Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кемеңгердің бір хаты - АРҚА АЖАРЫ

Кемеңгердің бір хаты

Аққан айлардың, жылжыған жылдардың өзіндік ойлар қуанышы мен қайғысы да, күңгейі мен көлеңкесі де ұшан-теңіз ғой. Үздіксіз қозғалыстағы өмір өнерге де тынымсыз өзгеріс, жаңалық әкеп жатады. Осы арада көз тігер қалыптасқан өнер дәстүрі, тарих сабағы бар, таланттар мұраты бар. Олар жаңа туған ай сияқты қазіргі толғаныс-ізденістерімізге өз жауабын ұсынады, ұйқысыз жылдардың жемісін алға тартады. 

Міне, біздің алдымызда заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің бұдан 90 жыл бұрын туған еліне жазған бір хатының көшірмесі жатыр. Ұясын қорғаған қарлығаштай, талант иесінің елі үшін, туған жері үшін жүрекжарды тілегі бұл хатында қалтқысыз көрініс тапқан. Тегінде, әр жазушы алдымен елімен, халқымен іргелі десек, Әуезов шығармашылығы да жаңарған қазақ елімен біртұтас дүние.
Әуезовпен бірге өсіп, біте қайнасқан адамдардың жазып қалдырған естеліктеріне қарағанда, ол өзінің әдеби қызметін қоғамдық жұмыстармен шебер шендестіре білген. Жазушыны сонау жастық кезінен өте жетік білетін Құлатай Ақбердиннің естелігіне қарағанда, ол бұрынғы Шыңғыс болысында тұтынушылар кооперациясын ұйымдастыруға барынша күш жұмсаған екен. Ал, 1921-1922 жылдарда жауапты қызмет атқарған кезінде болашақ жазушы бүгінгі Абай ауданына қарасты Байқошқар өңіріне поселка салып, елді отырықшыландыруға мұрындық болғанын Әуезовтің артында қалған хаттары баяндайды. Мұның бәрі, сайып келгенде, жазушының мұратты, мүдделі болған мәселелерінің кеңдігін, халқының кетігіне кірпіш, жыртығына жамау болуға ерте әзірленгенін дәлелдесе керек.
Біз әңгімелегелі отырған хат мұхиттай Мұхтардың бұдан 90 жыл бұрын жазған хаты. Оның толық мәтіні төмендегідей:
«Қадірлі Ике, Жұмжұма, Тоқар, Құлке, Өміртай, Бұғыш, Қамза, Абайке, Сәдуақас, Бендебай ағайлар! Мына кісілер Ленинградтағы білім ордасынан Қазақ өкілдерінің сұрауы бойынша қазақ даласындағы қазақ малының тұқымын айы-
рып, түрін сынап, бітім сүйегін өлшеуге шыққан маман-білгіштер. Бұлардың істері ғылым жолымен қазақ шаруасына пайда тигізуге ғана арналады. Одан басқа алым-салыққа септік тигіземіз деп, сол ниеттен жүрген кісілер емес. Сондықтан, әрбір тәуір малдардың түрлерін ел жасырмай, толық көрсетуді тілейді. Мүмкін болғанша елдің сенімді көзбен қарап, істеріне шама келгенше көмектесуін қатты қалайды. Сондықтан да, мені тобықты баласы болған соң, елдің сөз ұғатын, жөн білетін кісілеріне хат жазып, біздің жайымызды ұғындырып бер деген соң осыны жазып отырмын. Көмектеріңізді аямассыздар деп сенемін.
Хат жазушы – інілеріңіз Мұхтар Әуезов».
Бір ғажабы, бұл хат жазылғаннан кейінгі жарты ғасыр бойы Қазақстаннан тыс жерлерде сақталған. Тек 1977 жылы, яғни, Әуезовтің туғанына 80 жыл толуы қарсаңында бұл хаттың түпнұсқасын Латвия ССР-нің бір ғалымы жазушының Алматыдағы мұражай үйіне мәңгілік сақтауға жіберіпті.
Хаттың жазылу себебі де барынша назар аударарлықтай. ХХ ғасырдың алғашқы ширегінен бастап КСРО Ғылым Академиясының «Өндіргіш күштер жөніндегі тұрақты комиссиясы» Қазақстанның сол кездегі шығыс аймақтарында кешенді экспедициялық зерттеулер жүргізе бастаған. Осы комиссияның құрамында жергілікті үй жануарларының тұқымын зерттеуге арналған шағын мамандар тобы жұмыс істеген. Бұл жұмысты кезінде Ленинград университетінің профессоры, Ресейде генетикалық ілім мектебінің негізін салушылардың бірі – биология ғылымдарының докторы, марқұм Юрий Александрович Филипченко басқарған екен.
Міне, жоғарыдағы аталған комиссияның сол шағын тобы 1927 жылы көктемде Семей губерниясында өзінің кезекті зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін сол жаққа аттанса керек. Мақаламызға өзек болып отырған хатты Ленинград университетінде оқып жүрген студент М.Әуезов Филипченконың өтініші бойынша жазып берсе керек. Бұл сапарға Ю.Филипченко өзі бармаса да, Әуезовтің хатын экспедиция мүшесі, үміт күттіретін өз шәкірттерінің бірі Ян-Янович Лусис деген жас ғалымның қолына ұстатқан. 1923 жылы Ленинград университетінің биология факультетін үздік бітіріп, сонда ғылыми жұмысқа қалдырылған Я.Лусистің ұлты латыш екен.
Жазушы хатының өз мұражайына келіп түскеніне де бірталай жылдар өтіпті. Хатқа иелік жасап, оны мұражайға жолдаған кезде абзал ғалым Я.Я.Лусис 80 жаста екен. Латвия мемлекеттік университетінде өз мамандығы бойынша оқытушылық қызметін жалғастырып жүрсе керек.
Осы мақала иесі бұдан 30 жыл бұрынғы бір іссапарында жазушының Алматыдағы мұражайында сақтаулы жатқан сол хатымен кездейсоқ танысып, оның көшірмесін алған соң Латвия ССР-нің Ғылым Академиясы мен Латвия мемлекеттік университетіне ресми мұрағаттық сұраулар жолдаған еді. Ондағы ойы егер Я.Лусис тірі болса, ол өзі жөнінде, Мұхаңның хаты қақында азды-көпті деректер жолдар деген үміт еді.
Иә, көп ұзамай өзіміз жұмыс істеп жүрген мұрағатқа беделі мен лауазымы үлкен бұл екі мекемеден де татымды жауаптар келді. Алғашқысының жауабында Я.Лусис кезінде осы ғылым ордасында корреспондент-мүше болып сайланғанын, алайда, оның 1979 жылы тамызда дүние салғанын, туыстарынан ол күнде тек жалғыз қызы Валентина Лусистің Москвадағы КСРО Ғылым Академиясына қарасты Балық ғылыми-зерттеу институтында қызмет істейтіндігі хабарланыпты. Ал, Я.Лусистің ең соңғы қызмет орны – Латвия мемлекеттік университетінің биология факультеті сауалымызға орай, «Я.Лусис. Өмірі мен ғылыми қызметі» атты монографиялық кітапты жолдапты. Кітапты ашып жібергенде оның титульды бетінде көрініс беретін грифтер Латвия ССР Ғылым Академиясы, оның химия және биология институты, Н.Вавилов атындағы генетиктер мен селекционерлердің Латыш республикалық қоғамы ұжымдарының бұл басылымды жарыққа шығаруға мұрындық болып, көп күш жұмсағандарын баяндағандай. Демек, бұл өзі еңбек еткен ортада Я.Лусистің осал ғалым еместігін дәлелдесе керек.
Шындығында бұл кітаптың әр беті 82 жыл өмір кешіп, оның 60 жылын ғылымға бағыштаған адамның өнегелі өмір шежіресі екен. Сондай шежіренің бірі – жас ғалым Я.Лусистің 1926-1927 жылдары қазақ жеріне ғылыми экспедициялық қызметпен сапар шегуі болса керек. Кітапта «1926 жылғы Жетісу экспедициясы», «1927 жылғы Семей экспедициясы» атты шағын-шағын тақырыпшалы материалдар басылып, олардың зерттеу жүргізген жерлері, маршрут карталары, сол кезде қазақ жерінде түсірілген суреттерге де орын беріліпті.
Жоғарыдағы М.Әуезов хатының жазылу себебі, осы кітаптың «1927 жылғы Семей экспедициясы» атты материалында былайша баяндалады: Өткен жылғы (1926 жыл-Ғ.З.) «экспедиция бастан кешкен қиыншылықтарды ескере отырып, Я.Я.Лусис сол кездегі Ленинград университетінің студенті М.Әуезовтің жерлестері мен туыстарына жазып берген хатына сүйенеді. Сол хаттың көмегі арқасында малдың алуан түрлерін зерттеу көп қолайсыздықтардан құтқарады».
Осы материалдарда баяндалғандай, Ленинград ғалымдары Семей қаласына 1927 жылы 4 майда келіп жеткен. Осыған қарап Мұхтардың жерлестеріне жылы, айы мен күні көрсетілмей жазып берген хатының жазылу мерзімін болжауға болатындай. Демек, сол кездегі сапар шегу мен жол жүру қиындығын ескерсек, хат бізше сол 1927 жылдың сәуір айының басында жазылғанға саятындай.
Құрамында алты адамы бар экспедиция Семейге келген соң екі шағын топқа бөлінген. Бір тобы Тарбағатай, Алтай жағын екінші топ Шыңғыс, Шұбартау, Қарқаралы бөктерлерін аралауға аттанған. Сөйтіп, бұл экспедиция Семей губерниясының жерлерінде үш ай бойы үй жануарларының түрлері мен тектерін зерттеген. Араб әрпімен жазылған хатқа көз жүгіртіп, оқытып алған ел адамдары экспедиция мүшелеріне шын пейілдене, малдарын көрсетіп, тексерткен. Алдарына ас қойып, ауылдар арасында жол көрсетіп, көлікпен қамтамасыз еткен. Барынша мол, пайдалы материалдар жинаған экспедиция 1927 жылдың 6 тамызында Семейге оралып, одан әрі Ленинградқа қайтып кеткен.
Бұдан 30 жыл бұрын сонау Латвиядан келген кітап бұл күнде Мұхаңның туған жері Бөрлідегі мұражайында сақтауда тұр.
Осы сапар материалдары сұрыпталып, соның негізінде бір жылдан кейін, яғни, 1928 жылы КСРО Ғылым Академиясы «Семей губерниясының үй жануарлары» («Домашние животные Семипалатинской губернии», Ленинград, Издательство АН СССР) атты орыс тілінде көлемді екі жаршы (вестник) шығарған. Бірінші жаршы жинақта ірі қара мал туралы баяндама, екінші жинақта қой-ешкі туралы сөз болады. Әр жинақтың кіріспесінде қазақ халқына тән мал бағудың өзіндік әдіс-тәсілдері, көктеу, жайлау, күзеу, қыстау сияқты көші-қон жайының халықтық ұғымдарына тиянақты түсіндірмелер берілген. Экспедициялық зерттеудің мақсаттары, мүдделері мен міндеттері, жергілікті мал тұқымдарын асылдандыру мүмкіндіктеріне байланыс-
ты мәнді мәселелерді баяндаған. Сайып келгенде, бұл еңбектерді жариялатуда, бір жүйеге келтіре баяндауда негізгі басшылық Я.Лусистің қолында болып, соның тікелей араласуымен шыққан.
Ғұлама ғалымның соңғы 30 жылдық өмірі өзінің туған елі Латвияда өткен. Латвия ССР Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі, Латвия ССР-нің ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері, Латвия Мемлекеттік университетінің биология факультетіндегі зоология және генетика кафедрасының профессоры. Міне, Я.Лусистің ғылым әлеміндегі кеңістігі осындай екен.
Айтпақшы, Я.Лусистің кеңестік Қазақстанмен байланысы тек М.Әуезовтің жазып берген бір хатымен, оның қазақ еліне келуі екі сапарымен ғана шектелмесе керек. Бақсақ, ол бүгінде республикамыздың оңтүстік далаларында өсіріліп келе жатқан арқар-меринос қойын дербес тұқым ретінде шығарушыларға генетик ғалым хақында ақыл-кеңес берушілердің бірі екен. Осы бағытта Қазақ ССР Ғылым Академиясы эксперименттік биология институтының Алматы облысындағы Құрметі базасындағы денесі шымыр, сүйегі мықты, сирағы ұзын, таулы жердің жағдайына көнбіс, етті-биязы жүнді қой тұқымын шығару жөніндегі Қазақстан ғалымдары мен шопандарының еңбектерін бағалап, бағыт беру мақсатымен 1935-1949 жылдар арасында Алматыға талай рет ат басын тіресе керек. Сөйтіп, ол осы қойды 1949 жылы дербес жаңа тұқым ретінде тіркеген мемлекеттік комиссия мүшелерінің бірі болған. Ал, 1927 жылғы Семей сапарының алдында дүниеге келген Я.Лусистің қызы Валентина Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарында жүздеген Ленинград балаларымен бірге Көкшетау облысының Бурабай аймағына жеткізіліп, сонда оқытылып, тәрбиеленген екен.
Ұлы суреткер М.Әуезовтің бір хаты қақындағы баянды ойларымызды түйіп айтсақ, жазушының отызыншы жылдардың басында-ақ қаламынан туған «Білекке білек», «Құм мен асқар» әңгімелерінің мал шаруашылығы мәселелеріне арналғандығы тіпті, тегін болмаса керек. Кезінде Мұхтар Әуезовтің салиқалы сценарийі бойынша түсірілген «Райхан» көркем фильмі қазақ жылқысының тұқымын жақсарту мәселесін келістіре көтерсе, ал, «Өскен өркен» атты ең соңғы романында бүгінгі таңда малды көнерген тәсілмен бағу жайы сынға алынғаны мәлім.
Ендеше, мазмұны мен жазылу себебі баяндалған бұл хат сонымен бірге, жазушы қиялынан, шығармашылық ізденістерінен әркезде, әр алуан түрде орын алып келген мал шаруашылығы тақырыптарының да түп төркіні тереңде жатқанын аңғартады. Түптеп айтқанда, бұл тақырып оны сонау жас кезінде-ақ қатты толғандырғанын танып білуге көмектеседі.

Ғабит ЗҰЛХАРОВ,
бұрынғы мұрағат қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Семей.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар