Жолдасым екеуіміз үйдің ауласында балалармен серуендеп жүрген едік. Бір кезде анадайдан баланың айқайлап жылаған дауысы естілді. Барып қарасақ, бізге көрші подъездерде тұратын екі кішкентай бала төбелесіп жатыр екен.
Қастарында тұрған ересек адамның шамамен 3-6 жасар әлгі бүлдіршіндерді тоқтатуға тырыспай тұрғаны бізге ерсі көрінді. Түсінгеніміздей, ол адам балалардың біреуінің әкесі екен.
Жандарына барып не болғанын сұраған едік, баланың әкесі: «Ой, мына боқмұрын менің ұлымды арқасынан келіп жайдан жай жұдырығымен соғып жіберді. Оның балама тиіскеніне жайбарақат қарап тұра алмаймын. Біреу тиіссе, сен де тиіс, бетінен бір соқ деп үйретіп жатырмын» деген сөзін естіп, таңырқамасқа амалымыз қалмады. Одан кейін де жасы кішіректеу бүлдіршіннің қорсылдап жылап жатқанына да қарамастан, «Кәрім, ұр оны, ұр!» деп, біразға дейін баласын әлгіге айтақтауын қоймады. Сол арада жасы сорғалаған балақайды жұдырық астынан жұлып алып, өксігі басылғасын үйіне қоя бердік.
Егер төбелесті шығарған баланың орнында жасы үлкен біреу болғанда, оның сазайын беруге болар еді. Ал, мына оқиғада үш жасар баланы өзінің бес жасар ұлына әдейі ұрып-соқтыру ештеңемен ақтап алуға келмейтін әрекет деп түсінемін. Баласы бұзықтық жасаса, ата-анасына барып айт. Әрбірдесін, оны жазалауға, керек болса сабап та алуға тек әке-шешесінің ғана құқы бар.
Иә, түсінемін. Әрбіреуіміз бауыр еті – баламызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай аман-есен өсіргіміз келеді. Өзіміз де далаға шыққан сайын біреу қағып кетпесе екен, сүрініп қалмаса екен деп баламыздан көз алмай отырамыз. Ал, егер баланы саған біреу тиісті, сен де оны жазасыз қалдырма, түбіне жет деп бесіктен белі шықпай жатып қатыгездікке, төбелеске, өш алуға үйретсек, мұның арты жақсылыққа апармайды деп ойлаймын. Сол жерде керісінше, әлгі ер адамға үлкендік танытып, кішкентай бүлдіршіндерді енді гәрі бұлай жасамауға ақылмен ғана үгіттеу керек еді. Әр ата-ана сәбиін жаңағыдай тәрбиелесе, ертеңгі күніміз не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты екен.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.