«Балдәурен» – балалық шақтың ордасы

Бурабайдағы «Балдәурен» орталығында осы ұйымның құрылғанына 15 жыл толуына арналған салтанатты кеш болып өтті. Мерекелік іс-шараға Ресей мен Беларусь елдерінен де қонақтар қатысты.

«Балдәурен»  республикалық оқу-сауықтыру орталығы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Халықаралық «Артек» балалар орталығының үлгісімен құрылған болатын. Жыл сайын аталмыш мекемеде  еліміздің әр аймағынан алты мыңнан астам талантты мектеп оқушылары оқып, дем алады. Мұнда бір ауысымда Қазақстанның барлық өңірлерінен 300 бала қабылдайды. Облыстық білім басқармалары арнайы жолдамалар арқылы   оқу үздіктерін, мектептік, аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалардың, спорт жарыстарының, шығармашылық конкурстардың жеңімпаздарын, сондай-ақ, ғылыми жобалар жеңімпаздарын жібереді. «Балдәурен» бұл күнде еліміздегі көшбасшы білім ұйымдарының бірі. Бұл ойды Қызылорда облысынан келген «Қамбаш» балаларды сауықтыру орталығының директоры Гүлмира Тәжеди де қуаттайды.
–   Біздің орталықтың құрылғанына биыл үшінші жыл. Біз «Балдәурен» орталығымен тығыз байланыстамыз. Үнемі тәжірибе алмасып, көп нәрсені үйренудеміз,–дейді ол.
Ал, «Балдәуреннің» бас директоры Төлепбай Мұхиддиннің айтуынша, аталмыш білім мекемесі бүгінде деңгейі мен ауқымы жағынан Орталық Азия елдеріндегі бірден-бір ұлттық балалар лагері болып табылады. Мұнда балалар мен жасөспірімдер сапалы қосымша білім ала отырып, шығармашылық қабілеттерін шыңдайды.
– Біздің орталықта жүйелі негізде балалармен және жасөспірімдермен тәрбие-білім және сауықтыру жұмыстарының көпжылғы тәжірибесі жинақталған, мұнда ең табысты, озық отандық және халықаралық педагогикалық технологиялар жүзеге асырылады. Материалдық-техникалық базасы осы заманғы талаптарға сай балалардың толыққанды демалуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, медициналық қызмет көрсету де жоғары деңгейде жүргізіледі, заманауи техникамен жарақтанған мектеп сыныптары, спорт залдары, жабық бассейн және басқа да жайлы өмір сүру және демалу атрибуттары бар,–деп өз ойын ортаға салды директор.
Он бес жылдық мерейтой салтанатында «Достық» аллеясы ашылып, спорттық ойындар ұйымдастырылды. Бұл күні түрлі мәдени шаралар, танымы мен тағылымы зор ғылыми конференциялар да болып өтті. Кездесу бірнеше күнге жалғасты.
 Құшақ-құшақ гүлдер, жүрекжарды тілектер жарқын кездесулер барысында риясыз пейіл болып төгіліп, мыңдаған жүректі қуанышқа бөледі.  Ал, балдәурендіктер болса, осы мекеменің әнұранының авторлары ақын Төлеген Қажыбай мен сазгер Құрмет Сақайға құрмет көрсетіп, ескерткіш сыйлықтар табыс етті. Орталық алдағы уақытта да халықаралық байланысты нығайта түспек, сонымен қатар, еліміздің төрт аймағында демалыс орнының филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Биыл алғашқысы Қапшағайда ашылған. Айта кету керек, «Балдәуренге» қонаққа келген шетелдік меймандар «ЕХРО-2017» көрмесін тамашалауға да барды.

«Арқа ажарының»  өз ақпараты.
Бурабай ауданы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар