Степногорск қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен «Жас Отан» жастар қанатының «Таза мекен» экологиялық шарасына да жастар белсене қатысып, қала көшелерін қоқыстан тазартты.
Қаладағы индустриалды-техникалық, құрылыс-техникалық және «Мақсат» колледждерінің білім алушылары «Жасыл ел» жастар жасағымен бірлесе отырып, тұрғындар көп жиналатын саябақтарды тазаласа, «ЕПК-Степногорск» серіктестігі, ауданаралық туберкулезге қарсы диспансері, «Мирас» мәдениет үйі мен қалалық емхана қызметкерлері де экологиялық шарадан қалыс қалмай, көшелерді тазалауға бел шеше кірісіп кетті. Бұл күні төрт тоннадан астам тұрмыстық қалдық сыртқа шығарылды.
Степногорск индустриалды-техникалық колледжінің студенті, жасотандық Әнуар Қызыр: «Табиғатты аялауға шақыратын осындай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұруы қажет, себебі, осы арқылы жастар табиғатқа қамқор болуды үйренеді», – дейді. Алдағы уақытта степногорлық жас-тар акцияға қарапайым тұрғындарды да тартып, қала тазалығын әрдайым назарда ұстайтындықтарын жеткізді.
Динара ДҮЙСЕНОВА,
«Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының баспасөз хатшысы.