру кезінде мемлекеттік қызметшілерге жат қылық танытып, мемлекеттік қызметке кір келтіргені үшін қызметіне сай емес деп танылды.
Кеңес отырысында Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғыманов аудандағы мемлекеттік қызметшілердің тәртібін нығайту, сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың алдын алу бойынша жұмыс қорытындылары туралы есеп беруі тиіс еді. Бірақ, Әдеп кеңесіне әкімнің өзі емес, орынбасары келгендіктен, кеңес мүшелері есепті тыңдауды кейінге қалдырды.  
Отырыс соңында Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай, Ақмола облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Д.Баймұсыновтың мерзімінен бұрын тәртіптік жазасын алып тастау жөніндегі ұсынысы қаралды. Бірақ, кеңес мүшелері бұл ұсынысты қабылдамады.
P.S. Мемлекеттік қызметші – ел айнасы. Бірақ, соңғы уақытта мемлекеттік қызметшілердің тәртібі мен әдебі босаңсып бара жатқаны байқалады. Әрине, барлығына бірдей топырақ шашқан дұрыс болмас. Дегенмен де, осындай жауапкершілігі мол, халық алдында әдеп пен тәртіптің айқын үлгісін көрсетуі тиіс лауазымды тұлғаларымыз заңнан аттап, істері Әдеп кеңесінде қаралып жатқаны жақсы емес екені айдан анық.   

Ырысалды ШАМШИЕВА.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар