Ұлт болашағының негізі

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде өткізілген латын әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізуге арналған қоғамдық тыңдау бүкіл еліміздегідей, Ақмола облысында да зор қызығушылық туғызып, білім қызметкерлері мен жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында да үлкен қолдауға ие болды. 

Осыған орай, облыс орталығындағы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде ғалымдар мен оқытушылар, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалының өкілдері,  облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушылары және университет студенттерінің қатысуымен   дөңгелек үстел жиыны болып өтті. Жиынды университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Аманай Сейітқасымов ашып, жүргізіп отырды. Алғашқылардың бірі болып сөз алған филология ғылымдарының докторы Бердібай Шалабаев өз сөзінде  латын әліпбиіне көшу мәселесінің  мән-маңызына тоқталып, тілдің халықаралық мәртебесін  көтеріп, нығайту заман талабы екендігін баса айтты.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында біртіндеп латын әліпбиіне көшу туралы айтқан болатын. Бұл тәуелсіздік алғаннан бері көптің көкейінде жүрген сұрақ болатын. Бүгін Парламент Мәжілісінде «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» парламенттік тыңдау болып  өтті. Өз басым латын таңбасына көшу мәселесін құптаймын. Себебі, біріншіден, латын әліпбиіне көшсек, тіліміздегі  жат әріптерді жойып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи, таза, әуенді-әуезді болмысын сақтауға зор мүмкіндік алар едік. Сонымен қатар, қазақ тілінің  ғаламтор, компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кіруге тиімді жолдары ашылар еді. Түбі бір түркі дүниесі негізінен латынды қолданатындықтан, біздер латын әліпбиіне көшу арқылы олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, байланысты нығайта алар едік, деп өз ойын ортаға салған профессор Бердібай Шалабай латын әліпбиіне көшу заман талабы екендігін екпін түсіре айтып өтті.

Университеттің доценті, филология ғылымдарының кандидаты  Аманжол Есмағұлов болса,  өз сөзінде жаһандану заманында әлемдік жаңа технологияны  терең меңгеру, сол арқылы бәсекелестікке  қабілетті ел болу ең басты қажеттілік – әрі міндет дей келіп, өскелең ұрпақ ең әуелі өзінің ғасырлар қойнауынан бастау алатын ұлттық салт-дәстүрі, тарихы, таным-білігін ұмытпауы керек екендігіне назар аударды.
Жиын барысында  басқа да ғалымдар мен тіл жанашырлары сөз алып экономикасы өркендеген, саясаты орнықты егемен елімізде мемлекеттік тілдің бірыңғай стандартты әліпбиін  енгізу  еш қиындық тудырмайды деген ортақ пікірге келді.    

«Арқа ажарының»  өз ақпараты.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар