Жарты жылда 150 миллиард теңге жымқырған

«Биылғы жылдың алғашқы жартысында еліміздің шенеуніктері 151,5  миллиард теңге мемлекет қаржысын ұрлаған. Бұл ақшаға 1200 орындық  70 мектеп немесе  80 балабақша, болмаса қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен жарақталған  40  аурухана салуға болады», – деді  «Хабар-24» телеканалына берген сұхбатында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы Арман Есембаев. 

Қаржы министрлігі өкілінің айтқан цифрларына қарап отырып еріксіз ойға қаласың. Бір-екіден жоғары білімдері бар, бірқатарының ғылыми атағы бар лауазымды қызмет тұтқасын ұстаған шенеуніктер заң атаулыны белден басып,  мемлекеттің миллиардтаған қаржысын қалай ұрлады екен деп жағаңды ұстайсың. Баяғыда кеңес заманында ұжымшардың жылқысын баққан бір туысымыздың жылқысына қасқыр шапқан ба, әлде басқа себептері болды ма  тексеру кезінде  бес-алты бас мал кем шығып, әлгі туысымыз сотталатын болғасын ауыл-аймақ болып жетпеген мал басын жинап беріп орнына салған еді. Иә, ол кезде мемлекеттің бір лағын жоғалтсаң басыңмен жауап беретінсің. Соны білетін жұрт  шаруашылық малын ұрламақ түгілі, сондайды ойлаудан қорқатын.  Соғыс жылдарында бір уыс бидай аламын деп сотталғандар болғанын үлкендерден талай естідік. Мұндай ұрлыққа адамдар аштықтан амалсыздан барады екен. Ал, қазір ше?
Астанада өткен ЭКСПО халықаралық көрмесінің ашылуына  журналист ретінде барып қатысқан едім. Сонда ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізген «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі ұлттық компаниясы басқармасының төрағасы
Ахметжан Есімов  жемқорлыққа белшеден батып, бөлінген миллиардтаған қаржыны жымқырған ұлттық компанияның бұрынғы басшылығы жасаған әрекеттің салдарынан үлкен қиындық туындағанын, жаңа команда құрып, көп күш жұмсаудың арқасында ғана көрмені белгіленген мерзімде бітіре алғандығын айтқан еді. Сөйтіп, өздеріне сеніп тапсырған жұмысты теріс пайдаланып, қазына қаржысын жымқырған жемқорлардың кесірінен еліміздің абыройына  әлем алдында қара күйе жағыла жаздады.
Қазақ «ұрыда иман жоқ» деп текке айтпаса керек. Жемқор деп қанша жылмыңдатқанымызбен, оның шын атауы – ұрлық екендігі анық. Яғни, жемқор да ұры. Жұрттың қалтасын қағатын баукеспе ме, қызмет бабын пайдаланып қазына мүлкіне қол сұғатын шенеунік пе, бәрібір екеуі де ұрлық жасайды, яғни, екеуі де ұры. Осы орайда, жаңадан қабылданған Азаматтық кодекстегі жемқорлық қылмыс жасағандарға ірі көлемде айыппұл төлету жазасын қолдану – оңай жолмен олжа тапқысы келетіндерді тәубесіне түсірер оң қадам деп санаймыз. Мәселен, жаңа заң бойынша отыз мың теңге пара алған облысымыздағы бір мемлекеттік қызметкер сол үшін бес миллион теңге айыппұл төлейтін болды. Ол аз десеңіз, сот шешімімен оны мемлекеттік қызметтен өмір бойы шеттетті.
Иә, жемқорлыққа қарсы елімізде қатаң күрес жүргізіліп жатыр және заң да біршама қатаңдатылды. Десе де, қазына қаржысын жымқырғысы келіп тұратын шенеуніктер қатары азаймай отыр. Оған  жоғарыдағы Мемлекеттік кірістер комитеті басқармасы басшысының келтірген мәліметтері  дәлел. Осыған қарап қазақ айтқан «Ет тәттілігін қойса, мен ұрлығымды қояр едім» деген мақал осындайларға қарап айтылған ба дейсің.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар