Білім саласында жаңалық көп

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг облыс мектептерінде білім беру жүйесіне жаңа технологияларды енгізудің бүгінгі жай-күйі мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың құқықтарын қорғау мәселелеріне арналды. 

Облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім бөлімінің басшысы Ботагөз Дүйсенова мектептердің жаңартылған оқу жүйесіне көшудегі дайындығы жөнінде жан-жақты баяндап берді. Биылғы жылы облыста 115 мыңнан астам оқушы мектеп партасына отырады деп күтілуде. Оның 15 мыңға жуығы бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер. «Әзіргі тек болжам сандар ғана белгілі, нақты қанша оқушы партаға отыратындығы оқу басталған кезде белгілі болады», –  деді ол.
Білім және ғылым министрлігінің бекіткен стандарттарына сай биылғы жылдың оқу бағдарламасы бойынша мектепалды дайындық топтарында аздап өзгешеліктер бар. Республика бойынша биыл 30 мектепте, біздің облыста Целиноград ауданының Қабанбай батыр және Қоянды ауылдарының мектептерінде және бала бақшалардағы дайындық топтарында бүлдіршіндер Әліппе оқитын болады. Ал, орыс тілінде білім алатын топтар мен сыныптар Букварьмен танысады.  Орта білім деңгейіне келер болсақ, 2016 жылы білім жүйесі жаңартылған оқу мазмұнына көшуді бастаған еді. Былтыр 15 мыңнан астам бірінші сынып оқушылары осы бағдарламамен білім алды. Биыл тағы да екінші, бесінші және жетінші сыныптар жаңартылған оқу бағдарламасына көшкелі отыр.  Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық мектептер бес күндік оқыту жүйесіне көшті.
Жаңартылған оқу бағдарламасына сай Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география пәндері бойынша «Туған ел», кең ауқымды мақсатқа бағытталған «Туған жер» бағдарламаларын жүзеге асыру үшін биылғы оқу жылында әрбір сынып бес сағат арнайы мұражайларда, әдеби-тарихи орындарда өткізулері тиіс екен.
Сонымен бірге, биылғы жылы каникул мерзімдеріне де аздап өзгерістер енгізіліпті. Күзгі каникул 30 қазан мен 6 қараша аралығын қамтыса, қысқы демалыс 29 желтоқсаннан жетінші қаңтарға дейін. Көктемгі және жазғы каникулдардың мерзімдері сол қалпы сақталған. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі білім жүйесіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы аясында арнаулы қосымша сағаттар енгізілген. Өзгеріс 2-8 сыныптардың дүниетану пәніне енгізіліп отыр. 9, 10, 11 сыныптардың Адам, Қоғам, Құқық пәндеріне осы мақсатта арнайы тараулар қосылыпты.  Сондай-ақ, қазіргі таңда IT технология, роботатехника өте жақсы дамып келеді. Осы ретте, облыстың 482 мектебі «Күнделік.кз» журналдар жүйесіне енгізілді.
Жаңартылған оқу бағдарламасының негізгі ерекшелігі – үштілділікке көшу. Биылғы жылдың ішінде жаратылыстану бағытындағы физика, химия, информатика, биология пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер арнаулы курстардан өтті. Сондықтан, олар вариативті сабақтарын ағылшын тілінде өздері өткізетін болады.  Іс-шараның екінші бөлімінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелері айтылды. Облыста осы күні 1948 бала білім, 20 бала денсаулық басқармаларына және 23-і әлеуметтік салаға қарайды. Осы 1900-ден астам баланың
1483-і қамқорлыққа алынса, 137-сі патронаттық тәрбиеде. Балалар үйлеріне мемлекеттен көрсетілетін қамқорлық пен жағдай жақсы. Бірақ, отбасында тәрбиеленетін балалардың бақытына не жетсін. Мектепті бітіріп шыққан соң, олардың мамандық алулары, оқып жүрген оқу орындарымен байланысы олар толық қалыптасып, қоғамға бейімделіп кеткенге дейін білім басқармасының бақылауында болады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта жетім балалардың баспана алуы соғыс ардагерлері секілді бірінші кезек бойынша жүзеге асырылады. Бірақ, азаматтар бұл жайында көп біле бермейді екен. Былтыр облыста 181 жетім бала баспаналы болды.
Брифингте Ақкөл ауданындағы балалар үйінің директоры Роза Махметова жетім балаларға жасалып жатқан жеңілдіктер мен оларды толыққанды отбасылардың асырап алуының жолдары туралы айтып берді. Өткен жылы осы балалар үйінен 103 бала отбасыларға тәрбиеленуге берілген. Олардың ішінде өз отбасыларына қайтарылғандар да бар.  Брифинг соңында білім саласының мамандары бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар