Облыстық табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті ұйымдастырған баспасөз турында «Көкшетау Энерго» серіктестігінің инвестициялық міндеттемелерін орындауы, энергетика саласына қаржы салып, осы саладағы жағдайды жақсартуы сияқты мәселелер қамтылды.
Серіктестіктің бас директорының орынбасары Константин Раньев өз сөзінде баспасөз турына қатыстыру үшін сарапшылар мен журналистерді арнайы шақырғандарын айтып өтті.
– Біз инвестициялық бағдарламаның жүзеге асырылу барысындағы бақылаудың күшеюінен қауіптенбейміз. Өйткені, өз міндетімізді толық орындаймыз. Біз қызмет көрсететін аумақты электр қуатымен үзіліссіз қамтамасыз ету үшін бар мүмкіндігімізді жұмылдырып жатқанымызды тұтынушыларымыз білуге тиісті,– дейді Константин Раньев. Баспасөз турына қатысушылардың бүгінгі таңда Щучинск-Бурабай курортты аймағында электрмен қамтамасыз ету сенімділігінің әжептәуір артқанына көздері жетті. Бұған дейін мұнда өткен ғасырдың 80-ші жылдары орнатылған болгарлық қондырғылар пайдаланылатын. Қондырғылардың мәселесі екі мыңыншы жылдардың басында бас-талды. Ток өткізбейтін бөлшектер өзінің электр қуатына қарсы күшін жоғалтты. Бұл бөлшектерден ток өтіп,жарық апатты жағдайда жиі сөнетін. Оның үстіне электр тарататын қондырғы әбден ескірді. Бұл қондырғы үшін қосалқы бөлшектер сатып алу мүмкіндігі болмады. Қосалқы бөлшектер өндірістен алынып тасталған екен. Сөйтіп, Щучинск қаласы мен курорттық аймақты электрмен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұрды. Қалпына келтіру жұмысы жүргізілгеннен кейін электрмен қамтамасыз ету сенімділігі жөніндегі мәселе күн тәртібінен алынып тасталды. Енді жаңа тұтынушыларды электр жүйесіне қосу мүмкіндігі пайда болды. Бұл жағдай бұрын өзекті болатын. Жаңа қондырғыны іске қосқаннан кейін энергетиктер көршілес Зеренді ауданымен сапалы телефон байланысын қамтамасыз етті. «Көкшетау Энерго» серіктестігі жұмысының нәтижесінде облыс орталығында электрмен қамтамасыз ету біршама жақсарды. Көкшетау қаласындағы «Западный» шағын станциясын қалпына келтіруге 174 миллион теңге бағытталды. Инвестициялық бағдарламаны жүзеге асырудағы күтілетін нәтижелердің біріне мамандар электр қуатының техникалық шығынын азайтуды және электр қуатын ұрлау оқиғасын болдырмауды, сондай-ақ, жүйедегі апат пен қондырғыларды жөндеу және пайдалану қызметіне байланысты шығынды азайтуды жатқызады. Сондай-ақ, олар электр қуатын сату көлемін көбейтуді және электр тұтынушыларға бақылауды жақсартуды, сондай-ақ, тұтынған электр қуаты үшін жиналатын қаржыны 100 пайызға жеткізуді болжап отыр. Инвестиция салудың басымдық бағыты Көкшетау, Щучинск қалалары мен Бурабай курортты аймағындағы энергетикалық нысандарда анықталды. Мұнда электр қуатын тұтыну көлемі «Көкшетау Энерго» серіктестігі тарататын жалпы электр қуатының 60 пайызын құрайды.
– Біздің қызмет көрсететін аймақта электр қуатын тұтыну тұрақты өсіп келеді. Курортты аймақты дамытуға Елбасымыз ерекше назар аударуда,– дейді «Көкшетау Энерго» серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Берік Ақылбеков. Өткен жылы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру кезінде «Щучинский» шағын станциясының майлы электр сөндіргіштері толық ауыстырылған. Нәтижесінде Щучинск қаласы мен курорттық аймақты электр қуатымен қамтамасыз ету тұрақтанды. Сондай-ақ, Щучинск қалалық электр жүйесінің ғимараты күрделі жөндеуден өткен. Бурабай ауданы мен курорттық аймақ үшін электр тарату желісі шығыршықталмақ. Бұл апатты жағдайда электр қуатын екінші жақтан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Экономиканың маңызды стратегиялық саласының бірі – туризмді дамытуда энергетика саласы әрқашан сенімді негіз болады. Баспасөз турының қорытындысы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Валентина Геращенко энергетикалық компанияның сенімді жұмысын, тұтынушылармен кездесуге ұмтылысын және инвестициялық шараларды қаржыландыру жөніндегі ақпараттың ашықтығын атап өтті.
– Өз басым кәсіпкер ретінде әріптестерімнің шығынын азайтуға ұмтылатынын түсінемін. Бірақ, бүгін энергетик мамандардың талаптары қауіпсіздік мәселелеріне негізделгенін көрдім,– дейді Валентина Геращенко. «Облыстық табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тұтынушылары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Садықов өз сөзінде «Көкшетау Энерго» серіктестігі өткен жылдың инвестициялық бағдарламасы шараларын толық жүзеге асырған жалғыз компания екенін, шараның нақты жүзеге асырылғанын комиссия мүшелері көргенін ерекше атап өтті.
– Инвестициялық бағдарлама бойынша жұмыстың сапасына толық қанағаттандым. Тұтынушылардың қаражаты орынды жұмсалған. Инфляциялық үрдіс өз түзетулерін енгізді. Келешекте ресурстардың жеткіліктілігі мәселесін шешу керек. Бір жағынан тарифтің өсуіне жол берілмеуі тиіс. Екінші жағынан қаржыландырудың жетіспеушілігі электр жүйесі жұмысының сенімділігіне ықпал етпеуі қажет,–дейді Арман Садықов.