Ерейменнің киелі орындары

Елбасымыздың республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында еліміздің болашақ даму бағдары жан-жақты және толымды тұжырымдалған.  Ендігі міндет – сол мақалада көтерілген еліміздің болашағы үшін аса маңызды мәселелерді нақты іс жүзіне асыруға атсалысу. Осы орайда, биыл жазда аудан әкімі Ермек Нұғымановтың қолдауымен, «Туған жер» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын іске асыру мақсатында «Елдіктің бастауы, ерліктің дастаны – Ерейментау» атты тарихи-танымдық экспедиция ұйымдастырылған еді. 

Экспедицияның бағыты Ереймен таулары арқылы Қоянды Қойтас, Ажы, Бозтал, Өлеңті, Шәкей, Күншалған, Олжабай, Еркіншілік, Жолбасшы, Торғай, Балықты, Жаңажол секілді тарихи жерлер мен елді мекендерді, таулы орман, көлдерді қамтыды. Жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып, өңіріміздің өткен тарихы мен тарихи тұлғаларын танып, білуге игі ықпалын тигізетін аталмыш шара ойға алған мақсат биігінен көрінді деп айта аламыз. XVIII ғасырда Жоңғар шапқыншылығына қарсы халқымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен батыр бабаларымыздың Ереймен жерін жаудан қорғап, шайқасқан орындары мен осы өңірдегі адамдардың алғашқы қоныстанған ежелгі мекендерін аралап, танысты. Ел мен жердің тұтастығына, ұлттық сана сезім мен рухтың жоғары болуына ықпал етіп, ұлттық құндылықтарымыздың бірі – шежіреміз бен мәдени-тарихи мұрамызды сақтап, ұрпақ санасына сіңіруге бұл шараның қосқан үлесі аз болмағаны анық. Сондай-ақ, жол бойы елді мекендерде жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізілді. Экспедицияның барысы, нәтижесі мен қорытындысы жайлы ақпарат құралдарында, интернеттегі әлеуметтік желілер мен сайттарда мақалалар жарияланды.
Экспедиция мүшелері тарихшылардан, өлкетанушылардан, ақын-жазушылардан, ақпарат өкілдерінен, спорт-туризм саласының мамандарынан, кинооператорлар мен фототілшілерден жасақталды.
Бұл айтулы мәдени-тарихи шара Ерейментау қаласының  орталық алаңындағы Бөгенбай батыр ескерткіші алдында автокөліктердің шеруімен, ел ақсақалдарының батасымен бас-тау алды. Жұмыс барысында топ мүшелері Саққұлақ би мазары, одан кейін Малтабар ауылы арқылы ежелгі Қоянды Қойтас өңіріне жетіп, бері қарай Ажы, Өлеңті, Бозтал ауылдарының жерлерімен, Ерейменнің етегіндегі Тұмсық қыстауы, Тоқмағамбет Хазірет мазарына келіп, осында түнеген соң ертеңінде  Керегетас, Найзатас, Жуантөбе, Төрежал, Тұқпидің қара ағашы, Сейфолла, Усамбай, Қаратау тауларын бойлай Бозайғыр көлі арқылы, Қыдырбай, Қызылшілік мекендерінің үстімен  Шәкей, Күншалған, Қаратал ауылдары бағытында, Күншалған, Ақдің тауларына дейін барды. Кешке таман Күншалған ауылының мектебінде тұрғындармен, ақсақалдармен кездесу өткізілді. Таңертеңнен Қарашат асуы арқылы Олжабай батыр ауылына аялдап, мектеп музейінде болды, мұғалімдермен, мектеп оқушыларымен кездесу өтті. Одан әрі экспедиция сапары Еркіншілік ауылы арқылы Ақан серінің Құлагері шапқан Қусақ көлі, Жаушоқы, Орташоқы, Ақшоқы, Қарағайлы, Қосбатыр жерлерімен Торғай, Жаңажол ауылдарында жалғасын тапты.
Осы аталған бағдармен жүріп өткен жерлер мен елді мекендерге байланысты тарихи оқиғалар мен аңыз-әңгімелерді жол бойы жергілікті шежіреші, тарихшылар репортаж ретінде ұсынып, экспедиция мүшелеріне ақпарат беріп отырды. Сонымен бірге, жол бойы өте құнды фотосурет және бейнефильм түсірілді. Бұл жерде жерлесіміз, Екібастұз қаласынан арнайы келген жазушы Сайлау Байбосынның, Бөгенбай батыр атындағы Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, тарихшы Мәнап Әдірешевтің, шежіреші, өлкетанушы Жұмабек Ахметовтың еңбегін ерекше атап өткенді жөн көрдік. Олар бұл іске  қажет көптеген тарихи деректер мен қызықты мәліметтер ұсынды.
Қазіргі кезде кез келген мәдени шараның қолдау мен демеушілікті қажет ететіні белгілі. Осы орайда, Ереймен елінің қолы ашық жомарт азаматтарына деген ризашылығымыз шексіз. Астанадан өз көлігімен келіп, әуеден дрон аспабымен жасалатын сурет, бейне түсірілімдерінің жұмысын атқарған әкелі-балалы Сәбит, Әділ Шақаевтардың, осы іске автокөлікпен, жанар маймен қолдау жасап, өзі де қатысқан Алтынбек Баймолдиновтың, Ерейменнің әнұраны іспеттес «Бөгенбай батыр» әнінің кәсіби түрде әрленуіне көмек берген Әділхан Мусиннің азаматтық тұрғыдан жасаған қадамдары үшін айтар алғысымыз зор.
Сан ғасырлық тарихымыздың тілсіз куәсіндей болған Ереймен тауларының ашылмаған әлі де қаншама тылсым сырлары шежірелі қойнауында өз кезегін күтіп жатыр. Кешегі көнекөз құймақұлақ шежірешілерден бүгінгі күнге жеткен тарихи оқиғаларға байланысты деректер мен ел аузындағы әңгімелерді біз өз кезегімізде жас ұрпаққа хаттап, фотосурет, бейнеқұжаттар түрінде мұралап қалдыруды мақсат тұттық. Оны одан әрі қастерлеп, зерттеп, толықтырып жаңа ғасырларға жеткізу келер ұрпақтың еншісінде деп ойлаймыз.

Сайлау ЖЫЛҚЫБАЕВ,
Ерейментау аудандық мәдениет  және тілдерді  дамыту  бөлімінің басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар