Балаларға арналған ойын алаңдары баланың далада бос уақытын қызықты әрі пайдалы етіп өткізуіне зор ықпалын тигізеді десек, артық айтқандық емес. Соңғы жылдары облыс орталығындағы тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, жаңа ойын алаңдары салынғалы бүлдіршіндердің даладағы серуені, тіпті, көңілді өтіп жатқандай.
ек, осы орайда мемлекеттен қаншама қыруар қаражат бөлініп, балалар үшін әдейілеп орнатылған алаңдағы әткеншек, басқа да дүниелерге тұрғындардың салғырт қарап, қиратып жатқаны арқаға аяздай батады.
Мәселен, Көкшетау қаласында Бурабай ықшам ауданындағы 55-інші үйдің ауласына осыдан тура екі жыл бұрын ғана күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Ойын алаңдары үшін су жаңа әткеншек, сырғанақтар орналастырылды. Міне, сол алаңның екі ай уақыты өтер өтпесте быт-шыты шықты. Сонда тұрған алты әткеншектің тек біреуі ғана тебуге жарамды. Қалғандарының тақтайлары жартылай түсіп қалған немесе мүлде жоқ.
Тұрғындардың кейбіреуі бұған алаңдағы ойын құралдарының сапасының нашар екенін себеп қылса, енді біреулері балалардан қалыспай, салмақтарының ауыр екендігіне де қарамастан әткеншектерге отырып алатын үлкендер қауымын кінәлайды. Қала тұрғыны Жанар Батжанова бізбен әңгімесінде: «Адамдар тек үйлеріндегі ғана емес, даладағы заттарға да ұқыптылықпен қараса екен деймін. Ауламыз таза, сәні келісіп тұрса, өзімізге жақсы емес пе? Көптеген ауыл балаларының қолы жетпей жүрген ойын алаңдары біздің бүлдіршіндерімізде бар. Ендігі кезекте барлық тұрғындарды айналаға қамқорлықпен қарауға шақырамын», – деген пікірін жеткізді.
Ал, келесі тұрғын Әлия Ақанова: «Жыл сайын алаңға жөндеу жұмыстарын жүргізе бергенше, оны әу баста неге сапалы етіп жасамайтынына таңым бар. Қыруар ақша босқа кеткенмен тең ғой бұл! Түптеп келгенде, осындай олқылықтарды уақытында түзетіп отыруға құзырлы органдар жауапты», – деп осы істің басы-қасында жүрген жауапты адамдарға өкпесін білдірді.
Қалай болғанда да, балаларымыз үшін әдейілеп салынған ойын алаңдарын мейлінше таза ұстап, ұқыпты пайдалануға тырысайықшы. Ұл-қыздарымызды да соған дағдыландырайық. Өйткені, жас ұрпақ бізден көргенін жасайды. Соны естен шығармайық.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.