Елдіктің жолында бір адам да біраз күш

Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Ақкөл қаласы орыс тілді қала болды. Қазақтардың ара салмағы 15 пайыздай еді. Ауданның елді мекендеріндегі мектептердің бәрінде сабақ ресми тілде жүргізілетін. Бір ғана шағын ауылда қазақ мектебі болды. 

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында ауданымыздың білім саласын басқаруға жерлесіміз, тәжірибелі педагог Еркін Дәуешов келді. Осы кісінің келуімен білім мекемелерінде қазақ тілі жандана бастады. Алдымен, орыс сыныптарында қазақ тілі сабағын жүргізудің сапасы жақсара түсті. Тіпті, қазақ тілі деген пән бар екенін білмейтін №1 орта мектепте осы пәнді сабақ кестесіне кіргізді. Жергілікті ұлттың өкілдері ғана тұратын ауылдарда оқу ана тіліне көшіріліп, біраз мектептер қазақ мектебі болып қалыптасты. Шаруашылықтардың орталықтарындағы мектептердің көпшілігі орысшадан аралас мектептерге айналды. Бала бақшаларда қазақ топтары ашыла бастады.
Тоқсаныншы жылдардың басында Еркін Дәуешұлының мұрындық болуымен біздің мектепте де бірінші қазақ сыныбы ашылды. Ол кісінің өзі бас болып, бұл сыныпты ашуда үлкен жұмыстар жүргізуге тура келді. Шүкір, сол алғашқы сынып бүгінде Ақкөл қаласындағы ең үлкен қазақ ортақ мектебіне айналды. Қазір қала орталығында Еркін ағамыздың дамыл таппай салғызған жаңа үлгідегі ғимаратында 700-ден астам жергілікті ұлт балалары ана тілінде білім алып жатыр.
Біраз жылдан бері осы ағамыз жазушы-шежіреші Жайық Кәгенұлы Бектұровтың есімін мәңгі ел есінде қалдыру тұрғысында да аянбай еңбек етіп келе жатқанын білеміз.
Ағамыздың сол еңбегі жанып, таяуда Үкімет шешімімен мектебімізге осы кісінің есімі берілгеніне өте қуаныштымыз. Осы орайда, бүкіл ұжым атынан Еркін ағамызға елдіктің туын жоғары ұстай білгені үшін зор рахметімізді айтқымыз келеді. Мектеп мұғалімдері мен шәкірттері Жайық Бектұровтың ардақты есіміне лайық болуы үшін бар күш-жігерлерін аянбайтындары ақиқат. Сөз соңында Еркін Дәуешұлының зайыбы, ұлағатты ұстаз Хамила Құлбекқызының да  біздің мектепте ұзақ жылдар жемісті еңбек етіп, жүздеген шәкірттер тәрбиелегенін айта кеткім келеді.

Әсемгүл ИБРАЕВА,
Жайық Бектұров атындағы №3  Ақкөл  орта мектебінің оқу  ісінің меңгерушісі. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар