Өткен жылы облыс бойынша 5,7 миллион тоннадан астам астық жиналды. Осындайда мол өнімді сақтау мәселесі де туындап қалады. Биыл да аздаған алаңдаушылық бар. Өйткені, соңғы аптада жауған жаңбырдың астықтың сапасына кері әсер етуі мүмкін.
Егіннің сапасы оның уақытылы пісуінде әрі жауын-шашынға тигізбей дер кезінде қамбаға құйып алынуында. Өткен жылы кейбір аудандарда кемшілікке жол берілді. Даладан тасымалданған астық қырман басында күзгі жауын-шашынға ұшырап сапасын жоғалтып алды. Сондықтан, былтырғы жағдайды қайталамас үшін астық қабылдау кәсіпорындарында сақтау аспираторлық желілерін, астық тазалау және кептіру құрылғыларын, астық сақтау орындары мен қоймаларды жөндеу әрі тазалау жұмыстары ерте басталды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Жұмабек Әбуовтің айтуы-на қарағанда, облыста арнайы лицензиясы бар 62 астық сақтау кәсіпорны жұмыс істейді.
− Барлық элеваторлар мен қоймалар 4,1 миллион тонна астық сақтай алады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы құрылымдарында 1,9 миллион тонна астық сақтайтын қоймалар бар. Өңірдің астық қабылдау кәсіпорындары мен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінде тәулігіне 100 мың тоннадан астам астық кептіре алатын 229 астық кептіргіш жұмыс істеуде.
Биылғы егін орағында 2 және 2,5 миллион тоннаға жуық көлемде ылғалды астық түсуі мүмкін екенін есепке алсақ, астық кептіргіштер биылғы жылдың астығын уақытында кептіріп, сақталуы мен сапасын қамтамасыз ете алады. Облыс аумағында астық қабылдау бойынша өткір мәселе туындамауы мүмкін емес. Бұл жағы ерекше бақылауға алынған. Қазірдің өзінде облыстағы астық сақтау орындарының 38 пайызы биылғы жылдың астығымен толтырылған. Яғни, 900 мың тонна көлемінде құт қамбаға құйылды деген сөз, − дейді Жұмабек Әбуов.
Облысымызда жылдан жылға астық сақтау орындарының сыйымдылығы артып келеді. Оның ішінде кейбірі жаңадан салынып жатқан элеваторлар мен астық сақтау кәсіпорындары болса, енді кейбірі бұрын жұмыс істеп тұрған ұжымдар. Осы орайда, «KazGrain-Trade», «Зерновой двор», «Ақ бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 12 мың тоннадан, «Арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 30 мың тоннаға дейін қабылдай алатынын атап өткен жөн.
Мәселен, Шортанды ауданында астық қабылдап жатқан үш кәсіпорын бар. Олардың ішіндегі ең ірісі «Жер Ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі. Кәсіпорын жылына 110 мың тонна өнім қабылдайды. Құрылтайшысы «Нұр-Астық кз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылатын кәсіпорында дәл қазір 39,6 мың тоннаға жуық астық сақтаулы. Элеватор басшыларының айтуынша, мұнда былтырдан бері 132 мың тоннаға жуық бидай кептіріліпті. Кейінгі жылдары астық қабылдау кезінде еш қиындық болмаған.
− Бізде бір ғана мәселе туындады. Ол былтырғы ауа райының қолайсыздығы. Егін орағы енді қызған кезде жаңбыр жауды. Соған қарамастан, астық қабылдауда еш іркіліс болмады. Өзіміз өңдеп, кептіріп алдық. Астығын өткізгісі келген кез келген шаруаға түсіністікпен қарап, өнімін қабылдадық,–дейді элеватор директоры Радик Васин. «Жер Ана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биылғы астық қабылдауға қаншалықты дайын болды дегенге келсек, тамызда мұнда арнайы құрылған қабылдау комиссиясы элеватордың қуаттылығын, қабылдау көлемін толықтай анықтап, жақсы бағасын берді. Соңғы жылдары кәсіпорында құйылған инвестициялық қаржының арқасында элеватордағы қоймалардың төбесі мен аспирацияларды жөндеп, қоймалар тазаланды. Сондай-ақ, өңіріміздегі астық қабылдайтын кәсіпорындардың бірі − Бұланды ауданындағы «Макинск элеваторы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін алсақ, бұл мекеме 1930 жылы «Астық дайындау» базасының негізінде салыныпты. Элеватордың негізгі жұмысы астықты қабылдау, сақтау, тазалау, кептіру және тиеу қызметтерін көрсету болып табылады. Кәсіпорынның жалпы сыйымдылығы 82 мың тонна болса, оның 25 мың тоннасы элеваторлық, 57 мың тоннасы қоймалық сыйымдылық. Жаз айларында орақ науқанына тыңғылықты дайындалған кәсіпорын іркіліссіз жұмыс істеуде. Бізбен әңгімесінде кәсіпорынның директоры Анатолий Доронин биылғы жылдың астығын қабылдауда ешбір қиындық жоқтығын атап көрсетті.
− Жауын-шашынның шамалы болуынан, биыл кәсіпорнымызға астық көп түсіп жатқан жоқ. Әрі егін жылдағыдан аз. Ал, былтырғы жылы қуаттылығы 70 мың тонна элеваторға екі есе көп астық қабылдадық. Сол 100 мың тоннадан астам астықтың өзінде жұмыс еш тоқтамады, − дейді ол.
Осы күні егін орағы өрмек жүзінен ауғанымен, элеваторлар қақпасында бұрынғыдай астық тиеген көліктердің иін тіресіп тұрғанын көрмейсің. Өйткені, көп ірі шаруашылықтар астықты өздерінде сақтайды. Артылып жатса ғана элеваторға өткізеді. Ел ырыздығы алтын астықты қабылдауға жергілікті астық сақтау бекеттерінде орынның болуы диқандардың төккен маңдай тері зая кетпеуінің кепілі.
«Агример-Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Николай Казактың айтуынша, қоймалардың 50 пайызға жуығы толған. Сондықтан, астық тиеген жүк көліктері кезек күтіп қаңтарылып тұрмайды. Орақ науқаны ойдағыдай өтіп жатса да, диқандар алтын астықты жинауға ерекше күш жұмылдыруда. Қолда бар астықты шашпай-төкпей жинап алу ол шаруаның жылдағы әдеті.