Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақкөл – кәсіпкерлік күш алып келе жатқан аудан - АРҚА АЖАРЫ

Ақкөл – кәсіпкерлік күш алып келе жатқан аудан

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен кезекті баспасөз турында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Ақкөл ауданында жүзеге асырылып жатқан бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың жайымен танысты. «Пиццериядан» – «Кулинарияға»
Аудан орталығындағы кәсіпкер Елена Попова 2007 жылы «Даму» қоры арқылы банктен қомақты көлемде бес жылға несие алып, пиццерия ашқан еді. Кәсібінің кілтін аспаздық өнімдерін шығарып сатудан тапқан ол шағын мекеменің аумағын аздап үлкейтпек болып, 2012 жылы тағы да «Даму» қорының көмегімен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 6 миллион теңгеге жуық несие алды. Сатып алған мекемеге биыл сәуір айында көшіп, оған біраз жөндеу жұмыстарын жүргізді. Пицца жасаумен ғана шектелмеу үшін атауын «Кулинария» деп өзгертіп, жаңадан қажетті аспаздық құрал-жабдықтарды сатып алды. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер Елена Владимировна қарамағындағы жұмысшылармен бірлесіп, өз өнімдерін шығарып, қоғамдық тамақтану саласында жақсы дамып келеді.
–Ең алғашқыда тағамдарды осында пісіріп, сатуды ғана жоспарлаған едік. Кейін тұтынушылардың өтініші бойынша екі-үш үстел орналастырып, шағын буфет жасадық. Қазір кулинарияда 13 адам жұмыс істейді. Кадрлар тұрақты. Ақкөл ауданындағы агротехникалық колледжден білім алған екі қыз бен әлеуметтік қорғау бөлімінен жіберілген мамандар да жақсы жұмыс істеп жатыр. Екі жылдан кейін несиеміз біткен соң, мекеменің аумағын үлкейтуді ойлап отырмыз, – деді жеке кәсіпкер Елена Попова.   Кулинария аспаздары тағамдарды үйдегідей дәмді етіп жасайды. Сондықтан да болар, келушілер өте көп. Кәсіпкермен әңгімелескенімізде, ол өзінің негізгі мамандығы педагог екендігін айтып ағынан жарылды. Тағам пісіру, аспаздық жолына келуінің ең басты себеп – өзінің әжесі Анна Черкуновадан берілген қасиет пен қабілет болар. Әжесі өмір бойы кулинар болған адам. Әжесінен тәлім алған ол бала кезден аспаздыққа, тәттілерді дайындауға ықыласты болған.
Ең алғашқыда алған несие ақшасына қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, бір мекемені жалдап тұрды. Қазіргі сатып алған орын бұрынғы азық-түлік дүкені екен. Аумағы 98 шаршы метрді құрайтын нысан тарлық етуде. Ішінде ас дайындайтын, тағамдар әзірлейтін бөлмелер мен қоймалар бар. «Әрине, үлкен болса, жақсы болар еді, халық та соны қалайды. Ол алдағы уақыттың еншісінде» деп, өзін-өзі жұбатып қояды кәсіпкер.
Бұрынғы пиццерия ашылғаннан бері кәсіпкермен бірге жұмыс істеп келе жатқан білікті мамандар арасында Светлана Байназарова, Вера Дивиде, Наталья Фролова, Светлана Гусакова бар. Мұндағы қызмет істейтін басқа да адамдардың кем дегенде бес жылдық тәжірибелері бар. Тағам дайындайтын шикізат өнімдерін кәсіпкер жергілікті жерден алғанды құп көреді. Сондықтан, ұнды Ақкөлдің диірменінен, етті осы жердің базарынан сатып алады.  Өзіміз де тағам сөрелерін қарап жүріп, бауырсақтардан бастап, басқа да барлық тағам түрлерінің бағасы қолжетімді екендігіне көз жеткіздік.
–Мен бұл жерде көбінесе манты мен етті бәлішке жиі тапсырыс беремін. Өте дәмді, әрі бағасы да қымбат емес. Балаларым тоқаштары мен бауырсақтарын сүйсініп жейді. Ал, мүйіз тәрізді жасалған тәттілері тіл үйіреді, – дейді ақкөлдік Людмила Владимировна.
Ақкөлдің сапалы шұжықтары
Баспасөз турының келесі нысаны Ақкөлдің жаңадан ашылған шұжық дайындайтын «ТП-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шұжық өндіретін цехы. Мұнда бізді серіктестіктің басқарушы директоры Виктор Ефимов қарсы алып, өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен таныстырды.
 «Ақкөл деликатестері» дейтін атаумен шұжықтар мен етті деликатестер шығарып жатқан кәсіпорын алдағы уақытта жартылай фабрикаттарды өндіруді жоспарлап отыр екен. Директордың айтуынша, кәсіпорын ағымдағы жылдың наурыз айында ғана іске қосылған. Олай болса, бұл жаңа кәсіпорын нарықта енді ғана дамып келе жатыр және тұтынушылары әлі аз. Дегенмен, қазіргі уақытта олар шұжықтардың 30-ға жуық түрін дайындап, әзірше Астананың азық-түлік белдеуі мен Ақмола облысын қамтамасыз етуде. Негізгі басымдық шұжық жасалатын шикізаттарға беріледі екен. Сондықтан да болар, олар жоғары сортты, жаңа сойылған малдың еті мен сапалы табиғи қоспаларға назар аударады.
– 2016 жылы цехтың құрылыс жұмыстарын бастап кеттік. Құрылысқа бас-аяғы 50 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалды. Құрал-жабдықтарды сатып алуға 25 миллион теңге кетті. Бұл қаражаттың бәрі өзіміздің жылдар бойы жинақтаған қазынамыз. Мемлекет тарапынан жерді ресімдеу, құжаттарды реттеу бойынша көмек берілді. Қазіргі уақытта жерді ресімдеу деген өте қиын. Сондықтан, аудан басшыларының осындай көмек-қолдауына алғыс білдіреміз. Нысан аяқталған соң, арнайы мамандарды шақыртып, цехқа ең қажетті маманды – технологты сынақ арқылы қабылдап алдық. Тағам өндірудің негізгі басты жұмыстарын сол атқарады, – дейді Виктор Николаевич.
Қазіргі уақытта штатта 14 адам жұмыс істейді. Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, штат санын жиырмадан асыру көзделген. Цехтағы жұмысшылардың барлығы дерлік ақкөлдіктер, тек қана технолог астаналық азамат екен.  Шикізатты олар өзіміздің отандық тауар өндірушілерден алады. Атап айтқанда, негізгі өнімдер «Астана агропродукт» фирмасынан, «Бакара» зауытынан, Ақмолдан құс фабрикасынан жеткізіледі. Қай жердің малын сойсаң да, бәрібір ет шығады, ал, сапалы қосындыны қайдан аласыздар? деген сұрағымызға, Астананың «Амби-комби», «PTI» фирмаларынан алатындықтарын айтты. «Жалпы, мемлекетімізді былай қойып, облыстың өзін ғана алсақ, шұжық өндірушілер нарығы үлкен, сіздер өз тұтынушыларыңызды қалай таңқалдырмақсыздар?» деген сауалға:  
–Біз тек жаңа сойылған малдың еті мен сапалы тағам қосындыларын қолданамыз. Сапасыз арзан өнімдерді қолданбаймыз. Германия мен Австрияның қосындыларына көп мән береміз. Біз өндірген шұжықтар басқалардікіне қарағанда қымбат болуы мүмкін, бірақ, адамдардың денсаулығына зиянын келтірмейді. Тауарларды Астанадағы «Саун» ЖШС-не жеткіземіз, олар өнімдерімізді сонда сауда орындарына таратады, – деді ол.
Шұжықтарды алғашқыда аудан тарихымен байланыстырып, «25 отбасы» деген атаумен шығарамыз деп жоспарлапты, бірақ, кейін «Ақкөл деликатестері» атауына тоқталыпты.
Өндіріс орнының технологы Андрей Францев Астанадағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетті тәмамдаған білікті маман. Осы уақытқа дейінгі еңбек өтілі он жылды құрайды.
–Бірден технолог болып жұмысқа орналасу мүмкін емес, оған уақыт, тәжірибе керек. Нағыз маман болу үшін төменгі сатылардан бастау қажет. Қарапайым жұмысшыдан бастап, шебер, шебер-технолог, бас технолог болып көтерілдім. Астанадағы «Бакара», «Целинный» комбинаттарында жұмыс істеп, біраз жыл тәжірибе жинақтадым. Қазір өзім де технолог әрі директордың орынбасары қызметін атқарамын. Ал, сапалы өнімді қалай айыруға болады деген сауалыңызға – өнімнің иісі мен бағасынан оның сапасы білініп тұрады дер едім. Арзан емес өнім дайындап жатқандықтан, әзірге аптасына 1,5 тонна өнім өндіріп жатырмыз. Бұл жаман нәтиже емес. Ашылған уақытта аптасына 200 келі ғана өнім шығарғанбыз. Енді жаңа жылға дейін аптасына 20 тонна шығаруды жоспарлап отырмыз, – дейді технолог.
Нарықты кеңейту, тұтынушыларды көбейту тауар өндірушілердің қазіргі басты мақсаты. Олай болса, кәсіпорынға сәттілік тілейік.
Лидияның фитнес орталығы
«Лысенко» жеке кәсіпкерлігі 2014 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында металды-пластикалық бұйымдар мен фитнес орталық жасауға 33 миллион теңге көлемінде қаржы алып, осы бағытта өз жұмыстарын жандандырған. Қазіргі уақытта екеуі де тұрақты жұмыс істеп келеді.  
Ең алғашқы несиені мемлекеттен 2005 жылы алып, «Гурман» атты азық-түлік дүкенін ашқан олар араға он жыл салып, бизнестерінің түрін өзгертпекші болды. Сөйтіп, аудан орталығындағы құрылыс дүкенін сатып алып, бір бөлігінде құрылыс материалдарын сатып, екінші бөлігін спорттық орталыққа арнады.
–Үш жылдан бері фитнес орталығымен айналысып келеміз. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қосымша құрылыс қостық. Ғимараттың артқы бөлігінде пластикалық терезелер шығаратын цехымыз бар. Орталықты ашудағы мақсатымыз біздің ауданда мұндай демалыс орны жоқ екен. Соншалықты пайда келтірмейтіндігін алдын ала білсек те, шағын қаламызға сый болсын дедік. Алғашқыда әйелдерге ғана арнап жасаған едік, кейін ерлер де келе бастады. Қазір ерлерге арналған тренажер залы бар, сонымен бірге олар топтық жаттығу сабақтарына қатыса алады, – дейді кәсіпкер Лидия Браниславовна.
Фитнес орталықтарына кадр табу қашан да қиын. Біздің елде мұндай білікті мамандар аз. Десе де, Валентина Богословцева есімді йога жаттықтырушысын Астанада бірнеше рет семинарлар мен оқыту курстарына жіберіп, оқытып алыпты. Үндістанға да барып, йогамен айналысудың қыр-сырын үйреніп келіпті. Шағын қалашық болған соң шығар, орталыққа адам соншалықты көп келмейді екен. Адамдардың қазіргі заманда аптасына 600 теңге төлеп, үш рет жаттығу мен дене сымбатына қатысуы онша қымбат емес. Бірақ, ол тұрғындардың менталитетіне де қатысты дүние.  Негізгі бизнесі дүкендерінің арқасында аталмыш орталық осы күнге дейін жұмыс істеп келеді.
«М.М.М.» шаруа қожалығы
Кеңес үкіметі құлаған сәтте қаншама ауылдарымыздың сыйқы бұзылып, бірталай елді мекендерден сән кеткен еді. Осындай тоқырау кезеңінде халқын ойлап, ауыл-аймақтағы барды сақтап қалған адал азаматтар саусақпен санарлық қана. Біз ат басын тіреген Новорыбинка селолық округіне қарасты Қараөзек ауылында барды сақтап қалған азаматтардың бірі – Серік Асқаров екен. Ол елде дағдарыс орнап, қиын кезеңдер басталғанда қаңырап қалған ауыл мектебін жөндеуден өткізіп, 1997 жылдың бірінші қыркүйегінде балаларға тарту еткен. Ауылдан жастар жапа-тармағай Астанаға бет алып, сонда жұмыс істеуге кетіп жатқан тұста 2000 жылы «М.М.М» шаруа қожалығын ашып, ауыл тұрғындарын ауылда ұстап қалмақшы болады. Кезінде мыңғырған қойы бар ауылда 200-ден астам шаңырақ болыпты дегенге қазір сену қиын. Өйткені, мұнда бүгінде бар-жоғы қырық шақты ғана түтін бар.
Қожайынның айтуынша, шаруашылықта 4,5 мың гектар шамасында дәнді дақыл мен егін егіп, мал бағуға арналған жері бар. Сонымен бірге, орманды пайдалануға арналған 1 мың гектар аумақ бар екен. Шаруашылықта 300 бастан астам ірі қара бар. Кезінде жұмысын егін егумен айналысудан бастаған шаруашылық елімізде «Сыбаға» бағдарламасы іске асырыла бастағанда қызыл сиырлар мен ала бас бұқаларды алып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алған. Биыл «Ырыс» бағдарламасы шеңберінде төмендетілген пайызбен несие алып, Павлодардан әрі етті, әрі сүтті Сементал сиырларынан елу бас әкелді. Мемлекет тарапынан субсидия да берілді. Қазіргі таңда шаруашылық егіншілікпен ғана емес, мал шаруашылығымен де мақсатты жұмыс істеп келе жатқан үлгілі қожалықтардың бірінен саналады. Шаруа қожалығында сонымен бірге 700 бас қой, 200 бас жылқы бар. 2000 жылдан бері мұнда қымызхана жұмыс істейді және Ақкөл ауданы мен Астананы қымызбен қамтамасыз етеді. Қымызды өңдейтін заманауи құрал-жабдықтары бар. Малды қамауға арналған өз қолдарымен жасаған баздары да бар.
Шаруашылықта жазда 20 шақты адам жұмыс істесе, қыста 10 шақты жұмысшы жетеді. Жаздыгүні механизаторлар, құрылысшылар, малшылар көп болады. Олар асханасы мен моншасы бар жатақханамен қамтылады.
– Шаруа қожалығының атының өз құпиясы бар. «М.М.М.» дегенді көбісі орыстың Мавродийі деп түсінеді. Жоқ, ол менің Марат, Мұхтар, Мәулен есімді балаларымның құрметіне бірінші әріптерімен қойылған, – деп айтып берді мән-жайды шаруашылықтың негізін қалаушы Серік Балағазұлы.
Аталмыш ауыл кеңес үкіметі кезінде де мал шаруашылығымен айналысыпты. Қараөзекте сол кезде 31 мың бас қой болған екен. Қыста азығы, жазда жайылымы аз қиын кездері де болыпты. Жаңадан алынған сиырларға азық, жемшөп керек екені белгілі. Сондықтан, биыл көбірек жинау мақсат етілген. Келесі жылдың мамыр айынан бастап, сүтпен айналысу жоспарланған. Жиырма шақты биені жұбайы Меңсұлу Ережепқызы мен оның көмекшілері сауып, дайындап, әзірлейді. Шаруа қожалығының иесі Серік ақсақалдың айтуынша, жұмыстың барлығы жұбайы мен балаларының арқасында дөңгеленіп жатыр.
Шаруашылықта 2 – КА-700, 5 – МТЗ-80,  1 – МТЗ-92, Камаз, 2 – Зил, 5 – комбайн секілді ауыл шаруашылығы техникалары бар және жақында 2 пресподборщик сатып алынды. Сонымен бірге, осы қожалыққа қарасты өрт сөндіру бекетінде арнайы мамандандырылған бір көлік машинасы бар. Оны орманды алқаптарды пайдаланушы ретінде сатып алған.  
Серік Балағазұлының ауылына жасаған қамқорлықтары өз алдына бір бөлек әңгіме. Ол жоғарыда атап өткенімдей, қиын кезеңде балаларға мектепті ретке келтіріп берсе, одан кейін зейнетке шыққан жасында есік-терезесі шашылған, едені бұзылған ауыл клубын жөндеп жерлестерінің алғысына кенелген. Жақында мектепке дейінгі бүлдіршіндерге арнап шағын орталық ашып беріпті. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, ауылдан майдан даласына аттанған соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіш орнатыпты.
Шаруашылығы шалқыған қожайын қайырымдылықты – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі деп санайды. Оны айтып, мақтануды қажет деп санамайды да. Бірақ, әкімдіктің бізбен жүрген қызметшілері оның жыл сайын қайырымдылық балына қатысып, сал ауруына ұшыраған балаларға, жағдайы төмен отбасыларға қомақты қаржы бөліп, қол ұшын беретіндігін айтты.  
Жылқы малын жақсы көретін қожайын жыл сайын ат жарыстарға ауыл жастарын қатыстырып, бәйгелерге өзінің жылқыларын қосып келеді. Талай додаларда оның тұлпарлары алдыңғы орындардан көрініп, жүлделі  орындарды бағындырып жүрген көрінеді. Үйінің төрінде тұрған көздің жауын алатын кубоктар мен сыйлықтар соның айқын бір дәлелі. Көкпар, бәйге, қыз қуу аударыспақ, теңге ілу секілді қазақтың ұлттық спорттық ойындарына қосатын жиырмадан астам жылқысы бар екен. Оларды өздері баптап, дайындайды.  Осындай еңбегінің арқасында мемлекет тарапынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталыпты. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан зор үлесі мен еңбегі үшін берілген грамоталары мен алғыс хаттардың санында шек жоқ, өте көп.  Жалпы, ауыл осы шаруашылықтың арқасында сақталып тұр десек артық айтқандық емес.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.
Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар