Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көрерменді әсем биімен тамсандырған «Сердало» - АРҚА АЖАРЫ

Көрерменді әсем биімен тамсандырған «Сердало»

Ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту ісінде ауданымызда ингуш диаспорасының алатын орны зор. Ал, «Сердало» халықтық би ансамблі бұландылықтарға ғана емес, облысқа тіпті, республикаға жақсы танымал өнерлі ұжым. 

«Сердало» халықтық би ансамблінің тарихына үңілетін болсақ, ол осыдан 32 жыл бұрын сол кездегі Ленин атындағы поршень сақиналарын шығаратын зауыттың мәдениет үйінде құрылған екен. Ұжымның атауын қазақшалайтын болсақ, «сәуле», «шуақ» деген мағынаны білдіреді. Алғашқы жылдары оның құрамында негізінен мектеп оқушылары болыпты, уақыт өте ұжымға деген қызығушылық көбейіп, қатысушылардың қатары көбейді. Оның ең алғашқы көркемдік жетекшісі қазіргі уақытта Германияда өмір сүріп жатқан өнер майталманы Роза Бретер болды. Кейін оның орнына шұғылалы Кавказдан Зубейр Богатырев келіп, ұжымға жетекшілік жасады. Ол дарынды әрі үнемі шығармашылық ізденіс үстінде жүретін тұлға. Өзі би билеумен ғана шұғылданып қоймай, сырнай, балалайка, дабыл секілді музыкалық аспаптарда ойнайтын өнер иесі. Тәжірибесі мол жетекші шығармашылық ұжыммен белсенді жұмыс істеп, ансамбльдің орындаушылық шеберлігіне қол жеткізді, ұжымның репертуар қоржынын әр алуан шығармалармен байытты. Ыждаһаттылықпен жұмыс істеудің нәтижесінде ұжым аудандық, облыстық, республикалық байқауларда лауреат атанып, облыстық мерекелік концерттерде өнер көрсететін болды.
Ингушетия ежелден өздерінің биші ұжымдарымен атағы шыққан ел. Ән айту мен би билеу ингуштардың өмірінде маңызды орын алады, олар тек мереке кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де би билеп, ән айтады.  Немістің белгілі  композиторы Рихард Вагнер «барлық өнердің ішінде ең маңыздысы – би өнері»  деген екен. Сондықтан да болар, ингуштардың халықтық билері – олардың сан алуан және төл мәдениетінің маңызды бір бөлшегі саналады. Кавказдықтардың мәдениетін жақын білу үшін ең алдымен, олардың халықтық билерін үйрену керек. Бидің бойында сол халықтың мінез-құлқы, болмысы, темпераменті мен рухы, адамгершілік қасиеттері, тарихы, барлығы айқын көрініс беріп тұрады деген де пікір бар. Олай болса, қиырдағы Кавказдың өзіндік бір үлгісі – Бұландыдағы «Сердало» ингуш халықтық би ансамблі деуге болады.
1993 жылы ұжымға «халықтық» атағы берілді. Осы жылдар аралығында ұжым өзінің шығармашылығымен ауданның ғана емес, облыстың және республиканың мәдени өміріне айтарлықтай үлес қосып келеді. Олар Алматы қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының фестивалінде, Астанада ашылған шешен-ингуш халқының мәдени орталығында, Көкшетау қаласында өткен облыстық халықтық би фестивалінде, облыс орталығындағы өңірімізде өмір сүріп жатқан халықтардың татулығы мен достығын нығайту, өзара сыйластық пен мәдени жақындастыққа арналған  шешен-ингуш мәдениеті күндерінде де жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменінің ыстық ықыласына бөленді.  
«Сердало» –  ұжым мүшелері өмірінің бір бөлшегі. Ұжымның әр мүшесі негізгі жұмысынан тыс, ал оқушылар сабақтан кейінгі уақыттарын аудандық мәдениет үйінде өткізеді. Мұнда олар кезекті концерттерге дайындалып, жаңа сипаттағы билерді талқылайды. Қазіргі уақытта ұжым құрамында отыз адам бар. Олардың көбі мектеп оқушылары мен жас-тар. Ансамбльдің ең жас қатысушылары халықтық ұжымның ұрпақтар сабақтастығын айқындайтын балабақша бүлдіршіндері.  
Бүгінде аты шыққан танымал ұжымға қырық жылдан бері өмірін мәдениет саласына арнап келе жатқан Раиса Гагиева жетекшілік етуде. Ол халықтық би ұжымына жаңа образдарды ойлап табу жолында үнемі ізденіс үстінде жүреді. Бұл жерде ол басты назарды ұжым қатысушыларының кәсіби шеберліктерінің өсуіне ғана емес, адамгершілік тәрбиесіне де бөлгенді жөн санайды. Өзі жетекшілік еткен уақыт аралығында жастардың төрт легін тәрбиелеп, бидің қыр-сырына үйретіп, өз қияларына ұшырды. Қазір олардың көбі Қазақстаннан тыс жерлерде, өзге мемлекеттерде тұрып жатыр. Өздері тәлім-тәрбие алып, қанаттанып шыққан ұжымдарымен байланыстарын үзген емес.
Ансамбльдің негізін қалаған ардагерлер ішінде Исса Мамилов, Исса Холухоев, Астанаға қоныс аударған Илихан Итаров, Алматыға кеткен Лиза Хутиева, Абу Цечоев, Макинск қаласында тұратын Зухра Олигова секілді өнер майталмандары бар. Олардың көбі бүгінде ұжымның өмірін қадағалап, қолдан келген көмектерін беруде, жас қатысушыларға өз білгендерін үйретуде.
Жас және белсенді бишілерді көрермен қауым қашан да асқан ықыласпен қарсы алады. Олардың арасында М.Цулоев, ағайынды Евлоевтар, И.Мерешков, Г.Измайлов, Б.Хутиев, Л.Чахкиева, З.Добриева және басқалары бар. Ұжымда тек ингуштар ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де бар болғаны еліміздегі ұлтаралық татулық пен сыйластықтың белгісі. Н.Максименко, Л.Плюсова, К.Темкина, Е.Әбдірахманов, В.Маликова, З.Доскиева, М.Измайлова, С.Гюызалова сияқты майталмандар Кавказдың халықтық билерін тамсандыра билегендерін көріп, таң қалмасыңа болмайды. Мектеп қабырғасында оқып жүргеннен бастап «Сердало» ансамблінің мүшесі болған Тамара Ведзижева өзінің қызметін мәдениет саласымен байланыстырып келеді және қазіргі уақытта ансамбльдің хореографы болып жұмыс істейді.  
Ансамбльдің көркемдік жетекшісінің айтуынша, ұжым мүшелері мұнда тек ұлттық салт-дәстүрге, әдемі билеуге ғана емес, сымбаттылық пен әсемдікке үйренеді. Ұжымның әр мүшесіне оның атауына сай өмірлерінің шуақты күндері мол болғай дейміз.

Айгүл  АМАНЖОЛОВА.

Бұланды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар