Облыс әкімі Мәлік Мырзалин Қосшы кентінде «Interget Solution» серіктестігінің еліміздегі тұңғыш электрондық ақпаратты сақтау және өңдеу орталығының ашылу салтанатына қатысып, мұндай теңдесі жоқ орталық сандық технологияны дамыту жөнінде Елбасы Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындауға үлкен серпін беретіндігін атап өтті.
Шараға «Цеснабанк» АҚ басқармасының төрағасы Ержан Тәжияқов және ақпарат саласының бірқатар ірі компанияларының өкілдері қатысты.
–Соңғы жылдарда ауыл шаруашылығымен бірге өнеркәсібі де өркендеп, өнеркәсіптік-аграрлық аймаққа айналған Ақмола облысының аумағынан ақпараттарды электрондық нұсқада сақтап, өңдейтін ірі орталықтың ашылуы Елбасының сандық технологияны дамытуға арналған тапсырмасын жүзеге асыруға үлкен ықпалын тигізіп, өңірімізде ғана емес, елімізде ақпараттық технологияны жоғары сатыға көтеруге серпін береді, – дей келе, аймақ басшысы жедел және сапалы қызмет көрсететін орталықтың ашылуымен құттықтап, осы іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. «Interget Solution» ЖШС-нің бас директоры Серікжан Құнанбаевтың айтуынша, орталық қызметі әлемдік деңгейдегі Tier3 TIA 942 стандарты талаптарына сай келеді. Ғылым мен технологияның дамуын ескере отырып, 2014 жылы елімізде осындай ақпараттық өңдеу және сақтау орталығын ашуға тәуекел еткен серіктестік басшылығының бұл бастамасын жүзеге асыруға «Цеснабанк» АҚ көмегін тигізіп, несиелендірген. Құны 4,5 миллиард теңге болатын жобаны жүзеге асыру үшін осы іспен айналысатын әлемдік компаниялар арасында конкурс ұйымдастырылып, германиялық компания жеңімпаз атаныпты. Шетелдік құрылғылар сатып алынып орнатылып, жоба биылғы жылдың алғашқы тоқсанында іске қосылған. Қазір ол тестілеуден ойдағыдай өтіп, жұмысқа кірісуге толық әзір. Орталық үш түрлі қызмет көрсетеді: ақпарат сақтайтын құрылғылары бар компаниялардың құрылғыларын сақтауға, ондай құралдары жоқ компанияларға құрылғыларды орнатып, қызмет көрсетуге көмектеседі және құрылғыларды жалға береді. Ақпараттардың сапалы сақталуын, жыл және тәулік бойы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлардың бәрі де жасалған. Ең алдымен, электр қуаты болмай қалған кезде қызмет көрсететін дизельдік шағын станса орнатылған. Өрт немесе басқа да апатты жағдайлар орын алған жағдайда оның салдарын жедел жою амалдары ойластырылған. Қызмет көрсету бағасы жұмсалған қуат шығыны мен сақталатын ақпарат көлемі ескеріліп белгіленеді. Орталықтың қызметін кез-келген заңды немесе жеке тұлғалар пайдалана алады. Ешқашанда шаң басып, тозбайтын және жойылып кету қаупі болмайтын тәуліктің кез-келген уақытында ақпаратты алып пайдалануға мүмкіндік беретін орталықтың қызметіне сұраныстың аз болмасы анық.
Бұдан кейін ақпаратты сақтау және өңдеу орталығының бас директоры Серікжан Құнанбаев жаңа орталықтың іске қосу тетігін басып, оны іске қосты. Осылайша елімізде тұңғыш рет өлшеусіз көп көлемдегі ақпараттарды электрондық нұсқада сақтауға мүмкіндік жасайтын орталық ашылып, өз жұмысына кірісті.
Облыс әкімі осы күні Қосшы кентінің іргесіндегі суармалы егістікпен айналысатын «Grean star» серіктестігінің егіс алқабында және картоп сақтайтын қоймасында болып, жұмысымен танысты. Мемлекет басшысының елімізде табиғат жағдайына тәуелсіз және өнім көлемі де біршама жоғары суармалы егістікті дамыту, таяу жылдарда оның көлемін 600 мың гектарға жеткізу жөніндегі тапсырмасына орай, біздің облысымызда да айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. «Grean star» серіктестігінің директоры И.Чункуновтың айтуынша, суармалы жер алқабына картоп, көкөніспен бірге сәбіз, қызылша дақылдары да егіліпті. Қазір осындай 300 гектар жерге егілген дақылдарды серіктестік еңбеккерлері жинауда. Суармалы алқаптан түсетін өнім көлемі де жоғары екен. Биылғы жылы серіктестік 4 егістікті суаратын шетелдік құрылғы сатып алыпты. 2019 жылға дейін осындай 13 құрылғы сатып алып, суармалы егіншілік алқабын 1000 гектарға дейін жеткізбек. Қазіргі заманғы құрылғылармен жабдықталған серіктестік қоймасы 5 мың тонна өнімді сақтай алады және мұндағы жұмыстардың бәрі автоматтандырылған. Облыс басшысы суармалы егіншілікті дамытып отырған шаруашылықтағы атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Суретте: «Grean star» серіктестігінің картоп сақтайтын қоймасында.
Целиноград ауданы.
![]()

