Мақсат – таза табиғи өнім өндіру

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында: «Көптеген ұстаным бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Маde in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс» деген еді. 

Шынында да, химиялық қоспалармен шығарылып жатқан тағам түрлерін сөреден тек таза табиғи тағамдар ғана ысыра алады… Ақмола облысы аграрлы облыс болғанымен негізінен дәнді дақылдар себумен айналысатыны белгілі. Сондықтан, негізгі экспорттық өнім – бидай болып табылады. Мәселен, 2016 жылы жақын және алыс шетелдерге 210 миллион АҚШ долларының өнімі жөнелтілсе, оның 65 пайызы бидай және бидай өнімдері. Биылғы жылдың бес айында негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемі 105,5 миллион АҚШ доллары болды, бұл өткен жылғы осы мерзіммен  салыстырғанда 22,8 миллион долларға көп немесе 128 пайызды құрайды. Биыл экспорт көлемінде кейбір көрсеткіштер өткен жылғыдан төмен екенін айта кету керек. Оған себеп, ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуіне байланысты астаналық рынокқа апарылған өнім көлемі күрт өсті.
Жолдауда Елбасы: «Шикізат өндіруден сапалы өңделген өнім өндіруге  көшудің керектігін» айтады. Біздің бидай сапасының жоғары екені белгілі болса да, экспортқа ұн сату да қатар жүруі керек. Әзірге экспортқа шығарылған ұн көлемі 12 пайыз. Өткен жылы Жақсы ауданындағы «Урожай» серіктестігі Қырғызстан, Өзбекстан және Қытайға 7,5 мың тоннадай ұн жөнелтті. Сондай-ақ, макарон өнімдерін өндіру де жолға қойылып келе жатыр. Аршалы ауданында Италия технологиясы бойынша макарон зауыты іске қосылмақ. Оның қуаты тәулігіне 24 тонна. Еңбекшілдер ауданындағы «Қазгер Құс» серіктестігі  кәсіпорнының екінші кезегі қосылған соң Тәжікстан, Түркіменстан және Пәкістан елдеріне тауық жұмыртқалары жөнелтіледі.  Өткен жылы 89 миллион дана жұмыртқа жөнелтілсе, биылғы жылдың 6 айында  30 миллионнан астам жұмыртқа жөнелтілді.
«Қазақстанда жасалған» бренді жайлы сөз болғанда «Бижан» ет өңдеу кешенін айтпай кетуге болмайды. Бұл экспортқа бағытталған кәсіпорын болса да, әзірге үлкен көлемде өнім шығарған жоқ. Сонда да, ет консервілерін шетке шығаруда Ресеймен шартқа отырып, мүмкіндікті толық пайдалануда. Қорғалжын ауданындағы өндірістік қуаты 5 мың тонна «АстанаАгроПродукт» серіктестігінің «Бакара» ет комбинаты Қазақстан брендімен 2014 жылдан бері Москва қаласының супермаркеттеріне жартылай дайындалған ет өнімдерін жөнелтіп келеді. Мәрмәр сиыр етін «Кaz Beef LTD» серіктестігі ұсынады. Бұлардың өнімі Ресейдің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі десек қателеспеспіз. Ол Санкт-Петербург қаласы, Ленинград, Свердлов, Челябі облыстары, Краснодар өлкесі. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындар ет өнімдерін Қытайға жөнелтуге сертификат алу рәсімінен өтуде. Ресейліктерге  Целиноград ауданындағы Ақмол ауылындағы «Capital Projects LTD» серіктестігі  да-йындайтын отандық бренд «Курочка ряба» деп аталатын бройлер еті өте таныс. Ресейдің шекаралас аймақтарына Зеренді ауданындағы Садовый  селосындағы «Мilk Project» серіктестігінің сауда брендімен шығаратын сүт өнімдері нарықтық қатынаста өз орнын тауып отыр. 2016 жылы 1344 тонна өнім экспортқа шығарылса, биылғы жылдың бес айында 600 тоннадан астам өнім шығарылды.
Қытайға Бурабай ауданындағы  «Бота-2015» серіктестігі мен Зеренді ауданындағы «Blic Terminal» серіктестігі өсімдік майын шығарады. Құс етін шығаруда Бұланды ауданында салынып жатқан «Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің болашағы зор. Келесі жылы бұл жобаның бірінші кезегі іске қосылмақшы, ал, оның толық қуаты – 50 тонна. Бұл фабрика толық іске қосылғанда Ақмола облысы  66 мың тоннаға дейін құс етін өндіретін болады. Астрахан ауданында  Ұлыбританияның «Jet Stream» компаниясымен
«Бавария Продакт» серіктестігі бірігіп 2,5 мың басқа арналған, қуаты жылына 5,5 мың тонна терең  өңделген өнім шығаратын, заман талабына сай шошқа кешенін салуда.  Бұларды тізіп айтып жатқанымыз қазір әлемде экологиялық таза тағамдарға деген сұраныс артып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы аурудың 80 пайызы түрлі қоспалардан жасалған зиянды азық-түліктерді тұтыну салдарынан екенін ресми түрде мәлімдеген болатын. Табиғи таза өнімдер ғана өлген жасушаларды (клетка) тірілтіп, сауықтыра алады. Осы маңызды деректерге баса мән бере бастаған елдер қазір табиғи таза өнімдер өндіруге, соларды көптеп сатып алуға бет бұра бастады.
Бұл – еліміздің агроөнеркәсіп кешені үшін үлкен мүмкіндік. Міне, біздің Ақмола облысының да агроөнеркәсіп кешендері таза табиғи өнім өндіріп, оны лайықты ұсынуға ұмтылуда. Іске сәт, дейміз.

Совет  БАЛТАБАЙ,    
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар