таңдау таңдаулыға түсті

Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен өткізілген «Отаным – отбасым» шығармашылық отбасылар байқауында өнерлі де талантты жеткіншектері бар бурабайлық Сәбиевтер әулеті жеңіске жетті. 

«Отбасы күні» шеңберінде елімізде 5-7 қыркүйек аралығында «Отбасы – бақыт мекені» атты апталық өтті. Осы мерекенің аясында ұйымдастырылған байқауына облыстық мәдениет басқармасы қолдау көрсетті. Облыстық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында аталмыш байқауды ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырған. Байқау шарты бойынша өнер додасына қатысқан отбасылардың әрқайсысы екі ән дайындап, оны нәшіне келтіріп орындаулары тиіс. Үміттерін үкілеген отбасылардың өнер сайысын бурабайлық Сәбиевтер отбасы «Туған жер» әнімен ашып, көрерменді бірден өздеріне баурап алды. Апалы-сіңілілі Айман мен Нұржамал және олардың інілері Даниярдың орындауындағы «Жан ана» атты әсем ән де жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі. Бұдан кейін өнер көрсеткен астрахандық Қасымовтар отбасы «Бір бала» әнін барынша орындап беруге тырысты. Ал, Еңбекшілдер ауданының намысын қорғаған Әнәсовтер отбасы «Әгугай домбыра» және «Тау ішінде» әндерін нақышына келтіріп, тыңдарманының құлағының құрышын қандырды. Ағалы-інілі Иманғазы мен Жанаттың әкелерімен қосыла шырқаған әндерінен олардың дауыстарының бір-біріне үйлесімділігі, дауыс тазалығы, ән орындаудағы шеберліктері мен сахнадағы өздерін сенімді ұстаулары көңілден шықты. Отбасылардың өнер байқауында көрермендердің көзайымына айналып, тыңдарманды өздерінің жарасымды жұбымен, актерлік шеберліктерімен баурап алған аршалылық Базарбек Сауырхан мен оның жұбайы Бақытгүл Сұлтанның «Әдемі» және еліміздегі танымал әншілер Жазира мен Жанболаттың репертуарындағы «Ойла» әнін де жақсы орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен бірге, көкшетаулық Есімхан Жапаров пен оның жұбайы Жанат Жапарованың «Жаңбырлы түн» әні де әдемі шықты. Сонымен бірге, сахна төрінде өнер көрсеткен целиноградтық Исиндер әулеті де өздерінің отбасылық ерекшеліктерімен көрерменді таң қалдырды. Жасы сексен бестен асқан Қайырбек Олжабайұлындай ақсақалы бар әулеттің үлкендері ғұмырларын бала тәрбиесіне арнаған үлгілі отбасы. Немерелері мен қыздарының сахнадағы өнерлері көрерменді тәнті етті. Сондай-ақ, бұл өнер байқауында ерейментаулық Қанат Талғатбектің, атбасарлық Варгентиндердің, Жақсы ауданынан келген Нұрмағамбетовтердің отбасылары өнер көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші жүлделі орынды жоғарыда атап өткеніміздей бурабайлық Сәбиевтер отбасы жеңіп алып, бағалы сыйлыққа ие болды. Екінші орынды Базарбек Сауырханның отбасы иеленді. Үшінші орынды Еңбекшілдер ауданынан келген Әнәсовтер отбасы мен көкшетаулық Жапаровтар отбасы өзара бөлісті.  

«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Суретте: байқауға қатысқан – Исиндер отбасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар