Ұлттық сана ана тілінен басталуы керек

Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру  – ұлтты ұйыстыратын ұлы құндылық» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.

Шараға мемлекеттік  органдардың, мәдениет, білім беру мекемелерінің қызметкерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференцияны «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл ашып, жүргізді. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Архат Айбабин Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің болашағы үшін маңызы зор рухани даму мәселелері көтеріліп, оны шешудің нақты жолдары мен міндеттері белгіленгендігін айта келе, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары педагогикалық колледжінің директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұртас Ахат «Жаңа қоғамдық сананы қалыптастырудағы ұлттық кодтың заманауи мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасады. «Ұлттық код туралы алғаш рет осыдан екі жарым мың жыл бұрын грек тарихшысы Геродот жазған екен. Бірақ, оны ғылыми негізде зерделеу тек 19-шы ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынды», – деген баяндамашы Елбасы мақаласында көтерілген ұлттық сананы жаңғырту мәселелері жайында жан-жақты әңгімеледі. Ұлттың бірегейлігін сақтауға жете мән беретін жапондардың қол жеткен жетістіктері бұл мәселенің мемлекет дамуы үшін қаншалықты маңызды  екендігін көрсетеді. Мәселен, жапондар өткен ғасырдың 50-ші жылдарында ғылым мен білім саласы бойынша әлемде  80-ші орында болса,  80-ші жылдардың ортасына қарай бірінші орынға шыққан. Бұның бәрі ұлттық сананы дамытудың жемісі дейді баяндамашы.
Облыстық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы  Ғосман Төлеғұл Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттер жайында әңгімеледі. Елбасы мақаласын халық арасында түсіндіру бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатыр. Құзырлы орган басшылары мен ғалымдардан, депутаттардан құралған насихат топтары жергілікті жерлерде болып, Елбасы мақаласын жұртшылыққа түсіндіруде. Десе де, бұл бағытта әлі де көп жұмыстар атқару қажет. Осы орайда, БАҚ арқылы Елбасы мақаласынан туындайтын міндеттер мен түрлі бағдарламалардың жүзеге асу жайы туралы кеңінен айтылып, жазылып  отырғаны жөн. «Ұлттық бірегейлікті дамыту, ең алдымен тілден басталады. Латын әліпбиіне көшетін уақыт жетті, бірақ, бұл жұмыста іргелес өзбектер жол берген қателіктерден сақтануымыз қажет» деп атап өтті ол.
Облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов Елбасы мақаласында көтерілген маңызды мәселе – ұлттық сананы жаңғырту үшін мемлекеттік мәртебе алған ана тіліміз бен салт-дәстүрімізді дамытуымыз қажет екендігіне назар аударды. «Елбасы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді, ал, қазірге дейін көптеген ұлты қазақ басшылар сөздерін «сәламатсыздар ма» деп бастап, одан әрі орысша жалғастырады. Балаларын орыс мектебіне беретін қазақ ата-аналары бар. Осындай жағдайда ұлттық сана туралы не айтуға болады» деген ол қазақ тілін балабақшадан бастау қажеттігін және бастауыш сыныпта бір ғана тілде – ана тілінде тәлім беру керектігін айтты. –Бірінші сыныптан баланы үш тілде оқытатын әлемдегі жалғыз ел – Қазақстан. Бүгінде ғылым-білім жағынан әлемдегі ең үздік елге айналған жапондар балаларын бас-
тауыш сыныпта тек ана тілдерінде оқытады екен, – деді «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.
М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек рухани жаңғырудың әр отбасынан басталатынын, бұл биік мінберде жай айтыла салатын сөз емес, күнделікті өмірде нақты іске асырылатын маңызды іс екендігін айтты. «Елбасымыз үнемі отансүйгіштік жайында айтып келеді. Ал, отансүйгіштік қасиет ұлтын, туған жерін, ана тілін сүйіп, қадірлеуден басталатынын ұмытпайық. Сондықтан,  қазақ тілі мен дәстүрін жастарымыздың санасына сіңіру маңызды міндет. Ұлан-ғайыр жерді ұрпағына мұра етіп қалдырған ата-бабаларымыз балаларына батырлар жырын жаттатып өсірген. Яғни, бала кезінен елін, жерін сүюге тәрбиелеген. Сол атадан қалған ұлттық тәрбие негіздерін ұмытпауымыз керек», – деді ол.
Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті «Түркітану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Қасиет Малғаждаров Елбасы мақаласында көтерілген латын әліпбиіне көшудің жайы туралы айтып берді. Ғалымның айтуынша, латын әліпбиіне көшуде тек қазақ тілі ғана емес, барша қазақстандықтарға ортақ нұсқа жасалғаны жөн. Бұл әліпбиді орыстар да, татарлар да, немістер де қолдануына болады. Осындай әмбебап әліпби нұсқасын ол республикалық комиссияға ұсыныпты.
Облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау орталығының директоры Қуаныш Шақшақов киелі орындар географиясын жасау жобасына біздің аймақтан үш тарихи нысанның кіретінін, соның бірі  Қорғалжын ауданының аумағында орналасқан Құмай археологиялық ескерткіш орны жайында айтып берді.
Жиналған жұртшылық та шарадан сырт қалмай, Елбасы мақаласында көтерілген мәселелерге қатысты өздерін толғандыратын сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар