Өнеркәсіптік қаланың торқалы тойы

Степногорск қаласының іргесі қаланғанына биыл 50 жыл толып отыр. Бүгінде 70 мыңға тарта тұрғыны бар, ірі өнеркәсіп орталығы саналатын шаһар осы мерзім ішінде дамудың үлкен жолынан өтті. Өткен аптада жер-жерден сыйлы қонақтарды жинаған мерейтойлық шараларға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, Халық Қаһарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Парламент Сенатының депутаты Дәурен Әділбеков, Қаныш Сәтбаевтың немересі Әлима Жармағамбетова қатысты. Әсіресе, мерекенің сәні мен мәні – ұлт рухын асқақтатқан ұлы ғалым ескерткішінің салтанатты ашылуы болды.

Іргетасы 1967 жылы қаланған, ен далада бой көтерген қала кеңестік сәулет дәстүрмен салынғанмен, болашақ ірі өнеркәсіп орталығы есебінде тұрғындарына қажеттінің бәрі ескерілген. Жасыл желекті саябақтар, жаздың қапырық ыстығында салқын леп соғатын субұрқақтар,  кең көше жолдары мен жаяу жүргіншілерге арналған жағажолдар – бәрі жас қалада заман талабына сай қажеттіліктер түгел ескерілгенін көрсеткендей. Мұнда сол тұста қорғаныс саласына қызмет еткен құпия кәсіпорындар көп болды. Содан болар, жабық қала атанған Мәскеуге тікелей бағынышты  Степногорскінің дүкендерінде еліміздің басқа елді мекендерінде жоқ қат тауарлар самсап тұратын. Бірақ та, оны алуға сырттан келген азаматтардың құқы жоқ еді. Қат тауарлар жергілікті тұрғындарға ғана сатылатын. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде ірі кәсіпорындар жабылып, қала біраз уақыт қиындықтарды бастан өткерді. Дегенмен, Үкімет тарапынан жасалған көмектің нәтижесінде қалталы инвесторлар тартылып, қаржы салып бұрынғы іргелі кәсіпорындар нарық талабына  бейімделіп жұмыс істей бастады. Сөйтіп, қаланың екінші тынысы ашылғандай болды.
Бүгінгі Степногорск сәулетіне дәулеті сай астаналық облыстың аса ірі өнеркәсіп орталығы. Құрылыс саласы да жыл өткен сайын қарқынды дамуда.  Көк желек жамылған қала көшелері сәулетімен, сәнімен тұрғындарды да, келген қонақтарды да қуантып, заман талабына сай өсіп, өркендеп келеді.Қаланың мерейтойлық шарасы  «RE-BIOMED» ғылыми-тәжірибелік   орталығы» ЖШС-нің косметикалық өнімдер шығаратын кәсіпорнының ашылуымен басталды. Жаңа кәсіпорынның лентасын ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дәурен Әділбеков пен ҚР Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қалдыбек Бәйімбетов қиды.  Инвестициялық жобаның құны 1 миллион АҚШ долларын құрайды. Мұнда бетке арналған сергіткіш және жақпамай тәрізді биокосметика түрлері шығарылады. Кәсіпорын басшысы Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, «RE-BIOMED» компаниясының биокосметикаларында химиялық қоспалар жоқ. Таза органикалық компоненттерден тұрады. Сол себепті де, қолданған кезде ұзақ мерзімде және 70 пайыз жақсы әсер етеді. Компания мамандары Канада және Германия елдерінде дайындықтан өтеді. Қазіргі күні кәсіпорында жергілікті 15 адам еңбек етуде. «Кәсіпорынның жылдық қуаты  3 миллион құты, 20 миллион ампул өнімін шығаруға жетеді. Ал, өнімнің бағасына келсек, әрбір биокосметикалық  заттың құны 3-7 мың теңге аралығында саудаға шығарылатын болады. Қазіргі кезде сауда нүктелері анықталуда. Өнімді негізінен Қазақстан мен Ресей нарығына шығару жоспарда бар», – дейді серіктестік басшысы.
Қаланың мерейтойлық шарасы вокзал алаңы алдынан биіктігі 7 метрлік қазақтың ұлы перзенті, ғалым, қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаевтың ескерткішін ашумен жалғасты. Алтын, уран қоспасы, түсті металл өндірісі дамыған өнеркәсіпті қалада еліміздің ғылымын, оның ішінде геология ғылымын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан, қазақ ғылымының негізін қалаушы ұлы тұлғаға ескерткіш орнатылуы лайықты құрмет екені анық. Ескерткіштің авторы Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі сәулеткер – Азат Баярлин. Ескерткіштің ашылуына ҚР Халық қаһарманы, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров пен Қаныш Сәтбаевтың немересі, химия ғылымдарының докторы  Әлима Жармағамбетова, экс министр, Қазақ Ұлттық академиясының бұрынғы президенті Серікбек Дәукеев сияқты белгілі тұлғалар қатысты.
«Степногорск деген қала атауы Елбасымыздың көтерген «Ұлы дала» идеясымен үндесіп тұрғандай. Кең даладан бой көтерген жас қала жарты ғасырда үлкен жетістіктерге жетіп, облысымыздың ірі өнеркәсіп орталығына айналды», – деген облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова степногорлықтарды мерейтойларымен құттықтап, игі тілектерін білдірді.
–90-шы жылдардың соңына қарай келгенімде қала жүдеп тұрғанын көрген едім. Бүгінгі бейнесін көріп, қатты сүйсіндім. Көк желек жамылған оқтай түзу сәнді көшелері, көп қабатты сәулетті үйлері, субұрқақтары мен гүлзарлары  көз қуантады. Дәл мұндай таза қаланы көргенім жоқ,–деп сүйсінісін білдірген Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров те қала тұрғындарына деген жүрекжарды жылы лебіздерін ақтарды. Бұрынғы экология министрі, Ұлттық академияның президенті болған елімізге танымал ғалым, қоғам қайраткері Серікбек Дәукеев, ескерткіштің авторы Азат Баярлин, ғалымның немересі, химия ғылымдарының докторы Әлима Жармағамбетова да өздерінің жүрекжарды жылы лебіздерін айтып, қала тұрғындарын мерейлі тойларымен құттықтады. Ескерткіштің лентасын Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров пен ғалымның немересі Әлима Жармағамбетова қиды. Қоладан сомдалған ескерткіште Қаныш Сәтбаевтың халқына еңбегі сіңіп, ел-жұртқа танылып, ғылым биігіне көтерілген орта жастағы шағы бейнеленген. Бір қолына плашын ұстап, бір аяғын кенді тас сынығына қойған ғалым алысқа ойлы көзбен қадалып қалған. Ескерткіш маңайы абаттандырылып, гүлзарлар жасалыпты. Қалаға келген қонақтарды  заңғар ғалымның  еңселі ескерткіші қарсы алатын болды.
Мерейтойлық шара ғалым Қаныш Сәтбаевтың ғылыми еңбегі мен өмір жолына арналған ғылыми-тәжірибелік конференциямен ұласты. Конференцияда ҚР Ұлттық академиясының академигі, геология-минерология ғылымдарының докторы Сұлтан Оздоев, Ұлттық ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Эшмұрат Пирматов, физика-математика ғылымдарының докторы, ядролық физика ғылыми-зерттеу институтының директоры Насрулла Бөртебаев, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуов, химия ғылымдарының кандидаты Дархан Балпанов, геология-минерология ғылымдарының докторы Александр Третьяков Қаныш Сәтбаевтың еңбек және өмір жолы жайында мазмұнды да тартымды баяндамалар жасады.
Дала төсіне салынған жас қаланың мерейтойлық шарасы шеңберінде «Степногорск – күштілер мен батылдар қаласы» атты бұқаралық спорт жарыстары өтіп, оған ниет білдірген барлық жастағы тұрғындар қатысты. Балалар шығармашылығына арналған «Алтын күз» көрмесі де жұртшылықты бейжай қалдырмады.
«Степногорск – менің туған қалам» мерекелік шарасы аясында жастардың флеш-мобы, облыстық филармонияның концерті, жас авторлардың «Әлемдегі ең тамаша қала» фестивалі, ауған соғысы ардагерлерінің «Менің
Отаным» патриоттық әндер концерті ұйымдастырылды. «Степногорск жүрегімде» мерекелік шарасы шеңберінде қаланың іргетасын қалаған ардагерлер шеруі, көп жылдар отасқан ерлі-зайыптылар мен жаңа үйленген жұбайлар, қаланың құрдастары алаңға шықты. Жалпы, бұл күні қала тұрғындары түрлі мерекелік шаралардың куәсі болып қана қоймай, өздері де оған белсене қатысып, түрлі сыйлықтар алып, мерейтойды  көтеріңкі көңіл-күймен өткізді. Мерейтойлық шара жастардың би кешімен және «Дала қаласына сәлем» отшашуымен мәреге жетті.

Суреттерде: Қаныш Сәтбаевқа орнатылған ескерткіш; гүл шоқтарын қою сәті, алдыңғы қатарда қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және ғалымның немересі Әлима Жармағамбетова.
 
Суреттерді түсірген  Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар